Қазақстан мен Оңтүстік Корея: жаңа заманда жаңа сапалы қатынастар

Dalanews 31 мая 2023 15:59 1066

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Жинмен екіжақты келіссөзер жүргізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Оңтүстік Корея ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды талқылады.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұрат Нұртілеу Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі екенін атап өтті. «Достық пен өзара сенімге негізделген Оңтүстік Кореямен әріптестікті дамыту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтарының бірі. Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті корей компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға біз толық дайынбыз», – деді Министр.

Өз кезегінде, Министр Пак Жин Сеул екі ел арасында қалыптасқан сенімді қатынастар негізінде корей-қазақ кеңейтілген стратегиялық әріптестігін дамытуға ниетті екенін айтты. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар мен саяси өзгерістерді жоғары бағалады. «Біз экономикалық даму саласындағы өз тәжірибеміз негізінде Қазақстанға қолдау көрсетуді одан әрі де жалғастыратын боламыз» - деді Оңтүстік Корея СІМ басшысы.

Тараптар екі ел арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру жолымен өзара мүдделілік білдірді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 млрд АҚШ долларына жеткен өзара тауар айналымының екі есе ұлғаюы қанағаттанушылықпен аталып өтті.

Оңтүстік Корея – Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі және Азияда ауқымы жағынан екінші сауда серіктесі. ҚР экономикасына салынған корей тікелей инвестициялар көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл екіжақты инвестициялық ынтымақтастық тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. Қазақстанда корей бизнесінің қатысуымен 740 компания тіркеліп, 28 ірі жоба іске асырылды.


ҚР-дағы «алтын көпірдей» екі ел арасындағы достықты нығайтуға ықпал ететін корей диаспорасының рөліне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 119 мыңнан астам этникалық кәрістер тұрады.

Сонымен қатар Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша елдердің ұқсас ұстанымдарда екенін, ал көпжақты дипломатияда өзара қолдау жолға қойылғанын атап өтті.

Екі ел азаматтарының еңбек және көші-қон құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері келіссөздердің жеке тақырыбы болды. М. Нұртілеу Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуын қамтамасыз етудің маңыздылығына, әсіресе Қазақстанды Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесінің» тізіміне қосуға назар аударды.

Тараптар мүдделілік танытып отырған барлық мәселелер бойынша үздіксіз және дәйекті жұмысты жалғастыру үшін 2023-2024 жылдарға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Рекомендовать
Последние новости