Қоғам белсендісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекелік көрсеткен Air Astana әуе компаниясына шағымданды

Қаракөз Амантай 04 сент. 2024 11:31 9145

Air Astana әуе компаниясы Астанадан Алматыға ұшпақ болған халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға дөрекілік көрсеткен. Осы тұста қоғам белсендісі Лека Савальева әуе компания президенті Питер Фостерге үндеу жолдап, болған жағдай үшін кешірім сұрауын талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“3 қыркүйек күні сағат 10.30-да Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуе компаниясының 852 рейсінде жайсыз оқиға орын алды. Аты аңызға айналған әнші, КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға Air Astana қызметкерлері ұшаққа отырғызу кезінде дөрекілік көрсетті”, - деп жазды Лека Савельева Facebook парақшасында.

Әуе компанияның қызметкерлеріне Бибігүл Ахметқызының денсаулығы сыр беретіні, яғни омыртқасында ақау бар екені хабарланған. Арбаға отырған өнер иесін қызы шығарып салмақ болған. Бірақ кенеттен оларды Air Astana қызметкері тоқтатып, арбадағы жолаушылар бірінші болып отырғызылатынын, ал кешіккен жағдайда соңғы жолаушының өткенін күту керек екенін айтқан. 

“Бибігүл Ахметқызы арбамен тек ұшақтың кіребірісіне дейін ғана барып, ары қарай ешкімге кедергі келтірмей орнына жайғасқысы келді. Оның үстіне сол уақытта топырлаған жолаушы да болмады. Арбамен оңай әрі тез өтіп кетуге мүмкіндік болды”, - делінген хатта.

Содан кейін халық әртісі Астананың Құрметті азаматы екенін алға тартқан. 

“Қызметкер мұның бәрін білетінін айтып, ереже адамның мәртебесіне, жасы мен лауазымына қарамастан бәріне бірдей қолданылатынын өте қатал әрі дөрекі түрде жеткізген. Осылайша қызметкерден оның бастығының кім екені және онымен қалай байланысуға болатынын сұраған. Ол бұл жерде өзі жауапты бастық екенін, ал қалған басшылық Алматыда, сондықтан барлық шағым сонда түсетінін айтқан”, – деп жазады Лека Савельева.

Қоғам белсендісі Air Astana әуе компаниясынан үлкендерге құрмет көрсетіп, өнер иесінен кешірім сұрауын талап етіп отыр.

“Эйр Астана, сіздердің тараптан Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға беретін түсініктемелеріңіз бен кешірім сұрауларыңызды күтеміз! Әрбір жолаушы құрмет пен ілтипатқа лайық. Әлде сіздерде басқа да ережелер бар ма?" - деп жазды Савельева.

Әуе компанияның баспасөз қызметі қоғам белсендісінің жазбасына кері байланысын берді. Алайда олар халық әртісіне құрмет танытқанымен, кешірім сұрамаған.

“Әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай, арбада отырған жолаушылар ұшаққа ең бірінші болып немесе ең соңында мінеді. Яғни, осы ереже жолаушылардың бәрі үшін ыңғайлы, сондай-ақ, терминалдан эвакуациялау ережелеріне сай. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келген. Сондықтан әуе компаниясының агенті жолаушылар мініп алғанша күте тұрыңыздар деген. Әуе компаниясы осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді", - деп жазған компания.


Рекомендовать
Последние новости