Қазақстан жол сапасы бойынша әлемнің көп елінен көш ілгері — журналист

Қаракөз Амантай 23 авг. 2025 13:17

Қазақстанда жол құрылысы қарқынды дамып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосып келеді. Журналист Ербол Мәндібек бұл туралы өз жазбасында пікір білдіріп, еліміздің инфрақұрылым саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Шетелдік қонақтар қазақтың жолын көріп жиі таңқалып жүр. Расында, біздің тас жолдар көптеген елден көш ілгері. Баяғыда 8 сағат жүретін жолды бүгінде 2 сағатта өте шығамыз. Яғни, жол түзелгелі жүру уақыты 6 есеге қысқарған. Тақтайдай тегіс жолға түскенде, уақыттың қалай қысқарғанын емес, өмірдің қалай жеңілдеп қалғанын сезесің”, – деді ол.

Журналист Қазақстанның кең территориясы мен әртүрлі климаттық жағдайы жолдардың тозуына әсер ететінін айта келе, мемлекет тарапынан жыл сайын мыңдаған шақырым автожол салынатынын атап өтті.

“Еліміздің территориясы Европаның мемлекеттеріндей шағын немесе Шығыс Азия, Араб елдеріндей бір мезгілді емес. Қысы қақаған аяз, жазы аптап ыстық, көктемі жауын-шашын, күзі ызғар бәрі жолдың тозуына әсер етеді. Бірақ соған қарамастан мемлекет мыңдаған шақырым автожол салып, халықтың өмірін жеңілдетіп келеді.

Ел президенті үлкен жиындардарда, жолдауында жол мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Президенттің тапсырмасына сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде 13 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, соның ішінде 7 мың шақырымы орташа жаңартудан өтуде. “Жезқазған – Петропавл”, “Мұқыр – Құлсары”, “Орал – Атырау” сияқты ірі бағыттар қолға алынып, “Орталық – Батыс”, “Қарағанды – Жезқазған”, Сарыағаш пен Шымкент айналма жолдарының құрылысы басталды. “Қалбатау – Майқапшағай” жолы аяқталуға жақын”, — деп қосты ол.

Ербол Мәндібектің айтуынша, оның туған жері Торғай да республикалық маңызы бар жол торабына айналмақ.

“Президент пәрмен беріп, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағытында тас жолдың құрылысы басталды. Бұл тұтас Торғай өңірінің күретамырына айналады.

Жол жай ғана асфальт емес, ол экономика күретамыры. Туризмді дамытайық десек те, тауар тасымалын жеңілдетейік десек те, алдымен жолға мән беруіміз керек.”, – дейді ол.

Сонымен қатар ол теміржол саласында да ауқымды жобалар жүріп жатқанын атап өтті.

“Ұзындығы 1300 шақырымнан асатын “Достық – Мойынты” желісі, Алматы айналма жолы, “Дарбаза – Мақтаарал” және “Бақты – Аягөз”ьбағыттары қолға алынған. Биыл “Достық – Мойынтының” екінші жолы мен Алматы айналма желісі пайдалануға берілмек. Бұл жүк тасымалын бес есеге дейін арттырып, елдің көлік-логистика әлеуетін жаңа деңгейге шығарады”, — дейді ол.

Журналист әуе қатынасы саласында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

“Астанада 2025 жылы $1,1 млрд инвестициямен екінші ұшу-қону жолағы мен жаңа терминал құрылысы басталады. Шымкентте 2024 жылдың соңында жаңа терминал ашылып, әуежайдың өткізу қуаты жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға бір-ақ көтерілді. Ал Ақтөбеде биыл 15 мың шаршы метрлік заманауи логистикалық хабтың құрылысы басталды.

Бүгінгі Қазақстандағы жол, теміржол, әуежай – бәрі ел дамуының тамырына қан жүгіртіп тұрған инфрақұрылым. Кеше ғана 8 сағат жүретін аралықты 2 сағатта еңсеріп отырғанымыз – соның айқын дәлелі”, — дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости