Қызылорда облысында 5 мың студенттің газетке жазылуына субсидия бөлінбек

Dalanews 26 янв. 2023 09:59 940

Қызылорда облысының әкімі 5 мың студенттің газетке жазылуына субсидия бөлмек. Бұл туралы Астанада Өңірлік мерзімді басылымдар форумында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астанада өтіп жатқан өңірлік мерзімді басылымдардың  алғашқы форумына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысып жатыр. Соның аясында түрлі сессиялар, мастер-класстар, тағылымды талқылар ұйымдастырылуда.

– Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері  2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Министр өңірлік мерзімді басылымдардың жағдайына нақты ғылыми зерттеу жасалу керектігін айтты.

Сонымен қатар, Дархан Қуандықұлы газет басу, тарату ісінде, аудандық басылымдарын жаңа медиаға бейімдеуде Қызылорда облысындағы “Сыр медиа” серіктестігі жүйелі жұмыс атқарып отырғанын атап өтті.


«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың айтуынша, жастар газет оқудан, руханияттан алшақтап бара жатқан заманда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тың бастаманы қолға алмақ. Яғни, 5 мың студенттің мерзімді басылымдарға жазылуына республикада алғаш болып субсидия бөлуді қарастырып жатыр.

– Мұны жастарға жасаған жанашырлығы әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен қолдауы деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам студент, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Рекомендовать
Последние новости