UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол апатына қатысты іс бойынша қорғау құқығы бар куәгер ретінде танылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаменті мәлімдеген. Жол апаты Мойынқұм ауданындағы тасжолда болды.
"Жол апатына байланысты тергеу аясында болған оқиғаның шынайы көрінісін анықтауға бағытталған барлық қажет процессуалдық шара жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар тағайындалды. Қазір бұл азамат қорғау құқығы бар куәгер ретінде куәлік етті. Ол қазір Алматы қаласындағы ауруханада. Тергеу нәтижелеріне байланысты оған қатысты қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады", – деді полиция.
Осы арада әлеуметтік желілерде Рахмоновтар отбасын қолдау мақсатында арнайы науқан басталып кеткен. Желі қолданушыларының айтуынша, әйел адамды жауапкершілікке тарту – Шавкат Рахмоновтың спорттық мансабына балта шабуы мүмкін.
Еске салайық, 27 шілдеде сағат 08:50 шамасында республикалық маңызы бар Алматы-Екатеринбург тасжолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 маркалы көлігінің жүргізушісі Қарағанды облысынан Алматы қаласына қарай келе жатып, тізгінге ие бола алмай, жол апатына ұшыраған болатын.
Жол апаты салдарынан екі адам қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілді.
"Бұл дерекке қатысты соталды тергеу басталды. Көлік арнайы тұраққа қойылды", - деп жазылған бұған дейінгі полиция хабарламасында.