Радикалды ағымдар ұлттық құндылықтарға неге қарсы?

Dalanews 15 июл. 2017 05:37 1186

Дінтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айнұр Әбдірәсілқызының төмендегі мақаласы біздің қоғам бет келген өте өзекті тақырыпты нақты талдауымен құнды. Ұлттық дәстүр мен сан ғасырлық құндылықтарға қарсы шапқан діни топтардың өкілдері қоғамдық ортада іріткі салуын, сол арқылы жас жеткіншек буынды адастыруын тыяр емес. Көлемді мақаланы газетімізге тұтастай беруді құп көрдік. Оқырман оқып, ойланар, әсіресе енді қоғаммен араласатын жастарға оқытып, ой түюіне септесер деген ниеттеміз.

 

Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Өз болмысында мораль мәселесіне баса мән беретін ислам діні рухани құндылықтарды пір тұтқан қазақ төлтума руханиятымен үндескенде, дін мен дәстүрдің асқақ адамгершілік ұстанымдарға негізделген қайталанбас бірегей сұхбаты қалыптасты.

Қазақ салт-дәстүрлері мен ислам дінінің астасуы жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан ашық сұхбат бар. Ол сұхбаттың іргесін кешегі атеистік қоғам – Кеңестер Одағы да ыдырата алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай сол табиғи сұхбатқа сына қағып, шабуыл жасау фактілері кездесіп отыр. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер салдарынан дәстүрлі құндылықтар күйреуге ұшырауда.

Қазіргі ақпарат кеңістігінде ислам діні мен қазақ дәстүрлерін мәдениеттер сұхбаты мен дүниетаным үндестігі аясында қарастыруға кері бағытталған мынадай тенденциялар байқалады:

- Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару.

- Қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу.

- Қабір зияраты мәселесін ушықтыру.

- Кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту.

- «Тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату.

 

  1. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырғысы келетін ислам атын жамылған радикалды ағым өкілдері тарапынан қазақты саналы түрде рухани тамырынан ажыратуға бағытталған әрекеттердің алғашқы сатысы.


Исламға дейінгі қазақ даласын исламға дейінгі араб өлкесімен салыстыру мүмкін болып табылмайды. Әрине, арабтардың исламға дейінгі тарихы тұлдыр емес, белгілі бір дәрежеде өзіндік мәдени жетістіктерге, әсіресе сөз өнерінде елеулі табыстарға қол жеткізген болатын. Дегенмен жалпыхалықтық дәстүрде қанды қанмен жуу, тұңғыш қыз перзентін тірідей көму, некеден тыс қатынастарды қалыпты жағдай санау секілді надандық ғұрыптар кеңінен таралып, ел өміріне үлкен ауыртпалық тудырғаны айқын еді. Сондықтан да бертінде араб халқында исламға дейінгі кезең «жаһилийа» – надандық дәуірі атанды.

Ал бүгінгі қазақ даласында исламға дейінгі дәуірде бірқұдайлық қағидалары мен ізгілік ұстанымдарына негізделген түркілердің төл діні – тәңірлік сенім салтанат құрып тұрды. «Обал», «кие», «құт» секілді қастерлі ұғымдар арқылы терең тамырлы рухани құндылықтарды қалыптастырған, ізгілік пен үндестікке негізделген тәңірлік сенімнің діліміздегі, дәстүріміздегі, мәдениетіміздегі іздері әлі сайрап жатыр.

Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» Көк Түрік қағанатының  мәдени жетістіктері де әлем өркениетінен өз орнын алды. Олардың адамгершілікті ту еткен мол рухани мұрасы бүгінге дейін сақталып жетті, ұлттық дүниетанымымызға негіз болып қаланды. Көк түріктерге дейінгі «тарихтың дырау қамшысы болған» сақтар мен ғұндардың даңқты тарихын да жасырып-жабу мүмкін емес.

Мұндай бұрыс ақпараттар, біріншіден, ел азаматтарының отаншылдық сезіміне сызат түсіріп, төл тарихына деген теріс көзқарас қалыптастырады. Екіншіден, рухани тамырынан алыстап бара жатқан қазіргі қазақстандық қоғам үшін ежелгі тарихын тұлдыр етіп көрсету күретамырын қырқумен бірдей қауіпті. Үшіншіден, исламдай ұлы діннің абыройын оған дейінгі жетістіктерді жоққа шығарып, жалған тарих жасау арқылы көтеру мүмкін емес. Керісінше сол жетістіктерді руханилықтың биік сатысына көтергені,  қазақ даласында белгілі бір тарихи кезеңдерде өмір сүрген діндер арасынан оқ бойы озып шығып, жеке-дара таңдалып, ұлт дініне, ата дінге айналуы исламның шын мәніндегі озықтығын айқындайды.

 

  1. Қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу– қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде қызмет етуде. Қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғатсыз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптау мүдделі топтар тарапынан белең алды. «Салт-дәстүрімізді ақылға қонбайтын, ғылым-білімге қайшы, сананы улап, дінсіздікке, имансыздыққа ұшырататын негізі жоқ ырым-сырымнан ажыратып алу керек, бұл ата-баба дәстүріне деген құрмет пен сүйіспеншіліктің көрінісі болмақ» деген жасанды ұрандар жекелеген БАҚ-тарда біршама жалаулатылды.


Келіннің сәлем салуы, әруақтарға құран бағыштау, көзмоншақ, тұмар тағу, тәсәссул жасау секілді қазақтың ізет пен құрметтен және ізгілік діні исламнан бастау алған игі дәстүрлері радикалды идеология жетегіне ерген қандастарымыздың сүйікті мысалына айналды. Осындайда қазақтың «Қарғыстың жаманы өзің білме, білгеннің тілін алма» дегені ойға оралады. Адам білмегенінің жауы. Білімсіздікті асқындыра түсуге мүдделі тарап тағы бар. Шариғатты дендеп білмеген, түстеп танымаған, рухын сезінбеген шала сауатты буын жалған ұрандар жетегінде өз ұлтынан жаттануда.

Осы орайда ең алдымен «ақылға қонбайтын, ғылым-білімге қайшы, сананы улап, дінсіздікке, имансыздыққа ұшырататын негізі жоқ ырым-сырымдар» қазақ мәдениетінде жоққа тән екендігін атап айтуға тура келеді.

Біріншіден, әрбір ырым-тыйымның негізінде тек сенімге қатысты ғана емес, ғылымға, әсіресе медицинаға қатысты да көптеген себептер бар екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Екіншіден, шариғатқа қайшы саналатын тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің қазіргі күні ғұрыптық (ритуалдық) жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кетті. Бірқатар ырымдардың негізінде көне тәңірлік сенімнің ізі бар екенін ешкім жоққа шығармайды, бірақ қазір мұндай  ырымдарды ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп жасамайды. Мысалы, ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан жасамайды, ата-баба дәстүріне деген құрметпен «бұрынғы-соңғының жолы» жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен қайырын Алладан тілеп, отқа май құяды.

Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым тікелей нанымның көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді наным-сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам шын ниетімен жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ «Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыздың да ұнатқаны хадистерде келтіріледі.

Қазақтың ырым-тыйымдары өзін-өзі тепе-теңдікке келтіріп, табиғи түрде жүріп жатқан үдеріс. Тағы бір ескеретін нәрсе – ырымды орындағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып, басқа дінге ауысып кеткен ешбір қазақ жоқ. Қазіргі қазақтың интеллектуалдық деңгейінің тәңірлік сенімге иланған бабаларынан айырмасы жер мен көктей. Жоғарыда айтылған ырым мен нанымға қатысты жайттарды бүгінгі қазақтың көпшілігі ажырата біледі.

Қазақы ырымдар күн санап тұрмысымыздан алыстап, жұтап, жойылып, тұтынушысы азайып бара жатыр. Заман ағымына ілесе алмаған талай ырымдар өз-өзінен қалып қоюда. Ал жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жанға дүниеге сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы.

Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес  ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Араб та, қазақ та ислам діні аясында дамып келе жатқан ұлттар, бірақ дәстүрлері қабыса бермейді.  Бір ғана баланың дүниеге келуіне байланысты кейбір рәсімдерді алайық. Арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Ешкім ешбірін шариғатқа шалыс деп айыптай алмаса керек.

Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан-анық. Көрнекіден көмескі жасап, сау адамды ақылынан адастыратын жалған үкімдер жасаушылардың түпкі ниеті – дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру.

