Қазақстан мен ЕО: Көпқырлы ынтымақтастық үлгісі - сарапшы пікірі

Жарбол Кентұлы 28 мар. 2025 21:01 1315

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуроодақтың Жоғарғы өкілі Кая Калласпен кездесіп, сауда, энергетика, цифрландыру және Транскаспий көлік дәлізін дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Кая Каллас Қазақстанның Еуроодақпен серіктестік келісіміне қол қойған алғашқы аймақтық ел екенін атап, бұл байланыстардың ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ, виза рәсімдерін жеңілдету процесінің басталғанын мәлімдеді. Отандық сарапшылар бұл қадам қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтып жатыр.


Қазақстанның өңірлік көшбасшылығы мен ЕО-мен қарым-қатынасы
Саяси ғылымдар докторы Жомарт Сімтіков Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшылық рөлі мен ЕО-мен қарым-қатынасының маңызын жан-жақты талқылап берді. Оның пікірінше, Қазақстан – аймақтағы ең ірі экономикаға ие ел, оның саяси тұрақтылығы өңірдің дамуына ықпал етеді.


«Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшылық позициясы мен ЕО елдерімен қарым-қатынасы қазіргі уақытта аса үлкен стратегиялық мәнге ие. Орталық Азияның географиялық және саяси жағдайы оны үлкен халықаралық күштердің мүдделер орталығына айналдырады, ал Қазақстан осы аймақтың негізгі саяси, экономикалық және мәдени орталығы болып табылады.

Өңірлік көшбасшылық бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға ие және оның саяси тұрақтылығы мен даму үрдісі аймақтың болашағын айқындайды. Бұл елдің Орталық Азиядағы көшбасшылығы халықаралық аренада да маңызды, себебі ол аймақтағы қауіпсіздік, энергетика, және сауда-саттық мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аймақтық тұрақтылықты сақтау мен даму жолында маңызды рөл атқарады», - деді ол.


Көпвекторлы сыртқы саясат және өңірлік ықпал
Қазақстанның көпвекторлы саясаты түрлі халықаралық күштермен тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Яғни бұл елдің сыртқы қатынастарында біржақты бағытты емес, әртүрлі халықаралық қатынастарды теңдестіре отырып, өз мүдделерін қорғауға бағытталған стратегия. Бұл саясаттың басты ерекшелігі – Қазақстан өз сыртқы саясатында кез келген күшті таңдамай, барлық елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ұмтылады.
Жомарт Сімтіковтың пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының ерекшеліктеріне тоқталсақ, ол бірнеше негізгі бағыттарға негізделген.


«Біріншіден, ірі державалармен тең қарым-қатынас. Қазақстан Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Түркия және басқа да аймақтық державалармен стратегиялық әріптестік орнатқан. Бұл саясат елдің географиялық орналасуына байланысты түрлі күштер арасында тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Ресеймен тарихи және экономикалық байланыстар, Қытаймен сауда-энергетикалық әріптестік маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Қазақстан АҚШ және ЕО-мен демократия мен құқық қорғау саласында да ынтымақтастықты дамытуда.


Екіншіден, өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздік. Қазақстан Орталық Азиядағы саяси және экономикалық ықпалын арттыруға ұмтылып, аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуде белсенді рөл атқарады. Ол Орталық Азия елдері арасындағы әріптестікті нығайту үшін «Орталық Азия саммиті» сияқты платформаларды қолдайды, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен сауда, инфрақұрылым және экология салаларында ынтымақтастықты кеңейтуде.


Үшіншіден, халықаралық ұйымдармен байланыс. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) белсенді мүшесі ретінде көпвекторлы саясатты жүзеге асырады. ШЫҰ аясында қауіпсіздік, терроризммен күрес, сауда секілді салаларда ынтымақтастықты нығайтып, ЕАЭО шеңберінде экономикалық интеграцияны дамытуда маңызды рөл атқарады.


Төртіншіден, су ресурстарын басқару. Қазақстан үшін Орталық Азиядағы су мәселесі стратегиялық маңызға ие, өйткені аймақтағы су ресурстары бірнеше елдің шекарасын кесіп өтеді. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан халықаралық деңгейде бастамалар көтеріп, өңірлік әріптестерімен тиімді ынтымақтастық жолдарын іздеуде.


