Қырғыз басшысы Жапаров халыққа құпиясын ашып, қымбат мүлкін жария етті

Сағыныш Сардарова 16 февр. 2024 09:33 2412

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 20 миллион долларлық мүлкін заңдастырды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қырғызстанда былтыр кірісті заңдастыру туралы заң қабылданған. Жапаровтың айтуынша, бұл заңды Қырғызстанның ауқатты азаматтары ақшаларын шетелдік банктерге жасырмауы, ел ішінде аударып, отандық банктерге салуы үшін қабылдаған. Заң 1 шілдеге дейін күшінде болып, содан кейін күшін жоғалтады екен.

"Жасыратыны жоқ, бәріміз (қарапайым азаматтар емес, орта бизнестен жоғары кәсіпкерлер) мүлкімізді басқа біреудің атына рәсімдедік. Еліміздің ең бай азаматтары әлі де өз миллиардтарын шетелдік банктерде сақтағысы келеді. Бізде мұндай бай адам көп. Олар неліктен байлығын шетелде жасырады деген сұраққа жауап та қарапайым. Осы уақытқа дейін үлкен ақшаның пайда болу көзі және осы қаражатқа төленген салық сомасы көптеген сұрақ туғызды. Осы заң арқылы мұндай проблема туындамауы үшін заңдастыру мүмкіндігін жасаймыз", - деді Қырғызстан басшысы.

Садыр Жапаровтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жапаров өзінің мүліктеріне де тоқталған. Қырғызстан президентінің айтуынша, оның да атында басқа біреуге жазылған мүлік болған. 

"2005 жылы Жоғары кеңеске бизнес ортадан халық қалаулысы ретінде келдім. Бұл суреттегі ғимараттың құрылысын (Ибраимов көшесі, 96, Бішкек қ.) 2005 жылы бастап, 2010 жылы аяқтадық. Сәуір төңкерісінен кейін оны "Ата жұрт" партиясының штабы ретінде қолдандық. Кейінірек оппозицияда болғанымыз үшін қудаландық және бұл ғимарат 2020 жылға дейін толық жұмыс істемеді. Алайда жер мен ғимаратқа үнемі салық төлеп келдік. 2020 жылы Президент сайлауы кезінде штаб ретінде қолдандым. Содан бері ол толық жұмыс істей бастады.

Әрине, бұған дейін айтқанымдай, ғимараттарым бұрын басқа адамдардың атына тіркелген еді. Қазір оларды заңдастыру туралы заң негізінде тіркедім. Үлгі көрсетіп, бірінші болып өз мүлкімді заңдастырғым келді. Қысқаша айтқанда, мүлкімнің құны шамамен 20 миллион доллар болады. Заңдастыру үшін мемлекетке миллион сом төледім. ...Менде шетелде жинақ жоқ. Болса, оларды біздің банктерге салар едім", - дейді Жапаров.

Осылайша, Қырғызстан президенті елінің ауқатты азаматтарынан шетелдік банктерде сақтаған барлық ақшасын елдің ішіндегі банктерге аударуды сұрапты.


Рекомендовать
Последние новости