Қосымша құн салығын арттыру экономикаға теріс әсер етеді - сарапшы

Көркем Алдабергенова 29 апр. 2025 15:36 270

Қазақстанда қосымша құн салығын (ҚҚС) арттыру туралы бастама қоғамда қызу талқылануда. Бұл ұсыныс экономиканың күрделі жағдайын оңалта ала ма деген сұраққа «Uchet» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев саясаттанушы Досым Сәтпаевқа берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сәтпаевтың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін көбейту халықтың сатып алу мүмкіндігін төмендетіп, тұтынушылық сұранысқа тікелей кері әсер етеді. Нәтижесінде, кәсіпкерлер үшін жұмыс істеу тиімсіз болып, шағын және орта бизнес өкілдері азая бастайды. Бұл өз кезегінде салық түсімінің кемуіне әкеледі. Саясаттанушының пікірінше, үкімет бұл қадамды мемлекеттік кірісті арттырудың жолы ретінде көрсеткісі келеді, бірақ бұл тек уақытша әрі тактикалық шешім ғана. Оның ойынша, бұл – “өз аяғыңа оқ ату” сынды әрекет. Өйткені бизнес өкілдері мұндай өзгерістердің кері әсері көп болатынын алдын ала ескерткен еді.

Максим Барышев та бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол үкіметтің қазіргі таңда бюджет тапшылығын жабу үшін ұлттық қордан қаражат алып, ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге тырысып жатқанын айтады. Болжам бойынша, бұл тәсілмен бюджетке қосымша 5-7 триллион теңге тартуға болады деп күтілуде. Дегенмен Барышев қарапайым математикалық есептің өзін бұл идеяның тиімді еместігін көрсететінін алға тартты. Мысалы, қазіргі 12 пайыздық мөлшерлемемен 5 трлн теңге жиналса, мөлшерлемені 30%-ға өсіргенде, бар болғаны 1,5 трлн теңге ғана қосылады – барлығы 6,5 трлн теңге. Алайда бұл жерде бағаның өсуі тұтынуды азайтып жіберетін “сұраныс эластикалығы” факторын да ескеру қажет. Демек, ҚҚС өскен сайын халық аз тұтынып, бюджетке түсетін салық тіптен азаюы да мүмкін.

Сарапшылар ҚҚС-ты көтеру – ұзақмерзімді шешім емес, керісінше уақытша, қысқамерзімді амал екенін айтады. Бұл тәсіл ұзақ уақытта экономикалық баяулау, бизнестің көлеңкелі аймаққа кетуі және халық табысының төмендеуіне алып келуі ықтимал. Сондықтан мұндай шешімге келмес бұрын оның барлық ықтимал салдарын терең зерттеп барып қана әрекет ету керек. 


Рекомендовать
Последние новости