Дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі қандай?

Dalanews 28 нояб. 2017 08:23 905

Елімізде қоғамға қауіп төндіретін кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамау принципін қалыптастыруымыз қажет. Қазақстан дінтанушыларының VII форумынының шымылдығын түрген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осындай мәлімдеме жасады.

Форумның пленарлық отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөз сөйледі.

Өз сөзінде Ермекбаев қазіргі дәуірдегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі жүзеге асырудың басты бағыттарына тоқталды.

«Қоғамда кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек. Бұл жерде бірлік пен жалпы ұжымдық күш-жігер маңызды. Елбасы мен мемлекеттік саясатты қолдау тек қана сөзбен емес, күнделікті мінез-құлықта, іс-әрекетте, тіпті сыртқы бейнесінде көрінетінін әр азамат өз жақындарына,таныстарына түсіндіруі қажет»- деп атап өтті өз сөзінде ведомств басшысы.

«Кейбір адамдар бар. Сөз жүзінде биліктің, мемлекеттің ұстанымына қарсы шықпаймыз дейді. Мемлекет басшысының саясатын қолдаймыз деп айта тұра, іс жүзінде, айталық, мектеп киім үлгісін сақтау туралы нақты нормативтік құқықтық актілерді бұзады. Бұл бір ғана жайт. Бұдан сырт мемлекет бекіткен заң талаптарына қарамастан өздерінің діни бірлестіктерін тіркеуден әдейі бас тартады.

Үшіншіден, діни уәждерімен екпе егуден, қан құюдан бас тартады; интернеттен шетелдің радикалды дін уағыздаушыларының дәрістерін жүктеп таратады.

Президенттің Қазақстан жұртшылығына және салт-дәстүрлеріне жат сыртқы көріністерге жол бермеу туралы айтқандарына қарамастан мұндайлар басқа елдерге тән қара киім кию, сақал қою, қысқа шалбар киюді жалғастыруда» - деді  Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетелік, форумның жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дінтанушы-ғалымдар, елдегі жоғары оқу орындарындағы дінтану кафедраларының тәжірибелі оқытушылары, ғылыми қызметкерлер мен діни бірлестік және ҮЕҰ-дардың  өкілдері қатысты.

Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының  VII  Форумы «Қоғамдық сананы жаңғыртуда дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі» атты тақырыпқа арналды. Шара ұйымдастырушыларының пікірінше, осынау форумның мақсаты мен міндеті – еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін ғылыми және сарапшылар қауымдастығын және  ҮЕҰ-дың  өкілдерін бірлесіп, жұмыс істеуге шақыру болып табылады.

 

Рекомендовать
Последние новости