Айта кетсек, күні кеше Мемлекет басшысы қабылдауында болған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке атом электр станциясының құрылысын жеделдетудің маңыздылығы түсіндірілген. Бүгіндері Алматыда жүрген министрге журналистер қауымы көпті алаңдатқан сұрақты тағы қойып көрді, деп жазады Dalanews.kz.
"Үкімет жанынан құрылған атом электр станциясын салу мәселесі жөніндегі арнайы комиссия өз жұмысын жеделдетеді, ал консорциумға қатысушылар бойынша шешім 2025 жылдың бірінші жартысында қабылданады", - деді бұл ретте министр қысқа қайырып.
Демек, Қазақстанда атом электр станциясын кім салатыны 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында белгілі болып қалады.
Бұл ретте ресми дереккөздер Қазақстанның Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Франция компанияларының ұсыныстарын қарастырып жатқанын айтқан болатын.
Кеше, 23 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Еліміздің энергетика саласындағы негізгі мәселелер тақысы барысында Президент Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысын жеделдетудің маңызын атап өтті.
Айта кетсек, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы маңында қуаттылығы 2–2,8 ГВт болатын атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып жатыр.