Сарапшылар: 2025 жылдың аяғында 1 АҚШ доллары 507 теңге болуы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 11 нояб. 2024 11:59 1277

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) Аналитикалық орталығы 2024 жылғы қарашадағы кейбір индикаторлар бойынша қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижесін жариялады. Ондағы болжамға сәйкес, келесі жылдың аяғына қарай теңгеге шаққанда бір АҚШ долларының құны 507 теңге болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бір айда инфляцияның екі есе үдеуі (қыркүйекте 0,4%-дан қазан айында 0,9%-ға дейін) және оның өзгерісіндегі жоғары амплитуда базалық сыйақы мөлшерлемесінің төмендеу цикліне оралуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты қаржы нарығы сарапшыларының басым бөлігі (75%) Ұлттық банк 29 қарашадағы алдағы отырысында базалық сыйақы мөлшерлемесін 14,25% деңгейінде қалдырады деген пікірде, ал қалған бөлігі (25%) 14,0%-ға дейін төмендетуі ықтимал", деп болжанады Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) ұсынған экономикалық талдауда

Тұтыну бағасы индексінің екпін алуы болашақ инфляция көрсеткішінің нашарлай түсетінін байқатады. Бір жылдан кейін күтілетін инфляцияның орташа көрсеткіші қазан айындағы 8,1%-дан 8,4%-ға дейін өсті. Бұл жағдайда базалық сыйақы мөлшерлемесінің екі таңбалы мәні келесі 12 айда да сақталады және ол 13%-ды құрауы мүмкін (қазіргісі - 14,25%).

"Осылайша, бір жылдан кейін экономикадағы нақты пайыздық мөлшерлемесі  4,5%-ы құрап, әлдеқайда төмендеуі мүмкін (қазіргі мәні - 5,75%). Нақты сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі, мұнай бағасының арзандауы, импорттың үздіксіз өсімі (инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында), сыртқы борыш бойынша жүргізілген ірі төлемдер (2025 жылы Қаржы министрлігінің еурооблигациялары бойынша 2,5 млрд доллар өтеу күтіледі) ұлттық валюта бағамына қысым көрсетуі мүмкін: бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы қарашада теңгеге шаққанда 1 АҚШ доллары  507,1 теңгеге болуы мүмкін (+ағымдағы 3,1%). Алайда, келесі айда, яғни жылдың соңында ол 487,1 теңгеге дейін төмендеуі ықтимал (қазіргі бағам -  491,8 теңге/доллар). Бұған тоқсандық салық кезеңі және Ұлттық қордан ақша шығарып, оны шетел валютасын сатып алу  (қараша айында - 1,5 млрд доллар) шаралары түрткі болмақ", - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

 

Бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі АҚШ пен ОПЕК+ тарапынан шикізат ұсынысының ұлғаюы, әлемдік экономикадағы жоғары ставкалардың мұнай сұранысына теріс әсері сынды болжамды жағдайларға байланысты 77,4 доллар (бір ай бұрын — 78,9 доллар) деңгейінде бажайланады.

"Энергоресурстардың арзандауы, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен инфляция, әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда-саттық қатынастардың нашарлау ықтималдылығы ҚР экономикасы өсіміне кері әсерін тигізуі мүмкін: 2025 жылдың қарашасындағы ЖІӨ-нің өсімі 4,4% - дан 4,3%-ға дейін төмендейді (2024 жылдың 9 айында - 4%)", делінген зерттеуде.

ҚҚҚ аталған зерттеуде қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдерінің, талдау және қазынашылық бөлімшелер қызметкерлерінің пікірі ескерілгенін еске салады. 

Бұған дейін біз Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков 1 АҚШ долларының қазіргі нақты құны 600 теңге болуы тиіс, алайда Ұлттық банк бұл процесті тежеп, шешуші қадамдарға бара алмай отыр деп айтқанын жазған болатынбыз

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости