Қазақстанда жеке кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер саны көбеюде

Dalanews 30 нояб. 2017 08:21 813

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікпен айналысып отырған нәзік жанды қауымның саны жыл өткен сайын артып келеді.

Бұл туралы Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы хабарлап отыр.

Мәселен, соңғы 10 жылдың бедерінде кәсіп көзін ашып, жанұясын бағып-қағып отырған  әйелдер қауымының ел экономикасындағы үлес салмағы 50 пайызға өскен екен.

Міне, соның нәтижесіне жалақы төлеудегі гендерлік алшақтық 67 пайызға жетіпті.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Раушан Сәрсембаеваның (суретте) айтуына қарағанда, осы арқылы әйелдер қауымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында атап көрсетілген экономикалық-әлеуметтік міндеттерді орындауға өз үлестерін қосуда.

«Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан-ақ Президент әйелдердің әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Ел экономикасына елеулі үлес қосуда Мемлекет басшысының қолдауын әрдайым сезініп келеміз. Елбасының биылғы Жолдауды біздерді, кәсіп игерген әйелдерді жаңа мүмкіндіктерге жетелейді», – дейді ол.

Тек шағын және орта бизнесте ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік қызметте де әйел адамдардың үлес салмағы артуда. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі күні барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйел депутаттардың жалпы саны 22 пайыздан асқан. Осының арқасында соңғы жылдары Парламенттегі әйелдер саны өсіп 27 пайыздан асты.

Бұл өз кезегінде нәзік жанды қауымның арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге де септесіп отыр. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,6 пайызға төмендеген.

Раушан Сәрсембаева өз кезегінде бұл Қазақстандағы гендерлік саясаттың дұрыс жүргізілуінің нәтижесі дейді.

– Иә, солай. Гендерлік саясаттың жүйелі жүргізілгенінің нәтижесінде әйелдер қауымы ел экономикасының түрлі саласына араласа, атсалыса бастады. Әсіресе олар бүгінде бизнесте көптеп кездеседі. Күні кеше ЭКСПО өтті. Бұл да болашақта бизнеспен біте қайнасатын саланың бірі болады. Бүгінгі күні «жасыл экономиканың» дамуына үлес қосып және содан айтарлықтай табыс тауып отырған әйелдер де баршылық.

Айта кетсек, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы негізінде Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу шарасы да күшейтілді. Бұл бастама қазіргі күні өз нәтижесін беруде.

Атап айтқанда әлемдік экономикалық форумның гендерлік теңдік индексінде Қазақстан биыл 144 мемлекет арасында 51-ші орынға тұрақтаған екен.

Иә, әлі де болса, шешімін табуы тиіс түйткілдер баршылық. Мамандардың пікірінше, жалақы мәселесіне келгенде ерлер мен әйелдердің арасында әлі де теңсіздік бар. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда ерлердің орташа жалақысы әйелдерге қарағанда 33 пайызға көп.

Сонымен қатар, сарапшылар еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық қысымға, ал әрбір оныншы қыз-келіншек зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтады.

Мемлекет бұл тарапта алдағы уақытта кешенді жобалар мен шараларды қолға алмақшы. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат ұлттық комиссиясының өкілдері де елімізде аталған мәселелердің өткір тұрғанын мойындап отыр.

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменнің айтуынша, зорлық-зомбылық мәселелері бұл күн тәртібінде тұрған қиын қоғамдағы мәселелердің бірі.

«Гендерлік теңдік стратегиясының шеңберінде қабылданған мемлекеттегі үлкен заң ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қабылданған заң. Бұл стратегия өте қажет және келешекте де бұл старегиядағы мақсаттарға жету үшін келесі стратегияны қабылдаймыз. Өйткені, 10 жыл бұрынғы көрсеткіштер мен бүгінгі көрсеткіштердің арасы жер мен көктей» дейді ол.

 

Рекомендовать
Последние новости