Қазақстанның НАТО стандартына көшуі ресейлік саясаткерлерге ұнамай қалды: әскери сарапшы не дейді?

Қаракөз Амантай 17 дек. 2025 14:43

Қазақстан 2027 жылдан бастап ASPAN жобасы аясында оқ-дәрі мен артиллериялық снарядтар шығаратын төрт зауытты іске қосып, оны НАТО стандарттарына сай шығаруды жоспарлап отыр. Алайда бұл қадам ресейлік саясаткерлер тарапынан сынға ұшырады. Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Алексей Журавлев Қазақстанның шешімін "достыққа жат әрекет" деп бағалап, мұны Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенінен бас тартуға бағытталғанын атап өтті. Ал қазақстандық әскери сарапшы Ермек Сейтбатталов бұл шешімді қорғаныс саласындағы тәуелсіздік пен техникалық қажеттілікпен байланыстырды. Ол Dalanews.kz редакциясына жобаның әскери-техникалық, геосаяси және қауіпсіздік тұрғысынан маңызын түсіндірді.

Ермек Сейтбатталовтың айтуынша, НАТО стандарттарына көшу бастамасы уақыт талабынан туындаған шешім.

“Қорғаныс министрлігі бұған дейін бұл мәселені жауынгерлік оқу-жаттығулар кезінде оқ-дәрінің жетіспеушілігімен түсіндірген еді. Ал мәселе уақытша Канада компаниясының көмегімен шешілді. Ресейлік саясаткерлер мұны саяси және әскери ынтымақтастықтың басқа векторға бет бұруы ретінде қабылдап отыр. Алайда осы уақытқа дейін Қазақстан тек ресейлік оқ-дәрілерді пайдаланып келгенін ескеру қажет”, — деді ол.

Оның айтуынша, ASPAN жобасы аясында Қазақстанда артиллериялық снарядтар мен миналар шығаратын төрт жаңа зауыт салу жоспарланған. Жобаның жалпы инвестициясы шамамен 1 млрд доллар. Ресми түрде олардың орналасатын жері жарияланбаған. Алайда кейбір дереккөздер алғашқы зауыт құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеген.

“Бұл зауыттарда НАТО стандарттарына сай өнім шығару көзделіп отыр. Ақпарат көздеріне сүйенсек, кәсіпорындар ресейлік үлгідегі 82 мм, 120 мм, 122 мм және 152 мм артиллериялық снарядтарды, сондай-ақ НАТО стандартындағы 155 мм артиллериялық снарядтар мен 60 мм миномет оқтарын өндіретін болады. Бұл шешімнің басты мақсаты “оқ-дәрі жағынан тәуелсіз болу” деп ойлаймын”, — дейді сарапшы.

Ресей неге мұны “достыққа жат” деп бағалады?

Ресей депутаты Алексей Журавлев Қазақстанның бұл қадамын геосаяси бағыттың өзгеруі ретінде қабылдап отыр. Ол Қазақстанның НАТО-мен бұрыннан ынтымақтастық орнатқанын еске салып, бұл бағытты “агрессивті әскери блокпен жақындасу” деп сипаттады.

Алайда Ермек Сейтбатталов бұл пікірмен келіспейді.

“Қазақстанның бұл шешімінде әрі прагматикалық, әрі техникалық негіз бар. Журавлев өз сұхбатында Қазақстанның 1992 жылы Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне қосылғанын, ал 1994 жылы НАТО-мен “Бейбітшілік үшін серіктестік” келісіміне қол қойғанын алға тартады. Алайда Қазақстан бұған қоса НАТО-ның оперативтік үйлесімділік тұжырымдамасы мен ПАРП бағдарламасына қатысып, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл Қарулы күштердің халықаралық беделін арттырды”, — деп қосты ол.

НАТО стандарттары әскерге не береді?

Сейтбатталовтың айтуынша, НАТО стандарттарына көшу Қазақстан әскеріне бірқатар нақты артықшылық береді.

“Бұл стандарттар оқ-дәрі сапасына жоғары талап қояды. Ресейлік калибрлердің де сапасы артады. Артиллериялық оқпандар ұзақ уақытқа шыдайды, жиі ауыстыруды қажет етпейді. Ал 155 мм және 60 мм калибрлерді қолдану үшін НАТО артиллериялық жүйелері қажет. Егер Қазақстан мұндай қару-жарақ сатып алатын болса, бұл халықаралық ынтымақтастықты талап етеді”, — деді ол.

Сондай-ақ сарапшы НАТО стандартындағы қарулардың дәлдігі мен технологиялық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Кейбір жүйелерде соққы берілетін нысананың координаттары алдын ала бағдарламаланады.

