Қазақстан экономикасы: Кеше. Бүгін. Ертең.

Қуаныш Әбілдақызы 03 июл. 2024 11:51 3300

Ел экономикасы халықтың тұрмыс тіршілігімен тығыз байланысты. Экономикамыз жоғарылаған сайын халықтың да тұрмыс тіршілігі жақсара түсері анық. Осы орайда 30 жыл ішінде экономикаға серпін берген не нәрсе? Қазіргі хәліміз қалай? Ертеңіміз көңілге күдік тудырмай ма? Экономист сарапшылардан сыр тартып көрген едік.

 

Шикізат пен қаржы саласы экономиканың дамуына серпін берді

Меруерт МАХМҰТОВА, Public Policy Research Center директоры, экономист:

– 30 жыл деп нақты айтуға болмас. Алғашқы он жылда, яғни 1991 жылдан 2000 жылдарға дейін еліміздің экономикасы дами қойған жоқ. Керісінше, жылдан жылға құлдырады. Мысалы 1996 жылы 1990 жылға қарағанда еліміздің экономикасының дамуы, яғни, жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші 40 пайызға төмендеген. Кейін 1997-1998 жылдары халықаралық дағдарыс болды. Мұнайдың бағасы  1998 жылы 10 доллар баррель үшін төмендеген. 1999 жылы бюджетті үш рет қысқартты.

Кейін 2000-шы жылдары ұзақ мерзімді экономика мөлшері жылда 10 пайызға өсіп отырды. Оған себеп болып, ықпал еткен ең алдымен мұнай бағасының өсуі болды. Шикізат бағасы да халықаралық бағыттарда жоғарылады. 1990-шы жылдары болған жекешелендіру, жеке бизнестің дамуына үлес қосатын бағдарламалар дамуға дем берді.

Сол 2000-шы жылдары Қазақстан экономикасы тұрақты түрде жылдан жылға дамыды. 2003-2009 жылдар аралығында теңгеміз тұрақтанып, долларға қарағанда күшейді. 2010 жылдары алдыңғы он жылдыққа қарағанда экономикамыз соншалықты жоғары деңгейде дамымады. 2013 жылы еліміздегі жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 13,5 мың доллар болса, сол даму деңгейіне біз енді ғана он жылдан кейін жетіп жатырмыз.

2014 жылы Ресей Қырымды басып алды. Соның салдарынан халықаралық санкцияға ұрынды. Ресей рубльі қатты құнсызданды. Қазақстанның теңгесі 2015 жылы қайтадан құнсызданып, девальвацияға ұшырады. Сондықтан 2010-2020 жылдары экономикамыздың дамуы салыстырмалы түрде төмен болды.

Осы 30 жылдың ішінде экономиканың дамуына серпін қосқан не десек, ол бірінші 1990 жылдардың ортасында қабылданған сосын іске қосылған экономикалық реформалар дер едім. Екіншіден, жекешелендірудің арқасында көп халықаралық инвесторлар келіп, шикізат секторының дамуына үлес қосты.

Негізі еліміздегі экономиканың дамуына серпін берген ең маңызды сектор шикізат секторы. Одан соң қаржы секторы ел экономикасына айтарлықтай ықпал етті. Соңғы жылдары қаржы секторы жақсы дамып жатыр. Яғни цифрлық даму салаға серпін әкелді десек те болады. Электрондық банк қызметі ел экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал етті. Жалпы Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ел экономикасының дамуын айтып отырғанда ескерте кететін жайт, 1990-1991 жылдары ауылшаруашылығының ЖІӨ үлесі 33-34 пайыз болса, қазіргі таңда мөлшері 5 пайыз маңайында.

Бізде шикізат секторы дамығаннан, ауылшаруашылығы мүлдем құлдырап қалды. Кезінде колхоз, совхоздарды таратып, орнына ауылшаруашылығымен айналысатын ірі бизнес келмеді. Және де халықаралық инвесторларға біздің ауылшаруашылығымыз қызығушылығын тудырмай отыр. Әзір экономикамыз ұзақ мерзімде тұрақты дамитын жолға түсті деп айтпас едім. Экономикалық өркендеу мұнайға негізделген. Азық-түлік қауіпсіздігі әлі де қамтамасыз етілмеген. Дегенмен елдегі жасалып жатқан жағдайларға орай ертеңімізден үміт мол.

 

Бізге нақты ашылып, әрі қарай жұмыс істеп кететін өндіріс керек

Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:

– Шыны керек бір кездері қант жоқ халықтың бидаймен шай ішкен кездері болды. Тіпті, рожки жоқ ұнды илеп, соны кесіп қолмен майға қуырып жеген күндері де болды. Жарық сағатпен ғана жанатын, кешке дейін сабақ оқып үлгере алмасақ май шаммен отырып сабақ оқитынбыз. Мұның барлығы 1999 жылдарға дейін болды.

Тіпті ұнның сапасы сын көтермейтін. Үйден пісірген нанның іші суланып жататын. Қалтасы жоқ, қолыңды сұғып қалсаң терең бойламайтын талай Қытайдың киімдерін кидік. Сол кездегі ел экономикасы шынымен сын көтермейтін.

Қазір ол кезеңдермен салыстырғанда жағдайымыз жақсарды. Рас, Қытайдың өндіріс орындарының дамып, елімізге ең болмаса қалтасы бар киімдер әкелуімен ғана емес, елдің жағдайы шикізат шығарып сатуымызбен де жақсарды.

