Қазақстан Орта Азиядағы ең ірі экономикалық орталыққа айналды – Расул Рысмамбетов

Қуаныш Әбілдақызы 04 сент. 2024 20:11 5164

Еліміздегі білікті қаржылық кеңесші, экономист Расул Рысмамбетовтің ой-пайымдары экономикалық жағдайларды бақылап отыратын көзі қарақты оқырмандар үшін маңызды екенін жақсы білеміз. Осы ретте Dalanews.kz тілшілері білікті маманмен экономкалық мәселелерге аз-кем сұхбаттасқан еді. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Маман ретінде ел экономикасының дамуын қалай бағалайсыз?

– Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы еселеп өсті. Алайда, экономикамызды әртараптандыру басымдыққа ие болмағандықтан, біз шикізатқа қатты тәуелді болдық. Ара-тұра экономикамызды әртараптандыруға тырыстық, бірақ көбінесе жобалар сәтсіз аяқталды.

Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бізге шынымен де құрылымдық, яғни инфраструктуралық реформалар қажет. Әлі де кеш емес бізде экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік мол. Соны пайдаланып, шикізатқа тәуелді болмаудың жолдарын қарастыруымыз керек.

Тіптен бос жатқан салалар көп, соларды тезірек игеріп, елімізде дамыта білсек экономикаға серпін берер мүмкіндіктер мол еді. Бұл бағытта экономиканың «майын ішіп, жілігін шаққан», әр мүмкіндігін дөп басып, бақылап отырған сарапшылармен бірігіп, жан жақты реформалар қарастырсақ дұрыс еді.

– Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ел экономикасының дамуына не серпін берді?

– Экономикамыздың дамуына серпін берген негізгі факторлар табиғи ресурстарды белсенді пайдалану, шетелдік инвестицияларды тарту және экономикалық реформаларды табысты жүргізуді атауға табылады.

Бұл қадамдар елімізді Орта Азиядағы ең ірі экономикалық орталыққа айналдырды. Біздің негізгі қозғалтқышымыз – мұнай мен металл экспорты. Алайда, осы уақыт ішінде өндірісіміз бәсеңдей бастады. Енді біз оны белсендірек дамытуға кірісуіміз керек.

Өйткені алдағы уақытта шикізатымыз таусылса абдырап қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан инвестицияларды тартып, ел ішінде кәсіпорындарды көбейтіп, жұмыс көздерін арттырып ел экономикасына серпін берер нәрселерді іздеуіміз қажет. Бізге дәл қазір осы бағытта жұмыс істеу керек. Мұны талай сарапшылар айтып та жүр. Әрине мұнайымызды, басқа да шикізатымызды сата білдік, енді басқа да мүмкіндіктерді пайдалану керек.

– Елімізге инвестиция тарту жұмыстарына қандай баға берер едіңіз? Біз жеңдік пе, жеңілдік пе?

– Жалпы, шетел инвестициясын тартуда ұтымды қадамдар жасалды деп есептеймін. Инвестициялар экономикамызға жаңа технологиялар мен білім әкелді, жұмыс орындарын ашты және инфрақұрылымды жақсартты.

Мәселе мынада, біз шетел инвестициясын тартып, өзіміздің, отандық инвесторларға мән бермедік. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалдың құқықтық негіздеріне аз көңіл бөлдік.

Рас, кейде бәрін өзгелердің қолына беріп қойдық, иемденіп алды. Шетелдік инвесторлар қаптап кетті деп жатады. Бірақ бұл жерде мемлекет мүддесі, халыққа тиімділігі ойластырылды деп айта аламын. Олардың еліміздегі жұмысы көп бағытта серпін берді. Соны мойындауымыз керек.

Отандық өндірушілерді қолдай отырып, халыққа пайдалы жағын қарастыруымыз қажет. Осы жылдар ішінде инвесторларды тартудан ұттық. Алдағы уақытта да ұтымды тұсын пайдаланып, солар арқылы өз экономикамызды дамытуға тырыса берген жөн.

– Еліміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бірақ тек шикізат өндіруші ел болып қалуымызға не себеп?

– Біздің шикізат өндіруші ел болып қалуымыздың басты себептері – экономикамыздың жеткілікті түрде әртараптандырылмауы, өңдеуші өнеркәсіптің жеткіліксіз дамуы және инновациялық салалардың әлсіздігі.

Бұл жағдайды өзгерту үшін өңдеу және қызмет көрсету салаларын дамыту қажет. Бұл ұзақ процесс және алдағы 3-5 жылда шикізат экспортына тәуелділігіміз сақталады.

