Ресейге кіру тәртібі өзгермек. Қазақстандықтарға бұл қалай әсер етеді?

Қаракөз Амантай 24 июн. 2025 11:37

2025 жылдың 30 маусымынан бастап 2026 жылдың 30 маусымына дейін Ресей шетел азаматтарының елге кіру және шығу тәртібіне қатысты жаңа ережелерді
сынақтан өткізеді. Алайда бұл талап Қазақстан азаматтарына міндеттелмейді. Екі ел арасындағы визасыз режим өз күшінде қалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандықтар нені білуі керек?

Жаңа ереже бойынша, Ресейге визасыз кіретін шетел азаматтарына Бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесіне (ЕСИА) тіркеліп, ruID мобильді қосымшасы арқылы елге келу туралы алдын ала өтініш беруге ұсыныс жасалады.

Қазақстан азаматтары үшін бұл жүйеге тіркелу міндетті емес. Олар бұрынғыдай визасыз, ешқандай қосымшаға тіркелмей Ресейге кіре алады. Сонымен қатар тіркеуден бас тарту шекарадан өтуге еш кедергі келтірмейді.

ruID жүйесінің артықшылықтары қандай?

Жүйеге тіркелу арқылы бірнеше қызметке онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік ашылады:

• Ресейлік мемлекеттік қызметтерді пайдалану
• Ресейдің SIM-картасын рәсімдеу
• Айыппұлдар мен салықтарды онлайн төлеу

ruID жүйесіне қалай тіркелуге болады?

1. ruID қосымшасын жүктеп алыңыз (2025 жылдың 24 маусымынан бастап қолжетімді);
2. “Госуслуги” аккаунты арқылы тіркеліңіз немесе жүйеге кіріңіз;
3. Өтініште мыналарды көрсетіңіз:

• қай елден шығатыныңызды;
• сапар мақсаты мен мерзімін;
• Ресей ішінде баратын өңірлерді;
• егер бала еріп жүрсе – оның мәліметтерін (ата-ананың қатысуымен).

4. Биометриялық деректерді тапсырыңыз:
• бет-әлпет фотосы;
• төлқұжат фотосы;
• дауыс жазбасы.

Егер сіздің биометрияңыз Ресейде бұрыннан тіркелген болса, онда тек фото жүктеп, Госуслуги арқылы өтініш жіберуге болады.

Өтініш сапардан 72 сағат бұрын, бірақ 90 күннен ерте емес мерзімде берілуі тиіс. Ал шұғыл жағдайларда (мысалы, жақын туысының қайтыс болуы немесе ауыр дертке шалдығуы) құжаттармен расталған жағдайда 4 сағат ішінде өтініш беруге болады.

Шекарада не істеу керек?

ruID жүйесі арқылы тіркелген жағдайда, шекарадан өту кезінде өтініште көрсетілген құжатты көрсету керек. Қазақстан азаматтары бұл жүйеге тіркелмесе де, бұрынғыдай кедергісіз шекарадан өте алады.

Елге кірген соң 10 күн ішінде Бірыңғай биометриялық жүйеде (ЕБЖ) банк бөлімшелері арқылы тіркеуді толық аяқтауға болады.

ruID жүйесінің жұмысы және егжей-тегжейлі ақпарат Ресейдің Цифрлық даму министрлігінің ресми сайтында қолжетімді. Ал визамен, соның ішінде электрондық визамен кіру тәртібі өзгеріссіз қалады.


Рекомендовать
Последние новости