Қазақстандық отбасындағы қазіргі құбылыстар: гендерлік теңдік, неке және бала

Dalanews 10 нояб. 2023 02:36 2185

Елімізде отбасы институты жүйелі түрде зерттеліп, шешімін күткен көптеген мәселелер айқындалуда. Сол себептен де соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Мерекенің мақсаты – қоғамның назарын отбасы мәселелеріне аудару және отбасы құндылықтарын нығайту.

Отбасылық құндылықтар, жасына қарамастан, қазақстандық ерлер мен әйелдердің өмірінде де маңызды рөл атқарады. Алайда, БҰҰ-ның Қазақстандағы халықты қоныстандыру қоры ұлттық бағдарламаларының үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова атап өткендей, бізде ажырасудың да жоғары деңгейі байқалады, бұл отбасы институтының тұтастай тұрақты емес екенін аңғартады. Әсіресе, еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында шайқалған шаңырақтар баршылық. Еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде ең ажырасатындар аз-ақ.

– Біз Үкіметке ұлттық даму бағдарламалары мен саясатын әзірлеуге деректер жинау үшін түрлі зерттеулер жүргізуге көмектесеміз. Сондай зерттеулердің бірі 2019 жылы елдің демографиялық даму жағдайын кешенді талдауға арналды. Оның нәтижесі көрсеткендей, 2000 жылы елімізде ажырасу 30 пайыз болса, 20 жылдан кейін бұл көрсеткіш нашарлап, бүгінде некелердің 40 пайызы бұзылуда. Осы үрдіс жалғаса берсе, болашақта некелердің үштен бірінен астамы сот залынан табылады. Бұл жалпы отбасы институтының тұрақсыздығын аңғартады, – деді Ғазиза Молдақұлова.

Сарапшы Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағында отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікке деген көзқарасты бағалау үшін «Ұрпақтар және гендер» ұлттық зерттеуін жүргізген санаулы мемлекеттердің бірі екенін атап өтті. Бұл деректер ресми статистикада ұлттық даму бағдарламалары мен саясатын әзірлеу үшін негіз болып саналады.

– Осы зерттеудің нәтижелері әлі де болса отбасылық құндылықтардың жасына қарамастан, қазақ ерлері мен әйелдерінің өмірінде маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді. Сонымен қатар, ел тұрғындары дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, отбасылық құндылықтарға қатысты айтарлықтай прогрессивті көзқарастарға ие. Неке және отбасылық мінез-құлық - әлемде болып жатқан үрдістер. Мәселен, бізге тартылған респонденттердің 94 пайызы неке өмірлік байланыс деп санайды. Олар некеге өте байыпты қарайды, – деп қосты ол.


Халықтың келесі тобы, яғни 71 пайызы некеде тұрмаған ерлі-зайыптылардың некеге қызығушылықтары болмаса да, бірге тұруы қалыпты жағдай екенін атап өтеді. Алайда, бұл халықтың 71 пайызы тіркелмеген некеде тұрады деген сөз емес, респонденттердің пікірі, сауалнамаға қатысушылардың көзқарасы. Бұл ретте сауалнамаға қатысқандардың 58 пайызы неке ескірген институт екенін жеткізді. «Біз осы зерттеуді жүргізген кезде негізінен отбасын құру туралы саналы шешімге әлі келмеген жастардың жауабын тыңдадық. Тағы бір қызық дерек болды: респонденттердің «гомосексуалист жұптардың қарапайым отбасылар сияқты құқықтары бірдей болуы керек» деген көзқарасы. Сауалнамаға қатысқандардың 30 пайызы мұнымен келіседі. Ал біз адамдардан сауалнама жүргізген кезде үлкендердің де осындай реакциясын көрдік», – деп жалғастырды ол.

Егер гендерлік құндылықтар туралы айтатын болсақ, ерлер мен әйелдердің жоғары білім алуы бірдей маңызды деп есептейтін респонденттердің үлесі өте жоғары. Жоғары білім алу ерлер үшін де, әйелдер үшін де өте маңызды. Респонденттердің 60 пайызы отбасының әл-ауқаты үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмысының болуы керек деп санайды. Үйге және балаларға қамқорлықты қатысушылардың 55 пайызы құптаған. Гендерлік құндылықтарға деген адалдық отбасылық табысқа қатысты мәселелерде біршама төмен. Ерлердің басым көпшілігі ер адам әйелден көп табыс тауып, отбасын асырауы керек деп есептейді.

– Өкінішке қарай, ерлердің 34 пайызы ғана әйелдерді ең жақсы саяси көшбасшы деп санайды. Ерлердің дені ер-азаматтар саяси деңгейде шешім қабылдауы тиіс деген пайымда. Ерлердің көпшілігі әйелдер балаларды тәрбиелеу мен оларға күтім жасау мәселелерін шешеді дегенді құптаған, – деп спикер ойын ортаға салды.

Жауапты ата-ана туралы айтатын болсақ, онда «бала күтімі бойынша жауапкершілікті әдетте ер адам немесе екі серіктес атқарады» деп жауап берген ерлі-зайыпты респонденттердің үлесі азырақ.

– Шамамен 75 пайызы балалармен ойнау және балалармен бос уақыт өткізу ерлердің жұмысы деген пікірде. Балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесуге қатысты сауалнамаға қатысқан ерлердің 55 пайызы мұны әкелер жасауы керек дегенді қолдады. Ал ең азы – ерлердің 30 пайызы «Балалар ауырған кезде балаларымен үйде болу керек» деп жауап берді. Бұл әдетте әйелдердің «артықшылығы» болып саналады. Алайда 14 жасқа толмаған балалары бар сауалнамаға қатысқан ерлердің тек үш пайызы ғана күтімге жауапты. Иә, мұны істеу керек және бұл ер кісі үшін қалыпты нәрсе деп айтқан, – дейді Ғазиза Молдақұлова зерттеу деректерін келтіріп.

Сарапшының пайымынша, ер адамдар өз денсаулығына аз көңіл бөледі. Зерттеу нәтижелері ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы 8,5 жас екенін байқатқан. Ерлердің өмір сүру ұзақтығы 2020 жылы 67,09 жас болса, әйелдердікі 75,53 жас. Ал қазір, өкінішке қарай, коронавирустық пандемиядан кейін Қазақстанда ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы артуы мүмкін. Сондықтан 50 жастан бастап және одан жоғары әйелдердің жесір қалу ықтималдығы жоғары.


Бұл зерттеудің нәтижелері отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу кезінде назарға алынады. Қоғам мен отбасы арасындағы қарттар мен балаларға қамқорлық жасау міндеттерін бөлуге келетін болсақ, сауалнамаға қатысқан халықтың 25 пайызға жуығы мұны негізінен мемлекет атқаруы керек деп есептейді.

– Мектеп оқушыларына, мектеп жасына дейінгі балаларға, қарттарға, балалары бар жастарға және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз қарттарға материалдық қолдау көрсетуді халқымыздың төрттен бірі бұл мемлекеттің міндеті деп санайды. Сонымен қатар респонденттердің 75 пайызы бұл қамқорлықты отбасы көрсетуі керек деген пікірде. Бұл отбасылық байланыстардың берік болуын қамтамасыз етуі керек, – дейді ұлттық бағдарламалардың үйлестірушісі.

Мәліметтерге қарағанда, әрбір оныншы шаңырақтың, яғни халықтың 13 пайызының қаржылық жағдайы қиын. Бұл азық-түлікке ақша жеткілікті екенін білдіреді, бірақ киім-кешек сатып алу күрделі мәселелер тудырады. Отбасылардың шамамен 5 пайызы өте кедейлікте өмір сүріп жатыр, тіпті тамаққа да ақша жетпейді. Отбасылардың едәуір бөлігінің жеке баспанасы жоқ. Бұл ерлердің 36 пайызы, әйелдердің 43 пайызын көрсетті.

«Тіпті бұл сандарда біз гендерлік айырмашылықты байқаймыз. Өз баспанасы жоқ ерлер көп, бірақ олардың саны әлі де баспанасы жоқ әйелдерге қарағанда айтарлықтай аз. Бұл әйелдердің өз үйінде зорлық-зомбылыққа ұшырауының қосымша факторы болып табылады. Бұл қалаларда да, ауылдық жерлерде де қалыптасқан тенденция ретінде байқалады», - деді ол.

Сонымен қатар, зерттеу үйленген ерлерге қарағанда, бойдақ жігіттердің күйзеліске және депрессияға көбірек бейім екенін дәлелдеп берді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ер адамдар көп қиындық көреді.

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу кезінде жалғызбасты әкелердің бастан кешіретін мәселелерінің тізбесін анықтау қажеттігіне байланысты біз биыл мүмкіндігі шектеулі балаларды, атап айтқанда аутизмі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Естімейтін балалар, зағиптар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жеткіншектер мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтендіру қызметтерінің игілігін көріп отыр. Бірақ аутизм сияқты диагнозы бар балалар мемлекеттік қамқорлықпен қамтылмаған. Өйткені, денсаулық сақтау жүйесінің өзі де, диагностикасы да дұрыс жолға қойылмаған. Балаларда мұндай диагноз неғұрлым ертерек анықталса, олардың денсаулық жағдайын түзету және әлеуметтендіру оңайырақ болар еді, – дейді БҰҰ өкілі.

Гендерлік теңдікке қатысты өте қызықты жағдай қалыптасқан. Әрбір төртінші ер адам әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктері тең болуы керек деген тұжырыммен келіспейді. Ал өздерін терең діндар санайтын ер адамдар арасында бұл пікірмен келіспейтіндер көп. Діндар ерлердің 36 пайызы әйелдің отбасында ер адам сияқты құқықтары мен мүмкіндіктері болмауы керек деп санайды.


Бұл мәселе бойынша ең жоғары көрсеткіштер Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Батыс Қазақстан облысында болды. Әйелдер мен ерлердің көпшілігі жақсы әйел күйеуінің пікірі мен шешіміне ешқашан күмәнданбайды. Әйелдердің 61 пайызы және ерлердің 80 пайызы «Күйеуіңіздің айтқанымен келісуіңіз керек» деп есептейді. Қалған 36 пайыз әйелдер мен 18 пайыз ер адамдар бұл пікірмен келіспейді. Олар отбасында әйелдің де өз пікірін білдіру және шешім қабылдау құқығы болуы керек деген пайымда. Бала күтімі ананың міндеті деген пікірді көпшілік қолдады: ерлердің 68 пайызы, әйелдердің 64 пайызы.

«Ең өкініштісі, «әйел өз отбасын сақтап қалу үшін зорлық-зомбылыққа төтеп беруі керек» деген пікірді әйелдердің 9 пайызы айтқан, яғни әрбір оныншы әйел «өзін құтқару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзуі керек» көрінеді. Ал бұл пікірмен екі есе көп ер адамдар келіседі – 21 пайыз. Мұны қолдайтын респонденттердің 41 пайызы бұған біршама немесе толығымен келісетін өте діндар адамдар», - дейді спикер.

Сонымен бірге ерлер мен әйелдердің абсолютті көпшілігі (ерлердің 68 пайызы, әйелдердің 83 пайызы) Қазақстанда әйелдер мен ерлердің теңдігіне қол жеткізу үшін әлі де жұмыс істеу керек деп санайды. Ал ерлер мен әйелдердің көпшілігі отбасында жақсы қарым-қатынаста екенін атап өкен. Бірақ  проблемалар бар, отбасылық өмірдегі ең көп кездесетін мәселелер – қаржылық қиындықтар.

– Бұл әртүрлі қажеттіліктерді қанағаттандыруға қаражаттың жетіспеушілігі, бағаның жиі көтерілуі және соның салдарынан пайда болған несиелер десек, қателеспейміз. Екіншісі – тұрғын үй проблемасы, көбінесе жеке баспананың болмауы, шын мәнінде несиеге кіруге алып келеді. Отбасын қолдау бағдарламаларын әзірлеу кезінде осы екі негізгі фактор міндетті түрде ескерілуі керек. Жас жұбайларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін кейбір жеңілдік бағдарламаларын, неке құруды жоспарлап отырған жастарға ақпараттық-танымдық материалдар мен курстар беру қажет, – деп есептейді ол.

Ғазиза Молдақұлованың айтуынша, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге және олардың күтіміне әкелердің қатысуы жеткіліксіз. Әрбір үшінші отбасында негізгі кірісті қамтамасыз етуге ерлі-зайыптылардың тең үлесі болуы тиіс. Яғни, ер адамдар өздерін негізгі асыраушы деп есептесе, әйелдердің де негізгі асыраушыға айналғанын ұмытады. Осылайша, ер адамдар отбасындағы қызмет аясын шектейді. Ол гендерлік теңдікті ілгерілетуге және отбасылық жауапкершілікті бөлісуге ерлердің қатысуын күшейту үшін пікір көшбасшылары мен танымал тұлғалар саналы әке болу тұжырымдамасын ілгерілетіп, тиісті ақпараттық науқандар мен тренингтер ұйымдастыру қажет деген пікірде. Сондай-ақ ақпараттық-білім беру материалдарының пакетін әзірлеп, волонтерлерді дайындаған абзал.

Сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы халықты қоныстандыру қорының ұлттық бағдарламаларының үйлестірушісі еліміздегі басым екі конфессия – ислам мен православиелік христиандық діни ұйымдармен және жетекшілерімен жұмыс істеу қажеттігін алға тартты.

«Біз осы бағыттағы жұмысты 12 жылдан бері атқарып келеміз, осы діни ағымдардың гуманитарлық канондарын зерттедік. Бір қызығы, исламда әйелдердің құқықтары, ерлердің міндеттері өте көп. Бірақ қандай да бір себептермен әйел зорлық-зомбылыққа шыдап, ешкімге айтпай, үйде отырып, өз пікірін білдірмей жүре береді. Сонымен қатар олардың күйеулері әдейі әйелдерін «сапта» ұстайды. Бұл дұрыс емес. Мұхаммед пайғамбар діндарларға үлгі болуы керек, өйткені ол төрт әйелін кәсіпті дамытуда, білім беруде, тіпті үй шаруасын бөлісуде үнемі қолдап отырды. Ол әйелін ешқашан ренжітпеген, әрқашан балаларды қатты жақсы көрген және олармен уақыт өткізген, егер өздерін терең діндар санайтын ер адамдар өздеріне кім үлгі болуы керектігін білсе, бұл мәселеде демократиялық болар еді», - деді Молдақұлова.

Ол өз ұйымының отбасын құрғысы келетін мұсылман жұптары үшін нұсқаулық әзірлегенін хабарлады. Құжатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған, еліміздегі барлық мешіттерде бар.

Айнұр Жұмахан

Рекомендовать
Последние новости