Режиссердің ақырғы күндері

Dalanews 28 июн. 2016 10:09 1130

(Басты беттегі суретте "Студент" фильмінде ақынның рөлін сомдаған Едіге Болысбаев)

   «Шаңырақ» фильмін алғаш көргенім әлі есімде. Қатты әсер еткені соншалық, қайталап бірнеше рет көргенмін. Онда әрине, фильм режиссерінің кім екеніне назар аударғаным жоқ. Бас кейіпкер Ерлан мен Майраның арасындағы сәтсіз махаббат қатты опық жегізіп еді. Басына түскен жаланы нағыз азаматша көтеріп,  өз махаббаты үшін күрескен Ерланның образы қайран қалдырған. Негізі, Майраның да еш кінәсі жоқ-ты. Бар пәле оның нағашысы мен шешесінен  еді.  Оны соттатқан да солар болатын.  Майра болса өз махаббаты үшін күресе алмады.  Дұрысы – шешесінің айтқанынан аса алмады. Ал Ерлан темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Ақыр соңында Ерлан жазасын өтеп, туған жеріне оралып,  жаңа өмір бастады. Кешігіп болса да адалдық пен әділдік бәрібір салтанат құрды.  Ерланға деген махаббатын жүрегінде сақтаған Майра өзін-өзі мерт қылды.  Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің айғағы махаббат пен сенім екенін кино сәтті алып шыққан.   

      «Шаңырақ» фильмін көргеннен кейін атақты режиссер Сұлтан Қожықов: «Едіге, сен біздің арманымызды орындадың» деген екен. Бұл әділ әрі нақты баға еді. Ақиқат жоқ жерде ештеңенің де мәнінің жоқ екенін жас режиссер кинодағы  алғашқы  қадамымен-ақ  дәлелдеген болатын. Бірақ өз өмірі қасірет пен қайғыға толы болатынын ол кезде қайдан білсін. Әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкеріміз – режиссер Едіге Болысбаев.  

[caption id="attachment_16939" align="alignright" width="405"]hqdefault "Шаңырақ" фильмінен бір көрініс[/caption]

 Әлқисса! Әуелгі әңгімені бастамас бұрын сәл шегініс жасауға тура келіп тұр...

2011 жылдың қарашасы. Түс мезгілі болатын. Ақын Әмірхан Балқыбек қоңыраулатты. 

– Таксимен бара жатырмын, күтіп ал, – деді.  Ар жағы түсінікті еді. Алғы шепке аттанар жауынгердей сергек, шалт қимылдайтын Әмірхан ағамның екпіні қатты. «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы ай сайын мектеп оқушылары арасында түрлі-түрлі байқаулар ұйымдастыратын. Әмірхан Балқыбек сол байқаулардың тұрақты әділқазыларының  бірі еді. Басшылық та Әбекеңнің білім-білігін ескеріп, қомақты қаламақы тағайындап, облыстардан келген оқушыларға тәуелсіздік жылдардағы әдебиет туралы шеберлік  сыныптарын өткізіп тұруға келісімшарт жасасқан. Кезекті қаламақысын алуға келген беті еді. Кассаға ертіп бардым. Шаруа ретке келді. Әбекең жас балаша қолды-аяққа тұрмайды. Ұшып  кететіндей  асығыс. «Аялдасаңызшы, кабинетке жүріңіз, шай ішейік», – деген өтінішіме елең етпеді. Шылымын қайта-қайта сорғыштап!

– Тез жинал, мен сені ұлы қазақпен таныстырамын, – деді.

– Жұмыс қой, – деп едім.

– Таста жұмысты, ештеңе етпейді, есесіне ұлы қазақпен танысасың, – деді.

– Ол кім? – дедім тағатым таусылып.

– «Шаңырақ» фильмін көріп пе едің?

– Иә, көргенмін!