Бесіншіден, экономикалық және энергетикалық дипломатия. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын әлемдік нарыққа шығару үшін көпвекторлы саясат ұстанады. Энергетикалық салада Қытай, Ресей, Еуропа елдері және АҚШ-пен стратегиялық әріптестікті дамытып, Орталық Азияның басты көлік-логистикалық және энергетикалық хабына айналуды көздейді. Осылайша, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты тұрақтылықты сақтау мен халықаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған», - деді сарапшы.


Ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы
Айта кетелік, ЕО Қазақстанды экономикалық даму мен демократиялық реформалар бағытындағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Сауда, инвестиция, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазақстан үшін ЕО-мен әріптестік – сауда, технология және экология салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол. Сонымен қатар, Ресеймен тарихи байланыстар, Қытаймен сауда-энергетикалық серіктестік, ЕО және АҚШ-пен демократиялық реформалар, Орталық Азия елдерімен қауіпсіздік және экологиялық мәселелер бойынша ынтымақтастық, ШЫҰ және ЕАЭО аясында интеграцияны нығайту, сондай-ақ көлік-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның өңірлік хаб ретіндегі рөлін арттыруға ықпал етеді.


Саясаттанушы Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестіктің бірнеше маңызды аспектілерін атап өтті.
«Ең біріншісі, сауда-экономикалық қатынастар, бұл жерде Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі болып табылады, ал ЕО - Қазақстан экономикасына негізгі инвестор.

Екіншіден, құқықтық реформалар, демек ЕО Қазақстанның заңнамалық өзгерістеріне қолдау көрсетіп, демократиялық стандарттарды дамытуға ықпал етеді. Үшіншіден, энергетикалық және экологиялық әріптестік бойынша Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу бойынша ЕО-мен ынтымақтастық орнатып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуда. Төртіншіден, қауіпсіздік саласындағы әріптестік, ЕО Қазақстанға терроризм, экстремизм және есірткі саудасына қарсы күресте қолдау көрсетеді. Бесіншіден, білім және мәдени байланыстар, мәселен Erasmus+ бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер мен ғалымдардың халықаралық тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріледі», - деп атап өтті.


Сонымен қатар, сарапшы Қазақстан мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы білім беру және мәдени байланыстарға тоқталды.


«Қазақстан Орталық Азиядағы мәдени диалогты дамытуда үлкен рөл атқарады. Елдің көпэтникалық қоғамы мен діни төзімділігі өңірдің мәдени бірігуіне ықпал етеді. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтып, экономикалық байланыстарды күшейтуге және интеграциялық процестерді дамытуға үлес қосуда. Осы бағытта Қазақстан мен ЕО арасында мәдени жобалар жүзеге асырылып, ЕО Қазақстанның мәдени алуан түрлілігіне қолдау көрсетеді. ЕО Қазақстанға білім беру саласында қолдау көрсетіп, қазақстандық студенттер мен ғалымдарға Erasmus+ бағдарламасы арқылы халықаралық білім алмасу мүмкіндігін ұсынады. Бұл екіжақты ғылыми байланысты нығайтып, елдің білім жүйесін дамытуға ықпал етеді», - деп айтты.
Жомарт Сімтіковтың пайымдауынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестік – көпқырлы әрі стратегиялық маңызы бар ынтымақтастық үлгісі.


«Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестік – көпқырлы әрі стратегиялық маңызы бар ынтымақтастық үлгісі. Саяси және құқықтық реформаларда ЕО Қазақстанға қолдау көрсетіп, адам құқықтары мен демократияны қорғау бағытында серіктес болып отыр. Тараптар азаматтық қоғамды дамыту және демократиялық стандарттарды енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде. Энергетикалық және климаттық саясатта да ынтымақтастық нығаюда. ЕО Қазақстанның мұнай, газ және жаңартылатын энергия көздерін игеруге қызығушылық танытып, инвестициялар мен технологиялық қолдау көрсетуде. Қазақстан өз кезегінде энергетикалық секторын әртараптандырып, жасыл экономикаға көшуге ниетті. Бұл серіктестік саяси, экономикалық, құқықтық және мәдени мүдделерді қамти отырып дамып келеді. Қазақстан үшін ЕО-мен ынтымақтастық экономикалық өсім мен демократиялық реформаларға серпін берсе, ЕО Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде бағалайды», – деп түйіндеді саясаттанушы.

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости