Бүгін, 16 қазанда Мәжілістің пленарлық отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова несиелерді электрондық тәсілмен беруге тыйым салуға қатысты түзету қолдау таппағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құзырлы ведомство қазақстандықтардың онлайн-қызметтерге жүгіну мүмкіндігіне шектеу қойғысы жоқ.
"Біз онлайн-несиені тіркеуге тікелей тыйым салуға әлі ерте деп санаймыз. Оның орнына онлайн алаяқтықпен тиімді күресуге мүмкіндік беретін басқа тетіктерді ұсынамыз. Қаржыгерлер қауымдастығымен біз несиеге өтініш беру мен оны мақұлдау аралығына "салқындату кезеңін" енгізуді қарастырып жатырмыз. Бұл шара жоғары қауіпті операциялар және халықтың белгілі бір осал топтары үшін ұсынылады", - деді Мәдина Әбілқасымова.
ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин онлайн-қызметтер ұсынысына толықтай тыйым салу керіге кетуді білдіретінін қадап айтты. Бірақ ол банктік қызметтерді электрондық тәсілмен ұсынудағы бақылауды қатаңдату бойынша ұсыныстармен келісетінін жеткізді.
"2024 жылдың шілде айының соңында Антифрод орталығы іске қосылды. Орталық іске қосылған сәттен бастап шамамен 600 млн теңгенің 5,5 мыңнан астам жағдай өңделді. 17 млн теңге өз еркімен қайтарылды. Антифрод орталығының жұмысын одан әрі күшейту алаяқтық схемалардың азаюына ықпал етеді. Сонымен қатар ҰҚК-нің Антифрод – орталығына және ұялы байланыс операторларына қосылу мәселесі пысықталуда", - деп атап өтті ол.
Айта кетсек, қазан айының басында Мәжіліс депутаттары Қазақстанда киберқылмыс пен жеке мәліметтердің ұрлануы жылдан жылға артып келе жатқанын, одан зардап шегушілер қатары да өсіп жатқанын, алайда құзырлы органдар бұл ретте қауқарсыз екенін айтып, онлайн несиелерге тыйым салуды ұсынған еді.
Мәселен:
- Қазақстанда онлайн-несиемен байланысты алаяқтық бойынша 85 қылмыстық істің 47-сінде сотқа дейінгі тергеу шаралары тоқтатылды, ал 45 жағдайда құқық бұзушыны анықтау мүмкін болмады.
- төлем карталарын пайдалану арқылы алаяқтыққа қатысты 813 қылмыстық іс бойынша 223 тергеу шаралары тоқтатылды, өйткені күдіктілерді табу мүмкін болмаған.
- 218 жағдайда қылмыскерлер Қазақстаннан тыс жерлерде болған.
"Алмаған несиесін біздің азаматтар неге төлеуі керек", деген депутат Магеррам Магеррамов сол кезде алаяқтықтың осы түрінің одан әрі өркендеуіне жол бермеу үшін электронды несиелеуге тыйым салуды және банктер мен мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтуді ұсынған болатын.