Саранда шығатын шиналардың сапасы халықаралық стандартқа сай

Жарбол Кентұлы 24 июн. 2024 12:40 2366

Қарағанды облысының индустриялық дамуын жаңа белеске шығаратын өндіріс орны ашылды. Ол Саран қаласындағы шина зауыты.  Осыдан үш жыл бұрын басталған жоба отандық экономикаға үлес қосуға дайын тұр. Қазақстанда жасалатын автокөлік шиналарының сапасы мен өндірілетін тауардың нарыққа қалай шығатындығын өз көзімізбен көріп қайттық. 

Осыдан үш жыл бұрын Қарағанды облысының Саран қаласында қуаттылығы жылына 3,5 млн шина шығаратын зауыт салу басталған болатын. Ауқымды жобаға құйылған қаражаттың көлемі де аз емес.  Жалпы құны 228,9 млрд теңге болатын шина зауытының 140 млрд теңгесі (58%) шетелдік инвестиция есебінен тартылған.

Өндіріс кезеңнің барысында шикізатты дайындау, қоспаларды әзірлеу, шинаны жинаудан бастап вулканизацияға дейінгі сапаны бақылау, барлық технологиялық процестерді бірыңғай реттік жүйеде жүзеге асыратын толық циклды қамтиды. Зауытта 800-ге жуық жабдық орнатылған.

Зауыт директоры Радий Бургановтың айтуынша, зауыт өнімдері тек шина өндіріп шығара салу емес, жолдағы қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі болуы керек. Бұл ретте Германия мен Чехия автобандарында беріктігі қатаң сыналатын зауыттың әрбір шинасы нарыққа шықпас бұрын елеулі тексерістен өтеді. Халықаралық стандарттарға сәйкестігі, сертификатталуы әр шинаның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік бермек. 

- Біз шинаның сапасына ерекше назар аударамыз. Шинаны жасағанға дейін біз барлық сыртқы бөлшектерін қараймыз. Шиналар жол қозғаласына түскен сияқты толық жүктемеде арнайы стендке салынады. Жүк көліктері үшін бізде тағы бір ерекше тексеру бар -  бұл рентген. Әрбір шина рентген аппаратында тексеріледі. Автокөліктер автобандарда өте жылдам жүретінін ескерсек, сапаға ерекше назар аударылады. Маусым айынан кейін 15-16 дюймге дейінгі жеңіл шиналар  шығарылады. Жалпы алғанда, шиналар 14-тен 20 дюймге дейін болады. Яғни, бұл Қазақстанда жеңіл автокөліктерге арналған алғашқы шиналар. Ал жүк көлігіне 17,5-тен 22,5 дюймге дейін шығарылатын болады, - дейді зауыт директоры Радий Бурганов.

Зауыт өнімдері "Attar" брендімен шығарылады. БҰҰ қауіпсіздік Ережелеріне сәйкестігі туралы Еуропалық сертификат (технология мен сапаны мақұлдау) және техникалық регламентке сәйкестігі жөнінде сертификат алып үлгерген. Атап айтқанда өндірістік алаңды сертификаттау сәтті жүргізілген және ISO 9001: 2015 сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты берілген. Яғни,  шиналар мен өнімдерді өндіру технологиясы сертификатталған және халықаралық стандарттардың талаптарына толық сәйкес келеді.

- Бұл өте тынымсыз еңбек. Біз осы жылдың ақпан айынан бастадық және бүгінде 60% шегінде тұрмыз. Желтоқсан айында екінші сертификат алуды жоспарлап отырмыз. Мүмкін сәл ертерек те қол жеткізуміз мүмкін. Менің білуімше, Нижнекамск зауыты, Ресейдің өзінде де бұл шаруа ұзағырақ өтті. Ең бастысы біз табысты еңбекке жетуге үйренгенбіз. Сондықтан біздің жетістігіміз - елдің жетістігі. Себебі бұл Қазақстан Республикасының алғашқы шина зауыты. Біз үшін бұл қазір өтіп жатқан үлкен емтихан. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін бұл зауыт Қазақстанның бетке ұстар жобасына айналады, - дейді Бурганов.

Өндірістік жұмыс жоспары бойынша зауыт биыл 1 миллион шина өндіруді көздеп отыр. Зауыт өнімін ішкі нарыққа, отандық автокөлік зауыттарына және экспортқа шығаруды мақсат еткен.      

Кәсіпорын жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасап, олардың әлеуметтік және кәсіби дамытуына ден қойған. Қазіргі уақытта зауытта 530-дан астам қызметкер жұмыс істеп жатыр. Өндіріс толық қуатқа қосылғанда олардың санын 1 125 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Еңбеккерлердің орташа айлық жалақылары 366 мың теңгеден асады.

- Бұл жай ғана зауыт емес, бұл ұлттық прогресс пен өнеркәсіп күшінің символы. Бұл Қазақстанның мақтанышы. Басынан бастап аяғына дейін шиналарды жаңадан жасайтын алғашқы зауыт. Бұл жай ғана өндіріс емес, бұл ел болашағы мен экономикасы үшін құрылған өндіріс, - деді индустриялық алпауыт басшысы Радий Бурганов.

Кәсіпорын басшылығы әрбір қызметкерді қолдауға және дамытуға, жайлы әрі нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасау міндетіміз дейді. Өйткені қызметкерлерге қамқорлық көрсету, олардың әл-ауқатын арттыру компания  болашағының табысты кілті екенін түсініп отыр.

 


Рекомендовать
Последние новости