 

  1. Қабір зияраты мәселесін ушықтыру.  Қабірлерге, әулиелерге зиярат ету – қазақ салт-дәстүрлерінің ықпалды бір бөлігі, ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие институты. Осы ықпалды институтты халықтың санасынан сылып тастауға тырысушылық дін мен дәстүр бірлігіне қарсы бағытталған іс-қимылдың мақсатты жеке бөлігі деуге болады. Бұл орайда радикалды ағым өкілдері «Ата жолы» секілді зиярат әдебін дүнияуи мақсаттарға пайдаланып, түсініспеушіліктердің туындауына себеп болған ұйымдардың іс әрекетінен туындаған теріс көзқарасты тиімді пайдалануда. Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстыруға күш салушы ағымдар бұл әрекеттерін асқан ұлтжандылық белгісі ретінде танытуға тырысып бағады. «Ұлт үшін күнәні дәстүрге айналдыру – құрдымға бет бұру болмақ. Осы тұрғыда ұлтымыз үшін үлкен қауіптің бірі – серік қосу күнәсі деп айта аламыз»,  «Азғырушы шайтанның адамның осал тұсын іздейтіні, қазақ халқының осал тұсы – әруақты сыйлағаны екендігі белгілі. Әруақты сыйлау орнына сыйынумен айналысатын серік қосушылардың шыға бастауы ұлт рухының дағдарысы болып табылады» деп басталған «қамкөңіл» әрі қызу насихаттардың, зиярат мәселесін ушықтыра түсу мақсатында көптеп дайындалып, таратылған өтірік шыны-аралас дыбыстық-бейне таспалардың, БАҚ және ғаламтор материалдарының соңы қабірлер мен құлпытастарды қирату әрекетіне әкеліп соқтырғаны көзі қарақты көпшілікке жақсы мәлім.


Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстыру қаншалықты қисынды дегенге келсек, қабірді зиярат етуге, әруақтарға құран бағыштауға исламның тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Бағышталған құран соңынан әрбір мұсылманның Алладан тілек сұрап, дұға ететіні белгілі жайт. Осы тілекті қабір басында айтқаны үшін ғана адамның әруаққа сыйынған болып саналмайтыны анық. «Серік қосу күнәсіне батты» деп айыптайтындай, кесенеге барып, қол жайып отырған адамның Алладан тілек сұрамай, әруаққа сыйынып отырғанын қалай дәлелдеуге болады?

Исламда ғасырлар бойы қабір зияратының біртұтас әдебі қалыптасқан. Неден бастап, қалай аяқтау, нені жасау, нені жасамау керек – барлығы белгіленіп, ара-жігі айқындалған. Түркі-қазақ даласына исламның алғашқы енген кезеңінен – VІІІ ғасырдан бастап зиярат әдебімен жергілікті халық етене танысты, оны ғасырлар бойы ұстанып, өз дәстүрі мен дүниетанымының  ажырамас бөлігіне айналдырды. Бұл жайында аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Мәселе мүдделі тұлғалар тарапынан қате ұғымдардың қасақана өршітіліп, толассыз уағыздалуында болып отыр.

Қабір зияратындағы бірқатар түсініспеушілік тауассул мәселесінің дұрыс ұғынылмауынан туындайды. Алланың көркем есімдерін, пайғамбарымыздың немесе тақуалардың құрметін дәнекер етіп, солардың құрметіне тілек тілеу үрдісі исламның бастапқы кезеңдерінен бар екені белгілі. Құран аяттарынан, Пайғамбар хадистерінен бастау алған бұл тауассул үрдісі өз кезінде пікір келіспеушіліктерін туындатпай қалған жоқ. Дегенмен дұрыс орындалған тауассулдің, яғни дәнекер етілушіден (пайғамбардан, әулие-тақуалардан) емес, жалғыз Жаратушыдан ғана көмек сұраудың шариғатқа қайшы іске жатпайтыны да талай ғұламалар тарапынан дәлелденген.

Қазір белгілі бір ағымдардың бел алып, зиярат мәселесінде сауатсыздықтың күшеюіне себеп болып отырғаны мәлім. Бірақ ол сауатсыздықты қасіретті қауіпке, ұлы дертке балаудың қажеті жоқ. Адам танымының шатасуы әсіресе қазіргідей идеологиялық-формациялық өтпелі кезеңдерде күшейеді. Бұдан шығудың жолы шабуылдау емес, ағарту, насихаттау жұмыстары болуға тиіс. Зиярат институтын түбегейлі жоюға тырысу әрекеті аса қауіпті. Өйткені зиярат институты жойылған жерде пайда болған рухани бос кеңістікті міндетті түрде әсіре деструктивті ағымдар жаулайды. Қазақта бұрын-соңды болмаған қабір қирату сұмдығы да осындай ойсыздықтардан туындады.

Құлпытастарды қирату оқиғалары – исламның бірігуге бастайтын кемел ілімін танып-түсінбеген азаматтардың бөлінуге итермелейтін алауызшыл ағымдардың идеологиясына бой ұруының ащы салдары. Шын мәнінде исламда қабірді қирату тұрмақ, оны аяқ асты етуге, үстіне отыруға, тіпті сүйеніп тұруға да тыйым салынатыны белгілі. Қабір әдебін сақтамауды былай қойғанда, оны қирату ісіне дейін бару сол әрекетті жасаушының рухани-адамгершілік тұрғыдан құлдырауының да салдары болып табылады.

Ұлттық негізден алыстап, дәстүрлі құндылықтарын құнсыздандырған буынның тобырлық психологияға бейім келетіні белгілі. Қазақ қазақ болғалы өз тарихын өзі талқандардай қасиетсіздікке бой ұрып көрген жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұстанымды үлгі еткен ұлттың бүгінгі буыны ата-бабасының мазарын қиратып жатса, мұны рухтың жұтауы, сананың жаттануы, тарихи тамырымыздан ірге ажыратудың көрінісі демеске лаж жоқ. Бұл ең алдымен ұлт ұрпақтарының рухани сабақтастығының жойылуына күш салып отырған мүдделі тараптар әрекетінің теріс нәтижесі екені күмәнсіз.

 

  1. Кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту. Бұл әдіс – қазақтың діни-ұлттық бірегейлігін жоққа шығарудың кешенді әдістемесінің бір бөлігі. Дәлірек айтқанда исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару, қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу, қабір зияраты әдебін Аллаға серік қосу күнәсімен байланыстырып ушықтыру әрекеттері күткендегідей нәтиже бермеген соң, насихатты басқа арнаға бұрудың бір жолы болып отыр. Бұл әдіс бойынша: «Қазақтың ежелден мұсылман болып келе жатқаны шындық (қандай мұсылман болғаны басқа мәселе), бірақ кешегі Кеңес үкіметінің дінсіздендіру саясаты салдарынан қазақ дінінен айырылып, сенімінен жұрдай болды. Дін үйрететін молдалар елден безіп кетті, бірде-бір мешіт-медресе қалмады, қысқасы халық жетпіс жылда барлық дін-иманынан айырылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ дінді жаңадан қабылдай бастады, онда да өз елінде дін білетін ешкім қалмаған соң, шеттен оқып келген азаматтардың арқасында исламға қайта бет бұра бастады» деген дақпыртқа иландыру белсенді түрде жүргізілуде.


Шын мәнінде жетпіс жыл тарих үшін көзді ашып-жұмғандай қысқа кезең екені белгілі. Кеңестік билік дінсіз дәуірді орнатуға бел шеше кіріскенімен 1930-жылдарға дейін қазақ даласында медреселердің жұмыс істеп тұрғаны таяу тарихымыздан мәлім. Қожа-молдаларды қудалау үдерісі де кеңестік билік көздегендей ақырына дейін жалғасқан жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өтпелі құндылықтардың халықтың рухын көтеруге қауқарсыз екендігін мойындаған кеңестік билік мәңгілік құндылықтарды қайта жаңғыртып, ел рухын көтеру, отан қорғауға жігерлендіру үшін дінге ерік беруге мәжбүр болды. 1943 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы құрылып, Қазақстанның аталған діни басқарма құрамына қазият ретінде енгені белгілі. Бұл қазақ дін зиялыларының азды-көпті ашық жұмыс жүргізіп, діни еңбектер жазуына, ғұрыптық рәсімдерді атқару, діни мерекелерді өткізу секілді шаралармен шектелсе де, белгілі бір дәрежеде діни қызметпен айналысуына мүмкіндік берді.

Екінші жағынан діни сенімнің сақталуы мен діни білімнің жалғасын табуы мешіт-медреселердің немесе ресми дін иелерінің қызметіне ғана тәуелді дүние емес. Дін – ұлттың болмысымен ғасырлар бойы тұтасқан рухани құндылықтар мен дүниетанымдық көзқарастар жүйесі, ол бір ғана дәуірдің дінсіздендіру әрекетінен жойылып кете салмайды. Сондықтан «Дін – апиын» деп жетпіс жыл ұрандағанымен, кеңестік кезең ұлтымыздың дін-тұғырын шайқалта алған жоқ. Намазын жасырын оқып, насихатын үзбеген, айтын ашық тойлап, жаназасын жария өткізген халықпен алысып жүріп-ақ Кеңес үкіметінің де дәурені өтті.

