Қазақстанның ЖІӨ көлемі 2025 жылы 5,7% болып, ал 2026 жылы 4,5%-ға дейін баяулайды - ЕҚДБ болжамы

Кәмшат Тілеухан 25 сент. 2025 13:23

Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) болжамы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өсімі 2025 жылы 5,7%-ды құрап, ал 2026 жылы 4,5%-ға дейін баяулайды. Негізгі қауіп-қатер тәуекелдердің ішінде сарапшылар мұнай тасымалында ресейлік инфрақұрылымға шамадан тыс тәуелділік пен әлемдік нарықтағы шикізат бағасының құбылмалылығын баса атап көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Өңірлік экономикалардың перспективалары" атты макроэкономикалық есепте Орталық Азияның ең ірі экономикасы Қазақстан деп көрсетіледі. Біздің мемлекетіміздің Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі көлемін ұлғайтудың арқасында 2025 жылы сенімді көрсеткіштерге ие болып отырғаны да айтылады.  Даму банкінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың алғашқы алты айында өндіріс көлемі 11,6%-ға өсіп, өнеркәсіптік өндірістің өсіміне, құбыр арқылы тасымал  мен көтерме сауданың жандануына ықпал етті. Құрылыс секторы да қарқынды дамуды көрсетіп, жылдық көрсеткіш бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 18,4%- ға дейін жеделдеді. Бұған ірі инфрақұрылымдық жобалар, коммуналдық желілерде жүрігізілген жөндеу жұмыстары, сондай-ақ тұрғын үй және білім беру объектілерін жаңғырту және қарқынды құрылыс ықпал етті. Шығындар жағынан өсім тұтыну мен инвестицияның жоғары деңгейімен қамтамасыз етілді. Тұтынушылық несиелеудің тұрақты өсімінің арқасында тұтынушылық шығындар көлемі әлі де жоғары: жылдық өсім - 31%.

ЕҚДБ Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерінің экономикасы 2025 жылы орта есеппен 6,1%-ға өседі деп болжайды.

"Бұл сенімді өсімді өнеркәсіптік өндірістің жоғары деңгейі, тұрақты ішкі сұраныс, инвестициялар, нақты жалақының өсуі және айтарлықтай ақша аударымдарының ағыны қолдады. Бұл экономикалардың 2026 жылға арналған болжамы позитивті деп саналады, бірақ өсім 5,2% -ға дейін баяулайды деп күтіледі. Есепте тұрақты өсімнің негізгі қауіптері ретінде басты тауарлар бағасының құбылмалылығы, ақша аударымдарына деген тәуелділік және Ресей мен Қытай нарықтарына тәуелділіктің сақталуы атап көрсетіледі", - дейді ЕҚДБ.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың сегіз айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады. Өсімнің негізгі факторы сауда, өнеркәсіп және байланыс саласындағы оң динамика болды. 2025 жылдың жеті айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,3%-ды құрады. Ол кездегі өсімге көлік және қойма 22,5%-ға, құрылыс 18,5%-ға, көтерме және бөлшек сауда 8,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі 8,5%-ға және өңдеу өнеркәсібі салалары 6,1%-ға өсу арқылы үлкен үлес қосты. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші 6,2% болды. ҚР Үкіметі 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткішті 6% деңгейінде игеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 5,4% деңгейінде болады деп күтіледі.  


Рекомендовать
Последние новости