Құрметтің құны түсті. «Мәдениет саласының үздігі» кімдерге берілуде?

Dalanews 23 дек. 2018 17:37 3576

 Көпке топырақ шашпаймын, айтар ойымның еліне еңбегі сіңген, халқы құрметтеп, силы төрін ұсынып  жатқан зиялы қауымына, силы азаматтарына еш қатысы жоқ.

Сондықтан өзім қызмет жасап келе жатқан мәдениет саласын тілге тиек етемін. Осы «мәдениет саласының үздігі» кімдерге берілуде, және заң талаптары қаншалықты сақталуда? Бұған Қазақстан Республикасы Заңы не дейді?  

...

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 30 Жарлығының 7-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

"Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісі



  1. "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан, елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі, мәдениет саласын жетілдіруге белсене қатысқаны, мәдениет жүйесінде инновациялық қызметі үшін мәдениет саласында 15 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар мәдениет саласының қызметкерлері марапатталады.




Енді шамамыз келгенінше талдап көрсек, бұл жерде мәдениет саласын жетілдіруге «белсене қатысқаны» деген анықтама барлығына да «канал» болып тұрған сияқты, бұл есік бар болғанымен терезе де ашық деген сөз. Егер еңбек өтілің толмаса «жеке үлесіңді» көрсетіп «форточкадан» де кіре бер...

Оның үстіне 2011 жылы «МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ» деген атақ  тоқтатылып орнына соған теңестіріліп «МӘДЕНИЕТ ҮЗДІГІ» енгенін ескерсек, екінің бірі «қайраткер» болып шыға келген жоқ па?

Бұл үшін бұрыннан келе жатқан мәдени іс-шаралардың атауын өзгертіп, оны өз «инновациялық жоба» етіп көрсетіп, сол арқылы атаулы мерекелерде т. б үкімет тарапынан берілетін мерейтой төсбелгілерін ретін тауып кеудеңе тақсаң да жетіп жатыр. Барлығымыз да адам баласымыз, ұжымымда сырттай айтуға жүрексінетін бірақ оңашада әріптестердің реніші де естіліп қалады. Осы әділетсіздік бұған дейін қарсы шығып та көрдік, ШҚО тарапынан да арнайы өкілдерді шақыртқызып жиналыс та  ашқыздық.

 Бірақ тағы да сол басшылық төрде өздері отырып алып, дайындап қойған «өз адамдарын» сөйлетіп, өкілді сендіріп алдыңды орап кетеді. Ұжым қамын жеген актерлік шеберліктеріне таң қалмасқа шараң қалмайды, ал сырттай наразылық танытып жүргендер жеме-жемге келгенде төмен қарап еден шұқып қалады. Осылайша іріп- шіріп бара жатқан қоғамға айналдық, Абай атам айтқандай «баяғы жартас, бір жартас».

Сол спектакльдегі екіжүзділікке «тойып» іштен тынып жүрген едім. Енді міне тағы да шыдай алмай барша қазақ еліне шындықты ашық түрде жайып салуға бел будым.  Оның өзіндік себебі де бар.

Ол себеп тақауда тәуелсіздік мерекесіне орай орын алған жағдай.

2013 жылы ғана мәдениетке басқа саладан келген, бес жыл ішінде марапаттарға ұсынылып келген сол көркемдік- жетекшіміздің тағы да «мәдениет саласы үздігі»-де ұсынылуы еді.

Марапатқа арналған ұжым жиналысында көпшілік алдында: «біраз адамдар ұсынылып ішінде менікі өтті, каналдарды салып жүріп, әрең алдық қой...» деп күле айтқан сөзі.

Мен жаныма батқан мұндай «каналы» күшті мәлімдемені мемлекетіміздің абыройын түсіру және де сол мекемеде талай жыл тер төгіп келе жатқан өнер адамдарының еңбегін бағаламау деп қабылдаймын. «Көркемдік жетекші» дегеніміз аты айтып тұрғандай мінезі көркем, сыпайы, айтар ойын әр сөзін жүйелі түрде салмақтап мәдени түрде жеткізетін адам болуы тиіс.

Басшының тарапынан «ерекше қолдау» тауып  мемлекеттік ресми мерейтойдың, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты айтулы мерекелерге арналған марапаттарға да тек сол бір адамның ғана ұсынылуы қалай? Сонда бұл өзі сонда қандай «канал...»?

 Егер көркемдік жетекші мәдени іс-шараларды өткізсе ол оның тікелей жауапты міндеті, сол үшін үкіметтен арнайы жоғары жалақы алып отырған күнделікті жұмысы емес пе еді.

Адам өзінің тікелей міндетін атқарғаны үшін ғана марапатқа ұсыныла берсе ендігі кеуде түгілі арқасы да  толатындар баршылық қой.

 Тағы бір айта кететін жәйт, биылғы мамыр айында ғана сарайымызда көп жылдар еңбек жасап келе жатқан әнші қарындасымыз да осы атаққа ие болды,  шын қуандық. Енді ойлап қарасам бұл басшылық тарапынан күдік - дау тудырмас үшін арнайы жасалған қитұрқы айла екенін ұқтым. Сонда қызметкерлер үкіметтік марапатқа қажет болса әр алты ай сайын ұсыныла ма, әлде, сол саланың дипломын ала сала ұсыныла ма? Егер бес жылда осындай «жетістіктерге» жетіп үлгерсе енді бес жылда каналдары аман болса мына қарқынмен «Еңбек ері» -нің де ауылы алыс емес сияқты...

Сонда мәдениет саласында он бес жылдан астам өнердің отынымен кіріп, күлімен шығып жүрген шығармашылық адамдары қайда қалады?


Белден басылып талабы орындалмаса оның несі заң? Мен осы сұрақты сол әріптестеріме тікелей де қойып та көрдім, жауаптары біреу: «аға, соңымызға түсіп алады...» деп төмен қарайды. Осы жасық мінезбен  қалай ел болар екенбіз.

Түсінген адамға өнер жолы қиын жол, марқұм Ә. Сығай ағамыздың: «Өнерге оңай деп талаптанба, қиын деп талаптан» деген қанатты сөзі бар. Егер арзан атақ  қуғандар ретін тауып төрге шықса, осылай «құрметке» бөлене берсе өнерде- мәдениетте не құрмет, не қасиет қалады?!

Басқа салада еңбек жолын бастап, мәдениетке ат басын енді бұрып, сырттай музыкалық дипломын былтыр ғана алған адамды мәдениеттің көшін  жалғыз өрге сүйрегендей қылып көрсету қаншалықты ақылға сияды.

 Осы саланың қыр-сырын меңгере қоймаған, еңбек өтілімі бес жылдан енді асқан, түймедейін түйедей қылып көрсететін адамдарға мұндай марапаттың берілуіне толықтай қарсымын.


ҚР Конституциясының 17, 18 - баптарына сүйене отырып бұл асқынған дерттің үкімет тарапынан арнайы комиссиямен жіті назарға алынып тексерілуін және заң талаптарының орындалуын сұраймын.

 Елбасы жолдауында: «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» деген ескертпесі де бар.

Егер еңбек өтілімінен тыс мәдениетке әкелген бұрын қайталанбаған тың дүниесі, халықтың бағасын алған дара туындысы болса құба- құп. 


Ал басқа жағдайда еңбек өтілімі басты ескерілуі керек, заңға қайшы берілген марапаттар арқылы  құрметтің де құны түсуде, бұл үкіметімізге де үлкен сын.

Бірге қызметтес болған марқұм Тұрсынғазы ағамыз да көзі тірісінде «Құрмет» пен «Парасат» алмаса да халқының құрметінен кенде болған жоқ, өмірден өтсе де санамыздан мәңгі өшпек емес, бірақ, тірі адам барында бағаланып, еңбегіне сай әділ бағасын алғанға не жетсін. Бүгінде соны бағамдайтын басшы адамдарда парасаттылық жағы кемшін соғуда сияқты...

Ал қазіргі уақытта басшымен тығыз қарым-қатынасы бар адамдар келісіп (сыбайласып) өзін ұсыну үшін ұсыныс-мінездемені жымын білдірмей жоғары жаққа жолдап жіберуі түкке де тұрмайды.  Ал оның  керісінше екенін  дәлелдеу өте қиын түсетіні айтпаса да түсінікті.

Бұл тақырыпта ащы шындықты жазу өзіме де оңай болып отырған жоқ, жазғандарымның бәрі де жан жадыратар ойларға емес, көңіл құлазытар жайларға толы, түсінемін.

Әділетті іздеп Семей қаласының гербі туралы да айта-айта «пәлеқор» атанғаным да өз алдына бір том. Бірақ оған кінәлі мен емес, адамдардың жан айқайына пысқырып та қарамайтын, жергілікті жердегі өз креслосын таққа теңейтін меңіреу шенеуніктер болар. Мейлі, күйе жұққанымен күйдірмейді, уақыт жуып кетірер, көңілге сол жұбаныш..

Сөз соңында айтарым, біз ақиқат аулынан қанша алшақтаған сайын,  адамгершілік те бізден сонша алыстай бермек, адами қасиетімізді жоғалтып алмайық, ағайын...  

Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ,


Семей қаласы


Dalanews.kz 


 

 

Рекомендовать
Последние новости