Үшінші жағынан кеңестік кезеңде қазақ халқының жасампаз рухани құндылықтарын дін дүниесінен көркем әдебиетке, өнер туындыларына, ғылыми мұраларға көшіріп, сол арқылы өскелең буынға дарыта білген, ел жадында жаңғыртқан ұлт зиялыларының жанқиярлық еңбегін де есте сақтау қажет.

Кеңестік кезеңді рухани тамырдан біржола ажыратқан тұлдыр дәуір ретінде суреттеу бүгінгі қоғамның дін ғұламасы өздері секілді көрінуге, дін тазасын өздерімен ғана байланыстырып, рухани ұстаздық тұғырын иеленуге, сол арқылы қазақстандық мұсылман үмбетінің ой-санасын  жаулап алуға жан салып жүрген радикалды ағым жетегіндегілердің кезекті құралдарының бірі.

 

  1. «Тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату.Барлық сәйкес жағдайлардағыдай бұл бағыттағы насихаттар да қазақтың төл тарихына шабуыл жасай отырып, байырғы сеніміне деген жек көрушілік сезімін ояту, сол арқылы ұлттық негізден алыстата түсу, өз кезегінде көнеден келе жатқан бірқатар әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге деген теріс көзқарасты туындату мақсатымен жүргізілуде.


Осындай мақсатты БАҚ көрсетілімдерінің бірінің сценарийіндегі «Қазір қазаққа үш жақтан шабуыл жүріп жатыр. Бір топ – бүкіл тарихымызды күстаналап, мұсылмандық тарихымызды жоққа шығарғысы келеді. Енді біреулері Тәңірші жасағысы келеді. Пұтқа, отқа табындырғысы келеді. Енді бір топ – қазақтың болмысына кереғар – христиандықты тықпалап әуре» деген үзіндіден аңғаруға болады.

Бұл орайда қазақтың мұсылмандығын теріске шығарушылар қатарында тәңіршілдердің келтірілуінің ешбір дәлелді негізі жоқ. Қазіргі Қазақстан қоғамында тәңіршілдік сенімінің ерекшеліктерін, қыр-сырларын зерттеп жүрген ғалымдар, табиғатпен үндес тәңірлік сенімнің артықшылықтары туралы көзқарастарды ұстанатын жекелеген тұлғалар бар, бірақ «тәңіршілдер» деген топтасқан ұйым да, діни ағым да жоқ, діни бірлестік те тіркелмеген. Тәңіршілдік идеяларын белсенді түрде насихаттау қоғамда көрініс тауып отырған жоқ.

Сондай-ақ осы сценарийде тәңірлік сенімді қолдаушылар жөнінде «батыстың демеуімен селкем сенім, шамандықты насихаттап жүр» деген әдістемелік тұрғыдан сауатсыз әрі сәтсіз анықтама қолданылған. Тәңірлік сенімнің исламға дейін қазақ даласына кеңінен тарағаны, оның исламмен астасқан мәдени және дүниетанымдық негіздері қазақ менталитетінде қазірге дейін сақталғаны белгілі. Сондықтан тәңірлік сенімді қолдау көзқарастарының батыстың демеуіне сүйенуіне рухани тұрғыдан қажеттілік жоқ. Керісінше «тәңіршілдік» деген қалыптаспаған ағымды қолдан қосып, ойдан дұшпан жасау – қазақтың исламға дейінгі дүниетанымдық тұғырларын күйретуге күш салушы ағымдардың мақсатты түрде іске қосып отырған ыдыратушылық тетіктерінің бірі деп санауға негіз бар.

