Қырғыз президенті манасшы-жыршы Баянғали Әлімжановқа орден тақты

Dalanews 03 мар. 2021 12:47 1314

Бүгін Қырғызстанның Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында ақын, жазушы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, жыршы, еліміздегі жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановпен кездесіп, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік «Достық» орденімен марапаттады.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Қызғыз Президенті Баянғали Әлімжановқа «Манас» жырын насихаттауға, бауырлас екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Өз кезегінде Баянғали Әлімжанов Садыр Жапаров пен қызғыз халқына еңбегін бағалап жатқаны үшін ризашылығын білдірді.


Іс-шарада сөз алған Ақтоты Райымқұлова Қырғыз Президентінің мемлекеттік сапары екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты жандандыруға, халықтар арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

– Бүгінгі іс-шара бауырлас екі ел арасындағы рухани сабақтастықтың тамыры тереңде екенін көрсетеді. Әр халықтың өзіндік қасиетті мұрасы болады. Қырғыз халқының «Манасы» – әлем халықтары әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алған эпос. Кезінде халқымыздың заңғар жазушысы, әдебиет зерттеушісі Мұхтар Әуезов бұл жырды жоғары бағалаған болатын. Бүгін осынау жоғары марапатқа ие болған Баянғали Әлімжанов «Манас» эпосын ана тілімізге аударып, халқымыздың әдеби мұрамен сусындауына жол ашты. Бұл марапат жекелеген жазушы, жыршыға берілген баға ғана емес, екі мемлекет арасындағы мәдени алтын көпірге көрсетілген жоғары құрмет деп білемін, – деді министр.

Рекомендовать
Последние новости