Қазақстанда 10 мың адамнан тұратын елдімекендер 3G байланысымен қамтылған

Dalanews 17 мая 2018 06:07 846

Таяуда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Жиынға Астана қаласының тұрғындары, сарапшылар қауымдастығының және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Кездесу барысында Дәурен Абаев ведомствоның бір жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сонымен қатар министр видеоконференция арқылы еліміздің өзге де аймақтарының және министрліктің ресми сайтына келіп түскен сұрақтарға жауап берді.



Есепті кездесуде биыл министрлік кезең-кезеңімен цифрлық телерадио хабар таратуды қоса бастайтынын айтылды. 2018 жылдың аяғына дейін Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары толық цифрлық хабар таратуға көшеді деп күтілуде. Ал өзге аймақтарды цифрлық хабар таратумен қамтамасыз ету 2020 жылдың аяғына дейін аяқталмақ.

Сондай-ақ, «Ақпаратқа қолжетімділік» Заңын жүзеге асыру аясында «Ашық үкімет» жобасы жүзеге асырылуда. Осы арқылы кез келген азамат мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілеріне блог-платформалар арқылы сұрақтарын қойып, «Ашық диалог» порталында интернет-конференцияларға қатыса алады. Бұл құрал халық пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Өткен жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бағыттарының бірі елдегі Интернет-инфрақұрылымын дамыту болып табылады.

Қазіргі уақытта еліміздегі 13 миллионнан астам адам жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізді. Халық саны 10 мың адамнан тұратын елдімекендер 3G байланысымен қамтылса, халқы 50 мыңнан асатын қалалар 4G стандартымен қамтылған. Өткен жылы еліміздің барлық аудан орталықтары интернет желісінің төртінші буынымен қамтылғанын айта кетуіміз керек.

Министрліктің бұдан кейінгі міндеті кеңжолақты интернетті ауылдық елді мекендерге жеткізуге күш салуда. Ол үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына сәйкес тиісті жұмыс жүзеге асуда. Жоба аясында 2021 жылға дейін жоғары жылдамдықтағы интернетпен жалпы саны 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен қамтылатын болады.

Бағдарлама аясында іске қосылған жобалардың ішінде Дәурен Абаев «Электрондық еңбек биржасы» және электронды коммерцияны дамыту үшін құқықтық жағдай жасалғаны туралы айтты.

Халыққа электронды мемлекеттік қызмет көрсету саласында Ақпарат және байланыс министрлігі жүйелі жұмыс атқаруда.

Сонымен, бүгінгі күні «Электронды үкімет» порталы 235 қызметті алуға мүмкіндік береді, e-License.kz электрондық лицензиялау порталы – 399 автоматтандырылған қызмет түрін көрсетеді.

2017 жылы «Электронды үкімет» порталы арқылы 34 миллионнан астам қызмет көрсетілді, «Е-Лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы 1 миллионға жуық лицензиялар мен рұқсаттар берілді. E-gov.kz порталы арқылы 2012 жылдан бастап 135 мыңнан астам компания ашылды.

Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы барлық мемлекеттік қызметтердің 83% -ын (621 қызмет) көрсетеді. Өткен жылы ол 38 миллион қызмет көрсетті, ағымдағы жылдың басынан бері 10 миллионнан астам қызмет көрсетілді.

 

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

Баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости