Қылмыс әлемінің серкесі “Серік Голова“ қайтыс болды

Сағыныш Сардарова 25 апр. 2025 12:24 1684

Қылмыс әлемінің серкесі “Серік Голова“ қайтыс болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Серік Жаманаев онкологиядан емделіп жатқан ауруханада көз жұмған. Жаманаев 2024 жылы желтоқсанда түзеу мекемесіне ауыстырылған.

"Келгеннен кейін ол бірден толық медициналық тексерістен өтті. Диагноз - бауыр онкологиясы, үшінші сатысы. Сол сәттен бастап ол дәрігерлердің үнемі бақылауында болды. Сотталған адам тексерістен өту және емделу үшін бірнеше рет медициналық мекемелерге жеткізілді. 8 сәуірде ол көпсалалы онкологиялық ауруханаға жатқызылды. Қабылданған шараларға қарамастан 25 сәуірде көз жұмды", - деп жазылған Солтүстік Қазақстан облысының ҚАЖД хабарламасында.

Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.

Серік Жаманаев "Серік Голова" лақапатымен белгілі. Ол 2021 жылдың басында 19 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот үкіміне сәйкес, ол жазасының 14 жылын аса қатаң режимдегі, ал қалған 5 жылын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеуге тиіс болатын.

Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылған. Прокурордың мәліметінше, оның тобы жасаған әрекеттердің салдарынан бір адамның өліміне әкеп соққан оқиға болған. 


Рекомендовать
Последние новости