Ресейде өткен AtomSkills-2025 чемпионатында қазақстандықтар тоғыз жүлделі орынға ие болды

Қаракөз Амантай 10 апр. 2025 17:08 754

4 сәуірде "Екатеринбург-Экспо" халықаралық көрме орталығында AtomSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарысқа Ресей, Қытай, Түркия, Египет, Бангладеш, Оңтүстік Африка, Өзбекстан, Беларусь, Индонезия, Үндістан мен Қазақстаннан барған 2000-нан астам қатысушылар мен сарапшылардың басын  біріктірді. Халықаралық форматтағы дәстүрлі додада қазақстандық қатысушылар 9 жүлделі орынға ие болды. AtomSkills-2025 бәсекесіне қатысқан негізгі және студенттік лигалары бес күн бойы сынға түсті.

Жарысты ұйымдастырған «Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамындағы  кәсіпорындар мен  командалық  дивизиондар, сондай-ақ ірі компаниялар мен оқу орындарының өкілдері өз мамандығы бойынша үздік атануға күресті. Чемпионатқа қатысушы жоғары оқу орындары мен колледждердің саны – 70-ке дейін жетті. Бұл дегеніңіз техникалық және инженерлік салада кәсіби дамуға деген қызығушылықтың артып келе жатқандығын көрсетеді.

Айта кету керек, өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстаннан жарысқа  қатысушылар саны едәуір артқан. 2024 жылы екі қатысушы болса, 2023 жылы 3 маман бақ сынаған. Ал биыл олардың саны 19 адамға жетіп отыр. AtomSkills сарапшысы ретінде техникалық маманданудан бастап, қоршаған ортаны қорғау мен химиялық талдауға дейінгі түрлі салалар бойынша Қазақстаннан 6 кәсіби маман қатысты.

Чемпионаттың мамандық үлесі 44-ке дейін өсті. Олардың ішінде «Дәнекерлеу технологиялары», «Инженерлік жобалау», «Композиттер технологиясы», «Өнеркәсіптік автоматика», «Бағдарламалық роботтандыру», «CNC станоктарындағы фрезерлік жұмыстар» және басқада мамандықтар енген. Сонымен қоса демонстрациялық форматта жаңа бағыттар ұсынылды: «1С: Кәсіпорын платформасында бизнес-қосымшаларды әзірлеу" және "графикалық дизайн». Барлық конкурстық тапсырмалар өзекті салалық және халықаралық стандарттарға сәйкес келді.

Биыл AtomSkills төрт бірдей ауқымды көлемдегі іскерлік бағдарламадағы тақырыпты қамтып отыр:   «Кәсіптік бағдар», «Педагогикалық», «Кадрлық» және «Ата-ана». Осы тақырыптар аясында конференциялар, форумдар, шеберлік сабақтар, жобалық және талдамалық сессиялар өтті. Аталған салада технологиялық көшбасшыға айналып,  тұрақты дамуды қамтамасыз етуде кәсіптік білім беру жүйесінің рөлі негізгі тақырып болды.

Айта кетейік, AtomSkills ‒ «Росатом» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан жыл сайынғы жұмысшы және инженерлік кәсіптер чемпионаты. Чемпионат ‒ бұл жаңа буын арасында өзара білім мен тәжірибе алмасуға ықпал ететін, сондай-ақ мамандарды, студенттер мен оқушыларды Ресейдегі жұмысшылар мен инженерлік кадрларды даярлау мен дамытудың бірыңғай экожүйесіне біріктіретін кәсіби ортаны дамытудың құралы. Алғаш рет чемпионатқа 450-ге жуық сала мамандары мен сарапшылары қатысып 10 құзырет бойынша сынға түскен. Бүгінгі таңда бұл 44 құзырет, екі лига (кәсіпқойлар лигасы, студенттер лигасы) бойынша өткізіледі және 2000-нан астам кәсіпқойларды біріктіретін әлемдегі ең ірі чемпионаттардың бірі. Олар ‒ атом саласының қызметкерлері, оқу орындарының студенттері, сондай-ақ Ресейдің ірі өнеркәсіптік компанияларының командалары. 2023 жылдан бастап чемпионат халықаралық форматта өткізіліп келеді.

Ресейдің ірі компаниялары қызметкерлердің әлеуетін ашу бойынша мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастыруда. «Росатом» және оның кәсіпорындары ғылыми-ағартушылық бастамаларды қолдайды. Соның негізінде Ресейлік жоғары оқу орындарында базалық кафедраларды құруға, стипендиялық қолдау бағдарламаларын іске асыруға, студенттерді  жұмысқа орналастыра отырып, тәжірибе мен тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруға қатысады.


Рекомендовать
Последние новости