Қазақстан Орталық Азияға үлгі цифрлық орталық банк құрмақ ниетте

Кәмшат Тілеухан 15 нояб. 2024 14:35 224

"Біздің міндетіміз – аймақтағы ең үздік, үлгі аларлық цифрлық орталық банк құру, бұл – оңай емес екені де анық. Біз Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды одан әрі дамыту бағытында жұмыс істейміз. Оның ішінде Цифрлық теңге платформасы, Open API & Open Banking платформасы мен ұлттық төлем жүйелері сияқты жобалар бар", деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Тмур Сүлейменов бүгін, ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орайластырып өткізген Қаржыгерлер конгресінде сөйлеген сөзінде айтты.  

"Қазір Қазақстанның қаржы нарығы Орталық Азияда көш бастап тұр. Біздің міндетіміз – өңірдегі көшбасшы позициясын сақтау. Осы мақсатта біз ҚНРДА-мен және нарық қатысушыларымен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға арналған қаржылық реттеушілерді цифрландыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Біз нарықтың даму жолын тежегіміз келмейді, саланың өзі мен оған қатысушылар қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің технологиялық мүмкіндіктеріміздің қарқынды түрде өсуі бүкіл саланың цифрлық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймыз. Біздің міндетіміз – аймақтағы ең үздік, үлгі аларлық цифрлық орталық банк құру, бұл – оңай емес екені де анық", - деді ол.

Оның айтуынша, банкаралық инфрақұрылымның барлығына тең мүмкіндік беру – инновациялардың, бәсекелестіктің қозғаушы күші, түрлі банк өнімдерін дамытудың негізі болады. Осы бастамалардың маңызын ескере отырып, банктер туралы жаңа заңда Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның мәртебесін бекітуді, нарыққа қатысушылардың барлығы оның сервисіне міндетті түрде қосылуын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл бәсекелстікке, бейтараптыққа, адамға бағдарлануға жол ашады.

"Біздің стратегиямыздың тағы бір маңызды аспектісі — data-driven тәсілін дамыту. Біз деректер жеткіліксіз дегенді жиі естиміз, олар түсініксіз, мемлекеттік органдардың қолында, ал нарық оларды қажетті көлемде және формада ала алмайды. Сондықтан біз деректер фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол Ұлттық банктің экожүйесіндегі деректерді жасанды интеллектті пайдалану арқылы интеграциялайды. Бүгінгі таңда біз бета-тестілеу жүргізіп жатырмыз", деп нақтылады Ұлттық банк басшысы.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов цифрлық ақша болашағына тоқталды.

"Сонымен қатар, жаңа алтын цифрлық монетаны таныстырамыз. Оны AIX биржасының Tabys қосымшасы арқылы цифрлық форматта сатып алуға, сатуға және сыйға тартуға, сондай-ақ эксклюзивті UKI дизайнындағы заттай инвестициялық монетаға айырбастауға болады. Алғашқы монеталар 2025 жылдың басында сатылымға шығады. Бір жағынан, біз токенизация трендтерін қадағалап отырмыз, ал екінші жағынан, еліміздің барлық инфрақұрылымын, оның ішінде негізгі биржа – KASE мен жаңа құралдарды дамыту тұрғысынан баса мән беріліп отырған AIX-ті белсенді пайдаланып отырғанымызды көрсетеміз", - деді ол.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі ұлттық валюта – теңге күнінің құрметіне орай 2025 жылдың I тоқсанында жаңа "Цифрлық инвестициялық монета" жобасын іске қосу жоспарымен бөліскен.

 


Рекомендовать
Последние новости