Қазақстанда қытайлық компаниялар көбейді: сарапшы не дейді?

Сағыныш Сардарова 20 окт. 2025 10:53

Қазақстанда бір ай ішінде 300-ден аса қытайлық компания тіркеліп, кейінгі 3,5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл туралы DATA HUB Telegram арнасы жазды. Ult.kz сарапшы Қанат Қаһарұлымен осы бағытта тілдескен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Telegram арна мәліметінше, Қазақстанда Қытай бизнесі 1,5 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Біздің елде бизнес жүргізіп отырған шетел компанияларының ішінде Ресей бірінші орында, Өзбекстан екінші, ал Қытай үшінші орында екен. Бірақ бір айда Ресей Федерациясының көрсеткіші 22 бірлікке, 23,1 мыңға дейін қысқарған. Ал Қытай 307 бірлікке артып, 7,1 мыңға жетті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аймақтану кафедрасының докторанты, Астана қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі (IB) Гуманитарлық пәндер кафедарасы оқытушысы Қанат Қаһарұлы Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық қатынастарының дамуын және Қытай компанияларының көбеюін Қытай елінің ішкі және сыртқы себебімен байланыстыруға болатынын айтты.

Қанат Қаһарұлы алдымен географиялық және ресурстық артықшылықтар туралы айтты.

"Қазақстан - Қытайдың Орталық Азиядағы бірінші аялдамасы, Қытайдың Батыс нарығына шығуында маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге, Қазақстан Қытайды керек шикізат ресурстарымен (мұнай, табиғи газ және уран сияқты) қамтамасыз ете алады", ‒ дейді сарапшы. 

Саясатта қолдау және инвестицияны оңтайландыру туралы да сөз еткен сарапшының айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанда қытайлық компанияларды тіркеу, кедендік рәсімдеу және логистика процедураларын оңтайландыру үшін "Жасыл арналар" сияқты саясат енгізілді. Сондай-ақ, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында салық жеңілдіктері берілді. Бұл Қытай компанияларының Қазақстанда дамуына тиімділік алып келді.

Маманның сөзінше, Қазақстан энергетикаға тәуелді экономикадан әртараптандырылған экономикаға көшіп жатыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, логистика және ақпараттық технологиялардың дамуына баса мән береді. Бұл қытайлық компанияларға жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады.

"Қытайдың ішкі себебі Қытай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көліктерден шығатын зиян газдар мен химикаттардан туындаған күрделі экологиялық проблемалардан зардап шегіп отыр. Қытайды модернизациялауда алға қойылған мақсаттардың бірі ‒ қоршаған ортаның ластануымен күресу және зиян шығарындыларды азайту. Премьер-министр Ли Кэцян 2013 жылы қызметіне кіріскеннен бері үкімет халықаралық өндірістік қуаттағы ынтымақтастықты дамыту үшін көп күш салып жатыр", ‒ деді сарапшы.

Қанат Қаһарұлы Қазақстандағы Ресей бизнесі азайып, Қытай компанияларының керісінше өсуі арасында байланыс бар екенін айтады.

"Қазір Ресей Украинадағы "әскери операциясымен" (Ресей солай атайды) айналысып жатыр. Бұл батыс елдерінің наразылығын күннен-күнге күшейтіп, Ресейге экономикалық санкция салып отыр. Стратегиялық әріптесі болған Қытайға Ресейдің экономикасының тәуелділігі артып жатыр. Сол себепті Орталық Азияда Қытай ықпалының артуы және Ресейдің "бір көзін жұма қарауы" ештаңқаларлық жағдай емес", ‒ дейді сарапшы. 

Ал Қытай бизнесінің Қазақстанда өсуі экономикалық тәуелділікке алып келмей ме? Бұл туралы Қанат Қаһарұлы былай дейді:

"Әлемде экономикалық қатынастар туралы бір теория бар. Оны "Аймақтық экономикалық ынтымақтастық теориясы" дейді. Белгілі бір географиялық аймақтағы елдердің сауда кедергілерін азайту, экономикалық саясатты үйлестіру, ортақ инфрақұрылымды дамыту және өзара қаржылық пайдаға қол жеткізу мақсатында экономикалық қатынастар орнатуға тырысады. Алайда кей ғалымдардың көзқарасы бойынша, аймақтағы ғылым мен техникасы дамыған белді елдер маңындағы әлсіз елдерді экономикалық келісімшарттарға қол қойғызу арқылы олардың шикізаттарын өндіріп, өздеріне өнім ретінде сатып, аймақты шикізат базасы және ақша табатын нарық ретінде уысында ұстауға тырысады. Меніңше, бұл - әлемдік саясаттағы табихи құбылыс", ‒ дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости