Қазақстанға Тәжікстаннан 3500 тонна гумманитарлық көмек жетті

Dalanews 21 апр. 2024 10:59 3016

Тәжікстан су тасқыны салдарынан төтенше жағдайлардан зардап шеккен Қазақстан халқына 61 вагон гуманитарлық көмек келді. Аталған жүк Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» темір жол станциясына келіп жетті. Сонымен бірге Тәжікстаннан 15 жүк көлігіне тиелген көмек те елімізге жеткізілді. Тәжікстаннан жалпы 3500 тонна гуманитарлық көмек қабылданды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гуманитарлық көмекті Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс  комитетінің төрағасы, милиция генерал - полковнигі Рустам Назарзода бастап келді. Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық ресурстар агенттігі директорының орынбасары Сохиб Зиёдуллоев гуманитарлық көмек туралы құжатты салтанатты түрде тапсырды.

– Қазақстандағы қиын жағдай біздің де жанымызға батты. Бейжай қарап отыра алмадық. Біздің елімізде күрделі мәселе туындаса,  ең көп көмек жолдайтын ел – Қазақстан. Сондықтан Тәжікстан Республикасының Президентінің шешімімен осы гуманитарлық керуенді жеткізіп отырмыз.  Біз стратегиялық серіктес елдер ретінде бір-бірімізді қолдап тұруымыз керек,  – деді Рустам Назарзода.

Делегацияны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары  Бейсенбай Тәжібаев бастаған облыс тұрғындары күтіп алды. Сарыағаш ауданының «Сарыағаш» теміржол станциясында іс-шара өткізілді.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Тәжікстан халқына алғысын айтып,ризашылығын білдірді.

– Бүгін маңызды жиында бас қосып тұрмыз. Еліміздегі су тасқынына байланысты Тәжікстан елінен гуманитарлық көмек келді. Бұған дейін де Орталық Азиядағы бауырлас елдерден көмек келген болатын. Қырғызстан,  Өзбекстаннан қолдау көрсетілді.  Бүгін  Тәжікстаннан құрылыс материалдары мен азық-түлік жеткізіліп отыр.  Көршілес елге алғысымызды білдіреміз.  Қос мемлекеттің достығы мәңгі жасай берсін,  – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аталған іс-шараға Сарыағаш ауданындағы тәжік этносының өкілдері, Сарыағаш ауданының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар да қатысты.  Гуманитарлық көмекті бастап келген Тәжікстан Республикасының өкілдеріне құрмет көрсетілді. Құрылыс материалдары мен азық-түлік тиелген гуманитарлық  керуен су басқан аймақтарға жіберіледі.


Рекомендовать
Последние новости