Жалпы БАҚ-тарда оқтын-оқтын бой көрсетіп жүрген тәңіршілдікке қатысты даурықпа мәтіндер сауатсыздығымен, өзара байланыссыздығымен, қарабайырлығымен көзге ұрып тұрады: «Тәңіршілдік дегеніміз не өзі? Л.Гумилев бұған ежелгі түріктер мен моңғолдардың наным-сенімі мен дүниетанымының жиынтығы деп анықтама берген екен. Қайталап айтамыз... Наным сенім-жиынтығы. Демек, ол дін емес»; «Жә, Тәңірге сенді деген түп бабамыз түріктерге келейік. Өңгеден айырмасы, көпқұдайшылықты емес, бірқұдайшылықты ұстаныпты. Бұл да болса, оларға Жаратушы Һақтан елші келді деген болжамға болмашы болса да негіз. Бірақ, бұл – бар болғаны болжам. Тұтастай терістей де, тұтастай құптай да алмайсыз». «Әсілі, сол тәкфиріңіз бен тәңіршіліңіз шамамен бір ұғым, бір тарап. Әйтеуір, елді мұсылманшылықтан алыстату»; «Сол кезде, Түрік бабаларымыз да бұрынғы сенімін тастап, ың-шыңсыз мұсылмандықты қабылдаған жоқ па?», т.б.. Тәңіршілдіктің негіздерін, оның тарихи дәуірлердегі мән-маңызын, түркі-қазақ жұртының исламды қабылдау кезеңдерін дұрыс пайымдай алмай тұрып, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әйтеуір тұспалмен шабуылдай берудегі басты мақсаттардың ендігі бірі – қоғам назарын дін мен дәстүр бірлігіне сына қағып, діни-ұлттық бірегейліктен айыруды көздеген ашық дұшпандық бағыттағы ағымдардан аударып, ұсақ мәселелерге қарай бұру болып табылады.

Жоғарыда санамаланған негіздерден басқа радикалды  ағым жетегінде жүргендердің («идеологтарының» деуге сапасы келіңкіремейді) жаңа бір әдістемелік көзқарасы – күні бүгінге дейін өздері мойындамай келген қазақ халқының ежелден мұсылман екенін тану (мойындау), соның негізінде исламнан тыс өмір сүрудің мүмкін еместігіне сендіре отырып, исламдық мемлекет формасын насихаттау. Сонымен бір мезгілде исламның жергілікті өмір сүру формасын надандық ретінде танытатын идеяларды астыртын сіңіре отырып, дін тазасын өздері әкелгендігіне деген сенімді орнықтыру жалғастырылуда. Бұл орайда олар «мұсылман қазақ, христиан қазақ болып қатар өмір сүру мүмкін болмайды, бұл міндетті түрде ішкі соғысқа, апатқа алып келеді» деген идеяны сіңіруге тырысады. Әрине, соңғы құбылыстың салдарын оң бағалау расында да мүмкін болып табылмайды, бірақ бұл идеяны олар қазақтың мұсылмандығын сақтау мүддесіне емес, көпдінділік апатымен үркіту арқылы исламдық мемлекет формасын идеалдандыруға пайдалануда. Бұл әдістеме болашақта «таза ислам» мен «таза емес» ислам мәселесін сырттан таңылған емес, табиғи түрде іштен туындаған құбылыс ретінде көрсетіп, ушықтыру үшін жасақталып, насихатталуда. Екінші жағынан бұл әдістеме қазақы болмысқа тән мәмілегер мінезге (дінішілік және дінаралық қатынастағы) соққы беріп, күйрететін құрал ретінде қызмет атқарады.

Қазақ халқының діні, дәстүрі, дүниетанымы ғасырлар бойы өзара кірігіп, бөлінбес бірегей құндылыққа айналды. Дәстүрлі құндылықтардың сақталуы мен жандануы ұлттық болмысты сақтап, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ. Қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті. Мәмілегерлік келісімге қарай бір қадам артық жасаудан танылады. Бірақ мәмілегерлік – момындық та, төзімділік те емес. Ол – кеңдік (дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі), келісімпаздық, бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы. Оның шегі «Ашылып келгенге алақан, жұмылып келгенге жұдырық» қағидатымен белгіленген.

