Қазақстанда спортқа 26 жылда 10 есе көп ақша бөлінген, бірақ нәтиже жоқ. Неге?

Көркем Алдабергенова 13 авг. 2024 10:18 1785

Zertteu Research Institute Шолпан Аитенова директоры қазақстандық спортқа 26 жылдан бері бөлінген ақшаны санап шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Аитенованың сөзінше, 1998 жылдан бері спортқа бөлінетін қаржы 10 есе көбейген.

«Алайда, бұл елдің олимпиадалық спорт түрлеріндегі көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсаруына әсер еткен жоқ. Мысалы 1996 жылы мемлекеттік бюджет 280 миллиард теңге болған кезде Қазақстан 11 медаль алды, оның үшеуі алтын. Ал ең табыстысы Лондон (2012) және Рио (2016) олимпиадасы саналады. Ол жылы спортшыларымыз 15 және 17 медаль алды. Бірақ кейіннен допинг дауы болып,  кейбір спортышалырымыз медалінен айырылып, ал медальдің көбін шетелден келген спортшылар алды. Яғни олимпиадалық ойындарда нәтиже аздап қана болған, оның өзі шетелден келген спортшылардың арқасында жеткен жетістігіміз», - дейді Аитенова.

Сарапшы мұның себебін түсіндірді.

«Бұл кейінгі 26 жылда мемлекеттік спорт саясатында бұқаралық және олимпиадалық спортты дамытудың нақты стратегиясы болмаған деген сөз. Ал бұл спортқа қаржыны аз құйдық деген сөз бе? Жоқ. Денсаулық сақтау саласында денсаулық сақтаудың барлық шығындарын үш жерден қарастыратын ұлттық шоттар жүйесі бар: бюджет, сақтандыру компаниялары және үй шаруашылықтарының қалтасынан. Спортта да сондай: инвестиция әртүрлі жерден түседі. Мысалы қазақстандықтар бұқаралық және балалар спортын өз қаржысы есебінен қаржыландырады, жергілікті бюджет кәсіби футбол клубтарын қолдайды, ал Самұрық-Қазына кәсіби футбол, хоккей клубтарын, велоклубты, минифутбол клубтарын қаржыландырады. Өтемұратов және Боранбаев секілді жеке инвесторлар да бар. Неге бұлай? Себебі нақты ұстаным жоқ. Кәсіби футбол клубтарын бюджет есебінен қаржыландырудың орнына бұқаралық спортты қолдау үшін спорт инфрақұрылымын дамыту керек еді. Бұл бәріне белгілі нәрсе. Мысалы осы аптада «Ордабасы» Арменияның Пюник футбол клубымен ойнады. Бюджет арқылы қаржыландырылатын шымкенттік команданың ойыны Алматыда өтті, себебі Шымкенттегі орталық стадион УЕФА талаптарына сай келмейді. Футболға қыруар қаржы бөлінгенімен команда ойнайтын жер жарамсыз болып қалады. Жалпы елде УЕФА талаптарына сай келетін екі стадион ғана бар, оның екеуі де Астана мен Алматыда», - дейді Шолпан Аитенова.

Оның сөзінше, өзге де спорт түрлеріндегі жағдай осы.

«Қазақстанда көркем гимнастикаға арналған, халықаралық стандарттарға сай келетін екі-ақ зал бар (Астана мен Шымкентте). Балаларға арналған спорт түрлеріне ата-аналар өзі ақша бөліп үйретеді, ал инфрақұрылымды дамытуға олардың ақшасы жетпейді. Сондықтан олимпиададағы спорт түрлерінен нәтиже шығара алмай жүрміз, себебі қаржыландыру ұзақ мерзімді стратегиялармен байланысты емес және нәтижеге бағытталмаған», - дейді маман.

Аитенова Спортты қолдау қоры 2020-2024 жылдар аралығында олимпиадалық спорт түрлерін қолдауға 10 миллиард теңге бөлгенін айтады.


Рекомендовать
Последние новости