– Сол киноның режиссері – Едіге Болысбаев деген ұлы қазақ.  Болат Жетекбай

 екеуі «Қазақфильмде» күтіп отыр. Мен ақшаға келдім. Тез жинал, – деді бұйыра сөйлеп. Таксимен жетіп бардық. Бұлың көшеге орналасқан жұпыны кафе екен. Көк түтіннің арасында отырған Едіге Болысбаев пен Болат Жетекбаевқа біз барып қосылдық. Сан қайталап көрген «Шаңырақ» фильмінің режиссерін дәл осындай жағдайда көремін, танысамын деп ойлаппын ба?  Әбден шаршағаны көрініп тұр. Мұңға толы жанары мүсәпір күйге түскенін кім-кімге болса да тез ұқтыратындай. Тесіліп қарағанда көзі өңменіңнен өтеді. Киімі де жұпыны, қатты қызып алыпты. Барылдаған дауысымен «Балқадишаны» озандатады. Шынымды айтсам, оны көргеніме өкіндім. Көңілім сап басылды. Кетіп қалуға оқталсам да, кете алмадым. Бір кезде алдындағы шайтан суын кеңірдегіне жүгіртті де: «Бала кездегі арманым әнші болу еді. Консерваторияда оқуды армандайтынмын. Арманым болған консерваторияға да келдім. Мәскеуден келген профессор Соколов талапкерлерді қабылдап жатыр екен. Менің  жасымды сұрады да, бір жылдан кейін кел, әлі жассың.  Дауысың өзгеруі мүмкін деді, содан қара жұмысқа жегілдім. Әнші болу арманым да  далада қалды», – деді өткен өміріне барлау жасағандай мұңая сөйлеп. «Менің әкем консерваторияда оқыған. Мамандығы бойынша әртіс болу керек еді. Бірақ, өзі шопыр болуды қалады». «Ал мен режиссер болдым. Мендей режиссер көп емес. Мені тіршілігімде пайдаланып кино түсіріп қалу керек. Мені қазір «бомж» деп «Қазақфильм» қашады. Маңына да жолатпайды.  Мен жай жүргенім жоқ. Қазірдің өзінде бірнеше сценарийлерім бар. «Қазақфильмнен» басқа студиялар шақырса барамын», – деді. Тұрақты мекен-жайы жоқ «қаңғыбас» атанып жүрген адамның «сценарийлерім бар» деген сөзіне сенбедім. Бірақ әлі де болса отбасымен қосылып, тату-тәтті ғұмыр кешкісі келетіні анық байқалады. «Әкең жынды болса байлап бақ» деген халық емес пе едік? Бүгінгі ұсқынсыз күйіне жиіркене қарап, ат-тонымызды ала қашуымыз адамдыққа, имандылыққа жата ма? Сол әкенің қанынан жаралған перзенттерінің асқар тауларынан теріс айналғаны кімнің де болса көңілінде үрей тудырары күмәнсіз.  Капиталистік қоғамда адамға адам қасқырша қарайды деген тегі расқа айналғаны ма?..                                                                                            

[caption id="attachment_16938" align="alignright" width="377"]227808 Едіге Болысбаевтың ақырғы күндері[/caption]

                                                                                    ***

        Шеңберге сыймай отырған бізге даяшылар көп ескерту жасады. Режиссердің «әнінен» бәрі мезі болған сияқты. Оны біз де сабырға шақыра алмадық.  Әмірхан досын қалжыңмен қажап отырған  Болат Жетекбаев бір кезде  маған бұрылып: «Қазір бәріміз Сұлтан Қожықовтың асына барамыз», – деді. Азар да безер боп бармаймын дегеніме көнбеді.  Оның үстіне Әмірхан аға да біраз жерге барып қалды, күн суық. Жер көктайғақ мұз. Не болса да қастарында жүріп, үйлеріне жеткізіп салайын деп шештім. Қателеспесем, «Сұлтан» мейрамханасы. Шақырылған қонақтай елден бұрын барып алыппыз. Бұл кештің шын мәніндегі қонағы – Болат Жетекбаев. Себебі, «Қазақфильмде» қызмет істейді. Қарауылға  асқа келгенімізді айтып ішке кірдік. Үшеуі үш жаққа тартады. Ақыры, шылым тартатын болып тысқа шықтық. Қалт-құлт етіп жүрген Едіге Болысбаев есіктен аттай бере шалқасынан құлады. Онсыз да берекесі кетіп, әрең жүрген режиссердің мазасы қашты. Бұл ортаға отыруға ықыласы жоқ екенін әу баста-ақ  байқағанмын. Мен қосылмай тұрғанда үшеуі бірге келуге уағдаласқан екен, айтуларына қарағанда. Бір кезде Едіге ағай бізді адастырып кетті. Қолдың басындай кішкене қара телефонын қалтасынан алып: «Нөмірімді жазып ал, хабарлас, сұхбат беремін», – деген. Қаншама рет хабарластым. Өшірулі болды... Мен  ішке кірмедім. Сыртта  Әмірхан ағаны күттім.

     Арада біраз күн өткен соң Әмірхан аға сол кеш туралы өзі айтты. Бірақ үйіне қалай барғаны есінде жоқ екен. Халық әртісі Досхан Жолжақсынов: «Әмірхан, мен әртіспін бе деп жүрсем, сен менен өткен әртіс екенсің ғой», – деп, күлді деді. Мен де күлдім...

