Елдегі су тасқынын сынаған екі адам әкімшілік жазаға тартылды

Қаракөз Амантай 18 апр. 2024 12:45 2730

7 сәуірде Қостанай қаласының әкімшілік соты "Көктем" бағбан серіктестігінің тұрғыны 39 жастағы Қайрат Мұсабаевты 10 тәулікке қамады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында істің жай-жапсары айтылмайды. Сот қаулысы "сот кабинетінде" жарияланғаны жазылған.

Ақпаратқа қарағанда "Көктем" тұрғыны "қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған. Ол видео түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Сот қаулысында оның нақты қандай "былапыт сөз" айтқаны көрсетілмеген. Дегенмен жауапкердің кінәсі "жиналған айғақтармен" дәлелденгені жазылған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның президент Тоқаев пен үкіметті сынап, эмоциямен пікір білдіріп жатқаны жөнінде видео жарияланған.

"Соның бәріне сіздер жол бердіңіздер" дейді видеода ер адам. Ол қаншама адамның баспанасыз қалғанын, мүлкінен айырылғанын, тіпті кей аудандарда адам өлімі болғанын еске салады.

"Қыста тоңамыз, жазда өртенеміз. Көктем келетінін болжай алмай, кенеттен суға батамыз. Ешқашан ештеңеге дайын болған емессіздер" дейді видео авторы. Видеоны оппозиция белсенділері мен телеграм-арналар жариялады.

Осыған ұқсас айыппен әкішілік қамауда болған 57 жастағы Ақылбек Темірғалинов та 17 сәуірде қамаудан босап шықты. Ол Ақсу қаласында изоляторда алты күн қамауда отырды.

Павлодар облысының тұрғыны 11 сәуірде су тасқынына байланысты үкіметті сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Темірғалиновтің сөзінше, оны да "қоғамдық орында былапыт сөз айтты" деп айыптаған. Мұнда әлеуметтік желі қоғамдық орынға телінген. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова жазбадағы "үш әріптен құралған сөз" жеке бір адамға бағытталмағанын және су тасқынына байланысты жеке адамның пікірі екенін айтқан.

  • Наурыздың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерді "салғырттығы және кәсіби емес әрекеті үшін" сынаған. Ол үкімет пен әкімдіктердің бірігіп әрекет етпей отырғанын айтып, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғындардың мүліктерінен айырылғанына қынжылған.
  • Қазақстанда су тасқыны алғаш болған аймақтардың бірі Қостанай облысы. 28 наурызда Арқалық қаласында, Жангелді, Амангелді аудандарында төтенше жағдай жарияланды. 6 сәуірде Қостанай әкімі Марат Жүндібаев қалада төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Биліктің 17 сәуір күнгі ақпаратынша, Қостанай облысы Жангелді ауданы Торғай ауылынан 2834 адам алдын ала эвакуацияланған. ТЖМ хабарламасында олардың қаншасы эвакуация пунктеріне шоғырланғаны айтылмаған. Қазақстанда су тасқыны аймақтарынан жалпы 117 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер су тасқынына байланысты жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартқаны туралы хабарланған еді.

Осы тұста полиция азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.

"Фейктер адамдарға жағдайды бақылауға кедергі келтіреді. Төтенше жағдай уақытында біреулер қауесеттерге де сеніп қалуы мүмкін", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Мысалы, TikTok-та Петропавлдағы су басқан Подгор ауданында тасқын сумен бірге қасқырлар мен жабайы қабандар пайда болды деген хабарлама пайда болды. Полицейлер жалған ақпарат таратқан адамды тапты, ол 20 жастағы петропавлдық болып шықты.

Әлеуметтік желіде тағы бір адам тасқын судан екі бала қайтыс болды деген жалған ақпарат таратты. Бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды.

"Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне де әкімшілік материал жиналады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес "Жалған ақпаратты орналастыру, тарату" оларға 20 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін", - деді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы өкілі.


Рекомендовать
Последние новости