Ресей елге келетін қазақстандықтарға арнайы талап қояды: ІІМ қандай шара қабылдамақ?

Көркем Алдабергенова 18 июн. 2025 16:36

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ресейде енгізілетін жаңа шекаралық талаптарға байланысты пікір білдірді. Бұл өзгерістерді кейбір БАҚ "виза тәртібі" деп атап үлгерген болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер министрден Қазақстан Ресей азаматтарына қатысты шаралар қабылдай ма деген сұрақ қойды.

"Шаралар қабылданып жатыр. Біз халықаралық тәжірибеге қарап отырмыз. Ең алдымен ұлттық мүдделер басым болуы керек", – деді Ержан Сәденов.

Шешім халықаралық тәжірибе мен заң аясында қабылданады

Министрдің айтуынша, қандай да бір шешім қабылданар алдында өзге елдердің тәжірибесі мен Қазақстан заңнамасының талаптары ескеріледі.

"Егер шетелдік Қазақстанға келгісі келсе – мархабат, бірақ еліміздің заңдарына сәйкес барлық талаптарды орындауы тиіс. Шетелдік азаматтың елімізде қауіпсіз жүруі үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы қосымшалар бар, олар жұмыс істеп тұр. Біз де ұқсас шаралар қабылдаймыз", – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстанмен арадағы визасыз қатынасты күрт қиындатқанын жазған едік

Енді жаңа тәртіпке сәйкес, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап, қазақстандықтар Ресей аумағына кіру үшін алдын ала тіркеліп, арнайы QR-код алуы тиіс болады. Бұл өзгеріс Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді визасыз режим туралы келісім жасаған елдердің азаматтарына да қатысты. 

Ресей үкіметі қабылдаған қаулы бойынша, қазақстандықтар енді Ресейге жоспарланған сапарынан кем дегенде 72 сағат бұрын арнайы қосымша арқылы тіркеуден өтіп, сапар мақсаты мен мерзімін, жеке деректерін, сондай-ақ фотосуреттерін ұсынуы қажет. Төтенше жағдайда (жақын туысының ауыр сырқаты немесе қайтыс болуы) бұл мерзім жолға шығарға дейінгі төрт сағат бұрын уақытқа дейін қысқартылады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, тіркелу "Мемлекеттік қызметтер RuID" атты мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Дегенмен ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, аталған қосымша әзірге дайын емес. Сарапшылардың пайымынша, бұл қосымшаның жұмысы тек маусым айының соңына қарай іске қосылады деп күтілуде.


Рекомендовать
Последние новости