Қазақы болмыс шарттылықтарға төзбейді. Қазақ формаға емес, мазмұнға мән берген халық. Исламды қабылдауда да осы ұлттық ерекшеліктер көрініс тапты. Ұлт құндылықтары ұғымдардан танылады. Қазақы таным исламдық ұғымдардың бәрін бірдей қабылдаған жоқ. Өз болмысына жақын және исламның рухы үшін маңызды құндылықтарды екшеп қабылдады. Мысалы, қазақта «ғазауат» және «шәһид» ұғымдары кеңінен тарады. Себебі қазақ даласында исламның таралу кезеңінде сан рет ғазауат майданы жүрді, мың-сан шәһидтер дүниеден кешті. Ал «жиһад» ұғымы «қарулы соғыс» мағынасында ел ішінде таралған жоқ. Себебі қазақ үшін қарулы жиһад құндылық болып саналмады. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге тиіспей, жай жатқан елміз. Еліміздің шетін жау баспасын деп, Найзасына үкі таққан елміз» деп қаз дауысты Қазыбек би айтпақшы, ешкімге тиіспей, жай жатқан ел үшін қарулы жиһадтың халықтық деңгейде маңызы болған жоқ. Ал қорғану мақсатындағы қарулы күресті қазақ «жиһад» деп атамаған, себебі сырт халықты «кәпір» деп айыптап, онымен күресті жиһадқа балауға бейімділік мәмілегер мінезді, кең пайымды қазаққа тән болған жоқ.  Сонымен қатар қазақ тарихында өзге діндегілермен қатар мұсылман көршілермен де қақтығыстар орын алғанын ескеру қажет.

Қазақ жиһадтың өз болмысына сай келетін басқа мағынасына мән берді. Ол Пайғамбарымыз айтқан үлкен жиһад – нәпсімен күрес еді. Қазақ топырағында өмір сүрген барлық ғұламалар жазып, жырлап өткен нәпсімен күрес, жан тазалығы, ар ілімі, ақиқаттану тәжірибесі толығымен осы үлкен жиһадқа бағытталды. Бұл орайда қазақ «жиһад» ұғымын емес, онымен түбірлес «ыждаһат» сөзін пайдаланды, ал ыждаһаттылық негізінен ілім-білім үйренуге, ізгі істер жасауға деген құлшынысты білдіретін жағымды мағынада ғана қолданылды. Бейнелі түрде айтқанда, қазақтың жиһады – ыждаһат болатын, ол ілім мен ізгілікке бағытталды.

Әрине, «жиһад» ұғымын қарапайым халық қолданбағанымен, дін ғұламалары, діндар ақындар мен білікті ұлт тұлғалары бұл ұғыммен жақсы таныс болды. Олардың танымында орын алған «жиһад» ұғымы да кең мағынадағы қолданысын сақтаған. Екі мысалға ғана тоқталайық. Абылай ханға кезінде Қоқан ханы елші жіберіп: «Мына іргеміздегі орыс елі – жат дінді кәпірлер, біз бұларға қарсы тізе қосып, жиһадқа шығайық» деп қолқа салады. Сонда хан Абылай: «Мен қазақтың үш жүзінің басын қосып, береке-бірлігі жарасқан ел ете алсам, менің жиһадым сол» деген екен. Бұл – кешегі Елбасының бүгінгі күн үшін де маңызын жоймаған жиһад жайлы терең түсінігі.

Бертіндегі діндар ақындар арасынан Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қолданған «жиһад» ұғымына мән берсек:

Балалар, бос болмасын сабақтарың,

Жарқырар жаттасаңдар қабақтарың.

Жастықта жатпай тұрмай жиһад етіп,

Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін,

деп, ғұлама шайыр «жиһадты» дәстүрлі «ыждаһат» мағынасында, білім үйренуге күш салу мәнінде жырлаған.

Сөздік қорына «хижаб» деген сөзді енгізбеген, «иман» сынды исламның тіректік ұғымын сенім мәселесімен шектемей, ұлтымыздың болмыс-бітіміне, салт-санасына тән терең мағына дарытып, рухани құндылықтардың жиынтық ұғымына айналдырған  қазақы дүниетаным заманауи сын-тегеуріндер аясында күрделі қайта пайымдау үдерісін басынан кешіруде. Жаһанданудың қайырымсыз да қайтарымсыз үдерісінде қазақтың діни-ұлттық бірегейлігі рухани бастауларға оралып, ұлттық сананы қайта жаңғырту арқылы сақталмақ.

Ұлттық сананың жат идеяларға алдануынан ұлттың қорғаныс қабілеті әлсірейді. Ұлт трагедиясы түйсік пен сананың ажырап қалуынан туындайды. Дін мен дәстүрдің арасын айырып, бір-біріне қарсы қоюға бағытталған әрекеттер ұлт болмысын екіге жарудың амалы ретінде қауіпті. Болмысы екіге жарылған ұлтта болашақ жоқ. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі.

А.Әбдірәсілқызы, филол. ғ. к.

 

Рекомендовать
Последние новости