“Кейбір, сондай қаруларға алдын ала бағдарлама жазып соққы беретін нысананың кординаттарын, сипатамасын енгізуге болады”, — дейді ол.

Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастыққа әсері қандай?

Сарапшының пікірінше, бұл бастама Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастыққа белгілі бір деңгейде кері әсер етуі мүмкін. Алайда бұл — объективті әрі заңды үдеріс.

“Ресей қазір санкциялардың астында қалды. Одақтастарына сапалы әрі қолжетімді қару-жарақты бұрынғыдай көлемде ұсына алмайды, кейбір технологияларда артта қалып бара жатыр. Қазақстан мұндай жағдайда күтіп отыра алмайды”, — дейді Сейтбатталов.

Қысым болуы мүмкін бе?

Сарапшы Ресей тарапынан саяси қысым болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

“Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың соңғы кезеңдеріне көз жүгіртсек, саяси немесе экономикалық қысым болуы мүмкін”, — деді ол.

Украинамен салыстыру орынды ма?

Кейбір ресейлік саясаткерлер Қазақстан жағдайын Украинамен салыстырады. Алайда Ермек Сейтбатталов бұл салыстыруды толық негізді деп есептемейді.

“Украинадағы жағдайдың басты себебі НАТО стандарттарына көшу емес. Негізгі фактор — Кеңес Одағы кезінде салынған газ тасымалдау инфрақұрылымына қатысты мәселелер болды. Бұл тек екінші қатардағы себептердің бірі ғана”, — дейді сарапшы.

Қорғаныс өнеркәсібіндегі тәуелсіздікке қадам

Ермек Сейтбатталовтың айтуынша, ASPAN жобасы Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібін едәуір тәуелсіз деңгейге көтере алады.

“Өз аумағында оқ-дәрі шығаратын елдер әлемде көп емес. Мұндай өнімге сұраныс жоғары. Егер зауыттардың өндірістік қуаты мен сапасы талапқа сай болса, Қазақстан сыртқы нарыққа да шыға алады. Бұл — ел үшін өте жоғары стратегиялық жетістік”, — деп түйіндеді Ермек Сейтбатталов.

Бұған дейін

Бұған дейін RTVI арнасы Қазақстанның жоғары лауазымды әскери өкілінің пікірін жариялаған еді. Оның айтуынша, ел армиясының жауынгерлік қабілеті ұзақ уақыт бойы Кеңес дәуірінен қалған қару қоймаларына және Ресейден жеткізілетін оқ-дәрілерге тәуелді болған. Әскери өкіл ASPAN жобасы аясында артиллериялық снарядтар мен миналар шығаратын төрт зауыт салынатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол оқ-дәрі жағдайы 2020 жылы жақсарғанын, сол кезде Канаданың бір компаниясы Қарағанды облысында атыс қаруына арналған патрондар шығаратын зауытсалғанын атап өтті.

Журавлевтің пікірі

Ресей Мемлекеттік думасының Қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлев "Газета.Ru" басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы бұл қадамды "достыққа жат" деп бағалады.

Журавлевтің айтуынша, Қазақстан НАТО-мен бұрыннан ынтымақтастық орнатқан.

"Жалпы, Қазақстан 1992 жылы Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне қосылды, ал 1994 жылы “Бейбітшілік жолындағы әріптестік” атты НАТО-мен рамалық келісімге қол қойды. Бұл – әскери блок екенін және оның агрессивті әрекеттерімен белгілі екенін бәріміз білеміз. Осы тұста бір сұрақ туындайды: неге НАТО-ға дәл Қазақстан қызық? Мүмкін, Ресеймен шектесетін ел болғандықтан ба? Осы ел арқылы кезекті русофобиялық тірек нүктесін қалыптастыру үшін шығар?", - деді ол.

Журавлевтің пікірінше, Қазақстан алдағы уақытта ресейлік қару-жарақтан толықтай бас тартуы мүмкін.

"Біз сырттай бауырлас көрінетін республиканың орыс тілінен ғана емес, кириллицадан да жылдам бас тартқанын байқамай қалғандаймыз. Украинаға қолдау білдіріп, “беріктік киіз үйлерін” ұйымдастырып жатыр. Енді, міне, НАТО стандартындағы оқ-дәрілерге көшіп, болашақта ресейлік қару үлгілерін батыстық қарумен алмастыруды көздеп отырғаны анық. Қазақстан Ресей ӘӨК-інің ең ірі сатып алушысы болмаған шығар, бірақ бұл қадам, сөзсіз, достыққа жат. Бұған тиісті түрде жауап берілуі керек. НАТО-мен мұндай ынтымақтастықтың Киевке не әкелгенін бәріміз білеміз", — деп атап өтті депутат.


Рекомендовать
Последние новости