Бірақ бұл бағытта қала беруімізге болмайды. Тез арада жағдайды дұрыстауға тырысуымыз қажет. Ел экономикасына серпін беретін факторларды сарапшылар көмегімен талдап, нақты реформаларды қолға алған жөн. Сонда ғана нәтиже болмақ. 

– Қазақстандық өнімнің сапасын жақсартамыз ба? Қандай отандық өнімге көңіліңіз толады?

– Қазақстандық өнімнің сапасын арттыру үшін инновацияларды енгізу, білікті кадрларды дайындау және сапа стандарттарын қатаң бақылау қажет. Маған әсіресе ауылшаруашылық өнімдері, оның ішінде астық және ет өнімдері ұнайды. Оларды ұялмай кез келген елге ұсына аламыз.

Біздің мұндай ауылшаруашылығы өнімдеріміз көптің көңілінен де шығары сөзсіз. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге, тіпті ауылшаруашылық құрал-жабдықтарын шығаруға да көп көңіл бөлу керек шығар.

Жалпы, біз жеке бизнеске нені өндіру тиімдірек екенін өздері шешуге мүмкіндік беруіміз керек. Өйткені олар өздері зерттеген саладан нәтиже шығаруға тырысады. Еліміздегі өндіріліп жатқан өнімдердің қай қайсысы болмасын өте сапалы, құнарлы, халықаралық талаптарға сай келеді. Тек одан әрі таралу мүмкіндігін арттыра білсек болғаны.

– Елімізде ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау үшін не істеу керек?

– Ұлттық экспорттаушыларды қолдау үшін оларды шекараға дейін тасымалдауға субсидиялар беру, экспорттық нарықты зерттеу және маркетингтік қолдау көрсету, сондай-ақ логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажет.

Шыны керек ұлттық экспорттаушыларымыз өнімін одан әрі таратуға жүрексінуі мүмкін. Немесе жолдарын білмеуі мүмкін. Мемлекет тарапынан қолдау білдірсек, олар ары қарай алып кетер еді. Көп жағдайда жеткізу қызметі де ақсап жатады. Осы тұрғыдан қолдау білдірсек олардың тынысы ашылар еді.

– Көп жағдайда елдегі тауардың құны адамдарды ренжітеді. Бағаны тұрақтандыру үшін не істеу керек?

– Бағаны тұрақтандыру үшін өндірісті ұлғайту, бәсекелестікті арттыру, тиімді логистикалық жүйені құру және инфляцияны бақылауда ұстау да маңызды. Елімізде бәскелестер аз. Сондықтан ойына келген бағаны қойып отыратын жағдайлар болады. Егер бәсекелестер көбейсе өзара тауар сапасына, бағасына, тауарының құрамына, халыққа пайдалылығына мән беріп өзара жарысар еді.

Бұл өзара бәсекелестік өнім сапасын арттырып қана қоймай бағасына да әсер етеді. Сондықтан неғұрлым бәсекелестікті арттыруға мән берген жөн. Баға тұрақтылығын сақтаудың көптеген жолдары бар. Мемлекеттік қатаң бақылау да баға тұрақтылығын қамтамасыз етер еді.

Жалпы еліміз ел экономикасын арттыруға барынша тырысып жатыр. Аз да болса өндірушілер көбейіп келеді. Баға да қазір тұрақтана бастаған. Бұл осы бағытты атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Негізі біздегі өнімдердің сапасы жақсы.

Тек үлкен нарыққа жол таба білу керек. Ел экономикасына серпін берер дүниелерді дамыта беруіміз керек. Мәселен үйлер көп салынып жатыр. Әсіресе соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы тоқтаған емес. Бірақ үй бағасы түспей тұр. Неге? Біреулер құрылыс заттарының сырттан келетінін, біреулер сұраныстың артуын айтады. Қалай болмасын жұмыстар жасалынып жатыр.

Бірақ баға көтеріліп барады. Демек басқа да ықпал ететін факторлар бар. Әр мәселені жеке қарастырып, баға тұрақтандырудың нақты реформаны жасау керек.

Баға тұрақтанбай халықтың әлеуметтік жағдайы тұрақталмайды. Баға әрбір адамға әсер етеді. Бесіктегі баланың жөргегінен бастап, қарт адамдардың дәрі дәрмегінің өзі үнемі құбылып тұрады. Демек қоғамның әрбір мүшесіне әсер етіп жатқан баға тұрақтылығына қатысты бір шешім керек.

Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА


Рекомендовать
Последние новости