Қордайдағы дұнғандардың біразы Ресейге көшкісі келеді

Dalanews 10 мар. 2020 07:38 947

Түнеукүнгі жанжалдан кейін араға уақыт салып Қордайға барған "Азаттық" тілшісі жергілікті тұрғындармен тілдесіпті. Dalanews.kz осы мақаланы ықшамдап аударды.




Масанчи және Сортөбе ауылында тұратын дұнғандар биылға жеміс-жидек, көкөніс екпеген. Себебі ертеңгі күнге сенімді емес. Олар қақтығыс тағы қайталанады деп қауіптенеді.

Дұнғандардың үрейін сейілту үшін аталған екі ауылға Қордайдың әкімі келіп кетіп, жағдайды бақылауда ұстауға уәде еткен әрі үйреншікті кәсібіне қайта көшуге шақырған.

"Әйтсе де Қордайда тұратын дұнған қауымы бау-бақша қамына әлі кіріспеген, кіріскісі де жоқ. Әкімнің уәдесі олардың көкейіндегі күдікті сейілтпеген", - дейді тілші.


Ал дұнғандардың біразы Қазақстаннан кеткісі келетінін айтыпты.

"Әкім келіп кетті. "Бау-бақша қамына кірісе беріңіздер, қауіпсіздікті сақтау біздің мойнымызда" деп сендірді. Сонда да болса күмән көп. Бұрынғыдай ынта-ықылас жоқ. Жер емген жұрт едік, өткен жолғы оқиғадан кейін бетіміз қайтып қалды. Көпшілігі Қазақстаннан көшкісі келеді. Бала-шағасына алаңдайды. Билік ендігәрі мұндайға жол бермейміз деп отыр. Ертерек ойлануы керек еді...", – деген екен Қордайда тұратын дұнған азаматы.

Жергілікті жұрттың айтуынша соңғы айда Қордайдан 10 дұнған отбасы көшіп кеткен және бұл басы ғана. Тілшімен сауалдасқан дұнғандардың біразы Қазақстаннан көшуге тас-түйін дайын отырғанын айтқан.


Бет алысы - Ресейдің Краснодар аймағы, Саратов және Волгоград облысы.

"Біріншіден, бұл жақтың топырағы құнарлы. Игерілмей бос жатқан жер, қараусыз қалған елді-мекен көп. Оның үстіне аталған аймақтарда азды-көпті дұнғандар тұрады. Ағайын-туыстың жанына барамыз.

Қазақстаннан кеткенмен, аштан өлмеспіз, көштен қалмаспыз. Жер емген жұртпыз, жоғалмаймыз", – депті Қордайда тұратын тағы бір дұнған азаматы.

"Қазақстаннан қоныс аударған жағдайда үйді кімге қалдырасыз?" деген тілші сауалына: "Сатамын. Сатылмаса трактармен таптап, жермен-жексен етемін. Ешкімге бұйырмасын..." деп жауап қатқан.
...

1 наурыз Алғыс айту күні Жамбыл облысының Қордай ауданына келген президент Тоқаев бұл оқиға мемлекетке нұқсан келтірді деп мәлімдеген.

"Енді тұтас ұлт болып осындай келеңсіздіктен сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, – деп атап өткен Президент.

Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырған.

– Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген.

Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты.


Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, – деген болатын Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости