Алматыда қазақ тілінде сөйлеген жолаушыға дөрекілік танытқан әйелдің үстінен іс қозғалды

Қаракөз Амантай 17 дек. 2025 11:41

Алматыда автобустардың бірінде жолаушылар арасында жанжал шықты. Жәбірленушінің айтуынша, орыс тілді әйел оған қазақ тілінде сөйлегені үшін айқайлап, балағаттап, қорқытқан. Істі бақылауға алған заңгер Мейірман Шекеев құқық бұзушының үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бірнеше күн бұрын автобуста бір әйел айқайлап сөйледі. Мен оған жай сөйлесуін өтінгенде, ол айқайлап балағаттап, қорқытып, телефонға видеоға түсіре бастады. Сол кезде мен де жағдайды телефонға түсірдім”, - дейді ол.

Дөрекілік танытқан әйел орыс тілінде сөйлеп, жәбірленушіні қорқытып, ар-намысына тиетін сөздер қолданған.

“Кейін ол маған “говори по‑русски” деп айқайлай бастады. Неге мен өз елімде қазақша сөйлей алмаймын? Қазақша сөйлесем, орысша сөйлеуімді талап етті”, - деді жәбірленуші.

Оқиғаны бақылауға алған заңгер Мейірман Шекеев жәбірленушінің арызына сәйкес әрекет жасалғанын айтты.

“Қазіргі таңда жәбірленуші бізге көмекке жүгінді, біз тиісті арызымызды полицияға жолдадық. Сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. Себебі мұндай оқиғалар көбіне “жабулы қазан” күйінде қалып жатады. Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл, әрбір азамат өз тілінде сөйлеуге құқылы. Бұл оқиға сабақ болу үшін біз істі соңына дейін жеткіземіз”, - деп мәлімдеді ол.

Араға ұзақ уақыт салмай заңгер жақсы жаңалығын жеткізді.

“Кешегі бейнежазбаға сіздердің қолдауларыңыз арқасында Алматы қаласы, Алатау аудандық полиция басқармасы жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтады. Құқық бұзушының үстінен іс қозғалып, ертең сотқа жіберіледі. Қолдауларыңызға мың да бір алғыс!”, - деді заңгер.

Ал дөрекілік танытқан әйел өз кінәсін мойындап, қазақ халқынан кешірім сұрады.

“Мен өз кінәмді мойындаймын. 12 желтоқсан күні 81‑автобуста болған жанжал үшін кешірім сұраймын. Бұдан былай осындай әрекет қайталанбайды. Келесі жолы сөздерім мен әрекеттеріме абай боламын”, - деп мәлімдеді ол.


Рекомендовать
Последние новости