Құтқарушыларға қандай қолдау бар?

Dalanews 24 окт. 2023 12:55 1355

Тосыннан төнетін қауіп пен айтып келмейтін апат орын алғанда бірінші болып жететін – төтеншеліктер. Олардың қызметі жылдың төрт мезгілінде қауырт. Статистиканың өзі осыны айғақтайды. Төтенше жағдайлар қызметі іске кіріскен жылдардың төңірегінде «жанкешті мамандар» 1,6 миллионнан астам шақыртуға шығып, тапсырманы тап-тұйнақ еткен.

Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеледі екен, оның 15 мыңы – тілсіз жаудың шапқыншылығы. 1995-2023 жылдар аралығында физикалық ғана емес, психикалық жағынан да мықты өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 413 мыңға жуық адамды аман алып қалып, әртүрлі төтенше жағдайлар аймақтарынан 380 мыңға жуық азаматты эвакуациялаған. Қорқу қанында жоқ құтқарушылар  70 мыңнан астам зардап шегушіге дер кезінде медициналық көмек ұсынған. «Бейбіт күннің батырлары» соңғы жылдар шеңберінде 8 мың азаматты құтқарып, 20 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге алып шыққан.

Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Азаматтық қорғау саласында 26 мыңға жуық қызметкер бар. Олардың жұмысы қатерге толы. Жауапкершілігі зор, күрделі мамандық иелеріне құтқарушы деген атау тағылғаны да содан. Алғашқы орынға өзінің емес, өзгенің өмірін қоятын сәт көп мұнда. Өкініштісі, осының салдарынан өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде отқа да, суға да түскен 69 қызметкер ажал құшты.

Олқылықтың орнын толтыру, қатердің алдын алу, тозығы жеткен техниканы жаңартып, материалдық-техникалық базаны күшейтуден бөлек қызметкерлердің кәсібилігін жетілдіріп, әлеуметтік статусын көтеру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Елде азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша заң үстемдігін орнату күн тәртібінде.


Атап айтқанда, құтқарушыларға және құтқарушы функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлерге лауазымдық жалақысының 70% мөлшерінде денсаулық пен өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін қосымша ақы төлеу ұсынылды. Сонымен қатар бұған дейін авариялық-құтқару қызметін заманауи құралдармен жабдықтау бойынша 1,5 мыңнан астам техника мен 20 мың өрт сөндіру-құтқару құралдары алынған. 30-дан астам өрт сөндіру және  құтқару бекеттері салынды.

Бүгінде қай салада болмасын кадр тапшылығы өршіп тұр. Құтқарушы болуды қалайтын жастарды демеу өз алдына бөлек мәселе. Бұл ретте Үкіметаралық келісімдерді жүзеге асыру маңызды. Осы келісімнің аясында жыл сайын 20 қазақстандық курсант Ресей мен Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандандырылған шетелдік жоғары оқу орындарында шыңдалуға мүмкіндік алып отыр. Жыл сайын академиядан Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарын толықтыратын 100-ден астам түлек шығады. Биыл университетке алғаш рет курсант қыздар қабылданды, олардың ерлермен тең түсіп еңбек етіп, елге пайдам тисе деген мақсаты бар.

Қалай десек те, салада қарқын азаймай, айтып келмейтін апатпен айқасқа түсетін мамандарды қолдау жалғасса игі. Себебі, азаматтық қорғаныс ақсамау керек.

Рекомендовать
Последние новости