АҚШ Путинге кедергі бола ма?

Dalanews 28 июн. 2016 10:22 784

АҚШ пен Батыс әлемінің Ресейге қатысты көзқарасы қандай екенін көзіқарақты қауым жақсы білуі тиіс. Алайда көп жағдайда Ресейге қатысты сауатты, салмақты сараптамалар бізге жетпейді. Осы ретте АҚШ «The National Interest» журналында жарияланған материалды қазақшаға аударып бергенді жөн көрдік. Мақала авторлары қазіргі Кремльді оңдыртпай сынап, шын болмысын ашқан екен. Ендеше бастайық.

Анығында, Ақ үй (АҚШ-ты айтады – авт.) көп қателесті.  Сауатты саяси шешім қабылдай алмаған шығар, кім біледі...

Билл Клинтон Югославиядағы қанды соғыстың соншалықты ұзаққа созыларын болжай алмады.

Кіші Джорж Буш «Саддамды тағынан тайдырам» деп Иракка кірді. «Елге еркіндік әперем» деді.

«Мұндағы демократиялық жолмен сайланған кез келген Үкіметті шиіттер басқарады, Ирактың әлсіреуінен Иран ұтады» деген елдің сөзін елемеді.

Обама Ливияның көсемі Каддафиді биліктен тайдырды. Мұның арты хаосқа ұласты. Каддафиден де асып түсетін қауіпті исламдық экстремизмнің ошағы пайда болды.

Ал Украинадағы жағдай қалай өрбімек?

Мұның арты Америка мен Ресейдің айқасуына алып келе ме?

Иә, Америка айбынды.

Диктаторлар – Милошевичті, Саддамды, Каддафиді тағынан тайдырған дәл осы – Америка.

Қазіргі назары Ресейде.

«Ресейді әлемнен оқшауласақ, осы арқылы экономикасын тұралатсақ», – дейді.

Ақ үйдегілер: «Ресей әлсіз, ол әлем алдындағы абыройынан айырылып тынды» деп ойлайды.

Обама не дегенін білетін шығарсыз.  Ресейді «Ислам мемлекеті» және Эбола вирусымен бірге әлемге қауіпті қатердің қатарына қосқан Обама бұдан ерекше ләззат алады.

Иә, Ресей әзір әлсіз. Бірақ, ол Ливия да, Ирак та, тіпті жер бетінен жоғалып тынған Югославия да емес.

АҚШ Кремльдің ядролық әлеуетінің қаншалықты күшті екендігін әлі де бағамдай алмауда.

Мұның себебі мынада: Америка «Атом бомбасы әлемдік саясаттағы халықтарды қорқытып, үркітетін қару ретіндегі салмағынан әлдеқашан айырылған» деп есептейді.

Орыс олай ойламайды.

Ресейде АҚШ-ты жек көретіндер көп.

Бұл жеккөрініш халықтың ой-пікірінен-ақ аңғарылады. Орыстар: «Путин керек десе, ядролық қаруды қолдануы керек, басқаларға сабақ болсын...» деген пікірде.

Орыстар үшін ядролық қару әрі қалқан, әрі қанжар...

Путин мұны олар айтпақ-ақ біледі.

Біз сөзінде ол:

«Хрущев БҰҰ-ның мінберінде туфлиінің табанын тақылдатып тұрып алды. Бұл НАТО-ға қыр көрсеткені еді. Батыс әлемі мұны бірден түсінді: «Мынаны жайына қалдырайық, әйтпесе ракета жіберуі мүмкін. Сәл-пәл құрмет көрсетейік» десті. Алайда, КСРО құлады және Ресей баяғы айбарынан айырылды. КСРО құлағаннан кейін бәрі өзгерді...».

Кремльдің негізгі «ұраншысы» Дмитрий Киселев («Россия Сегодня» телекомпаниясының директоры – авт.) тіпті әріге кетті.

«Ресей – АҚШ-ты радиоактивті күлге айналдыра салатын жалғыз ел», – деді ол.

2014 жылы қабылданған Орыс әскери доктринасы былай дейді: «Ресей ядролық қаруды мұндай шабуыл жасалғанда емес, сонымен бірге Ресейге озбырлық көрсеткен жағдайда да қолдана алады». Қорқынышты, иә?

Анығында, Путиннің ашуына тиюі мүмкін екі фактор бар: Бірі – сепаристердің жеңілісі, екіншісі – Украинаның толыққанды НАТО-ға қосылуы.

Ол «сепаратистер жеңілуі мүмкін» деген сценарийге жол бермейтінін талай айтқан.

Неміс телеканалына сұхбат берген Путин: «Еуропа Украина билігіне осы елдің шығысындағы саяси қарсыластың көзін жоюға қалай ғана жол бермек?» – деді.
Бар мәселе мынада: егер ертеңгі күні АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетер болса. Путин өзінің «сыпайы» бетпердесін сыпырады. Украинаның шығысында соғысып жатқан өз әскерлерін ақтайтын болады.

Оның үстіне: «Айтқаным айдай келді. төңкеріс жасаған, Януковичті тағынан тайдырған, қазіргі Украина билігін қолдап отырған – АҚШ», – деп «ағынан жарылады».
Әзіргі НАТО-ның ең әлсіз жері – Балтық елдері. Оларды НАТО жарғысының 5-ші бабы қорғап тұр. Бұл Альянстың кез келген мүшесіне шабуыл жасалар болса, ендеше альянсқа шабуылдаған болып есептеледі. Шабуыл жасалуы мүмкін бе? Бәрі мүмін.

Айталық, орыстар Эстония мен Латвияға кірсе, АҚШ қайтпек? Аталған елдерді құтқарып қалу үшін өз әскерін жіберуге нақты әзір ме?

Ресей әлсіз, алайда өте ашулы...

Грэм ЭЛЛИСОН, Гарвардтағы Кеннеди мектебінің директоры.


Дмитрий САЙМС, National Interest орталығының жетекшісі


Рекомендовать
Последние новости