 

                                                                            ***

      Едіге Болысбаев – қатардағы көп пенденің бірі емес-тұғын. Мол талантын кемеліне келген тұста сарқып пайдалана алмады. 100-ге  жуық қысқаметражды  фильмдерін  былай қойғанда, қазақ киносына жаңа леп әкелген «Шаңырақ», «Ұлтуған» сынды көркем фильмдері арқылы кәсіби біліктілігін көрсетіп, жұрт есінде қалған  еді. Жазушы Сайын Мұратбековтің «Күсен-Күсеке» әңгімесінің желісі бойынша түсірген  қысқаметражды көркем фильмі тосындығымен көрермендер көңілінен шығып, тың белеске көтеріп еді режиссерді.   Ал бүгінгі көрген күні мынау. Қаңғыбастар  қатарында. Кім кінәлі? Бірақ оның осындай жолға түсуіне киноға деген үлкен махаббат болса керек. Журналист Назым Қыдырбайқызына берген сұхбатында: «Отбасыммен ажырасуға ақша себеп болды. Ол кезде несие деген бар болатын. Үйімді несие алу үшін кепілге қойып жаңа жұмыс бастаймын деп ойлағанмын. Бірақ сәті түспей осылай құлдырап кеттім. Пәтерімді алып қойды. Аллаға шүкіршілік етем, ол кезде балаларым өзімен-өзі болып есейіп кеткен. Содан бес жыл пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде менің жалақым көңілге қонымды, жақсы еді. Кейін жалақыны тағы өсірем деп жүріп, жұмыстан айырылып қалдым. Содан,  әйелім бұл қиындықты көтере алмай, екеуміз айырылысып кеттік», – дейді режиссер. Тіпті, көпқабатты үйлердің жертөлесін паналаған. Ағайын-туыс, дос-жараннан алыстап кеткен соң, шайтан судың күрмеуіне жіпсіз байланып қалған. Сол кезде оның талантын ескеріп, қолдаған адам болса аянышты күйге түспес пе еді, кім білсін? Басқа түскен қиындық, алпысты алқымдаған шағында бордай үгіп, бақытсыздыққа алып келді. Бәрінен де, аяулы жары, бауырынан өрген үш бірдей баласы теріс айналғаны жанына қатты батты. Сергелдеңмен  жүріп  Әлеуметтік бейімдеу орталығына 4 рет түскен. Қақаған қыста үсіп өліп қала жаздаған режиссерді орталық қызметкерлері  өз қамқорлықтарына алған. Жеке куәлігін де жасатып берген. Арада екі жыл өтсе де, Болысбаевты ешкім іздеп келмеген. Ақыры, қаңғып жүріп дүниеден озды. Оның өмірден өткенін балалары, тіпті, туысқандары да білмеген. Алматының іргесіндегі Боралдай  қорымына белгісіз адам болып  жерленген. 31 телеарна «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында мәселе көтергеннен кейін барып, режиссер Еркін Рақышев бас болып жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырған.

     Өкінішке қарай, адамгершілік құндылықтар ақшаның көлеңкесінде қалып, ар, атақ-мансаптың босағасында шіруге айналды. Өзімшілдік, немқұрайлылық желкемізге әбден мініп алған сияқты. Егер рухымыз өр, жігеріміз мықты болғанда Едігедей еріміз қаңғыбас атанып, айдалада көз жұмар ма еді? 

                                                                      

                                                                             ***

      Ұлы жазушы Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының негізінде түсірілген режиссер-сценарист Даріжан Өмірбаевтың «Студент» фильмінде Едіге Болысбаев ақынның рөлін сомдайды. Ол аталмыш фильмге актерлік қыры басым болғандығы үшін емес, өмірдегі бейнесі жақын болғандықтан таңдап алынғандай ойға қаласың. Бұл киноның сценарийі бүгінгі қоғамымыздың бет-бейнесіне қарай негізделген. Бірақ ақын рөлін сомдаған кішкене эпизод сәтті шыққан деп айта алмаймыз. Туа бітті режиссер ғой, актер емес.  Сол кинода ол ақын рөлінде төмендегі өлеңді оқиды.

Көбейіп бара жатыр сәтсіз адым,

Мен неге ережені көп бұзамын.

Талықсып, талаулаған жүрегімді,

Таң ата әрең үйге жатқызамын.

 

Мен неге сенбейтінге көп сенемін,

Өмірде не болды екен көксегенім.

Сенімсізге мен неге сырымды ашып,

Ұқтырам деп әуре боп өкшеледім.

 

Десем де адамдарды бөлмедім мен,

Адалдық жолдас еді жөргегімнен.

Мен  өлсем де, адалдық, сен өлмеші,

Ештеңе өзгермес мен өлгеннен.  

Иә,  Адалдық ешқашан өлмейді... Бұл жыр өнер үшін отқа күйген Едіге Болысбаевтың жанайқайы іспетті. Жақсылардың, таланттардың еңбегі кешігіп болса да өз бағасын алады. Әрине, салғырттықтан құтыла алсақ қана.

Ерғали  Бақаш, ақын


 

Рекомендовать
Последние новости