Бірақ сол жылдары түсіндік Қытай бізге қандай тауар ұсынса соны қолдануға мәжбүр екеніміз. Қатты аязда сынып сынып кететін картон етіктер, жылуы жоқ курткалар да кидік. Сондықтан сол кезде ақ есімізді жиып өзімізді өзіміз киіндіруге тырысуымыз керек еді. Арада отыз жылдай уақыт өтті. Әлі күнге сырттан келген етікке, сырт киімге тәуелдіміз. Олар қандай нәрсе ұсынса соны киіп, қанағат етіп отырмыз. Қырғыздарда да, өзбектер де өздерінің жеңіл өнеркәсібін дамытып жолға қойды. Ал біз ше? Тіпті ұлттық киімізге шейін өзгелер тігіп беріп отыр. Отандық бірлі-жарым сән үйлерінің тіккендері тым қымбат тек байларға қызмет етіп жатыр.

Тек шикізат шығарып, ел экономикасы керемет деп айту қиын. Осы жылдар ішінде тек шикізатқа иек артып келдік. Ал дәл қазір қайтарымсыз несиелер беріп, кәсіпкерлікті қолдаған болып жатырмыз. Бірнеше жылдан бері осы бағытта ақша да таратып жатырмыз. Бірақ одан қаптап кеткен кәсіпорынды көре алып отырғанымыз жоқ. Ендеше неге құр кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпорынды көбейтуге көңіл бөліп отырмыз деген сөз үшін өтірік несиелендіріп, қаражатты шашамыз?!

Бізге нақты ашылып, әрі қарай жұмыс істеп кететін өндіріс керек. Бұл салаға жұмсалып жатқан әр ақшаның сұрауы болуы керек. Мәселен нәски ашам деп несие алғандар болыпты қайтарымсыз. Түптеп келгенде отандық шұлық та жоқ, ақша да жоқ. Жалпы, мемлекеттің қайтарымсыз несие жүйесін, кәсіпкерлерді қолдауын өте жоғары бағалаймын. Бірақ қадағалау болу керек. Онсыз опық жейміз.

Мемлекет қолдан келгенше халықтың жағдайы жақсарып, шағын кәсіпкерлікті қолдауға тырысуда. Ол үшін төмен пайызбен несие беріп, қайтарымсыз несиелендіру жолдарын да қарастырып жатыр. Бірақ ол қаржының нақты кәсіпкерлерге жетуін қадағалау керек. Сол секілді малшаруашылығымен айналысам дегендерге де несиелендіру жүргізілді. Бірақ сол қаржыны алып үй салып, баласына той жасап кеткендер де болды.

Мұндай жағдайлармен біз экономикаға серпін беретін мал шаруашылығын дамытып, шағын өнеркәсіпті өркендете аламыз ба?! Әрине жоқ.

Жалпы кейбір елдермен салыстырғанда банк қызметінің цифрлануы, халықтың қаржы төлем жүйесі, онлайн сату жағынан көп елден алға кеттік. Үйден шықпай қазақстандықтар қазір талай қызметті онлайн істей алады. Ал енді экономикалық дамуға серпін беретін басқа өнеркәсіп орындары, экспортқа өнім шығару секілді дүниелер жағынан ақсап тұрмыз. Дегенмен еліміздегі осынша қолдауды көріп, әлі де болса экономикаға серпін беретін факторларды алға шығарамыз деген үміт зор. Сондықтан ел экономикасынан үлкен үміт күтем.  

 

Әлеуметтік саладғы оң өзгерістер

Ерлан ШӘМІЛ, қаржы сарапшысы:

– Еліміздің дамуы экономикалық факторларға тікелей байланысты. Сондықтан ел дамуын сөз еткенде экономикалық дамуға мән бермеу мүмкін емес. Негізі осы жылдар ішінде еліміздің экономикасын көтеруге арналған көптеген реформалар қабылданды. Әрине, олардың барлығы нәтижесіз емес. Бүгінгі күнгі халқымыздың тұрмыс тіршілігінің жақсаруы, ел экономикасының дамуы осыдан 15-20-10 жыл бұрын қабылданған реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасы. Олардың әрқайсысының кішкене болса да әсері болды.

Президентіміз де әр жыл сайынғы Жолдауында ел экономикасын мәндетті түрде басты қадағалауда ұстап отырды. Әр Жолдауындағы бірінші бағдары жаңа экономикалық саясатқа бағытталып отырғанына қарап-ақ Мемлекет басшысы тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын бағамдауға болады.

Жолдауда экономиканы әртараптандыру, шағын кәсіпкерлікті қолдау, мал шаруашылығын дамыту арқылы экономикаға серпін беру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, саланы цифрландыру, ауылшаруашылығын дамыту, тамшыландыру суару арқылы көп өнім алу, мал басын асылдандыру, шетелден асыл тұқымды мал тасу секілді талай эксперименттер жасалды. Оның ішінде ұнағанын өзімізге алып, ұнамағаны қатардан шығып қалды.

Сондықтан ел экономикасын дамытуға түрлі бағыттарда қадамдар жасалып жатыр. Соның арқасында талай елден жағдайымыз көш ілгері. Ойбай олай етсек арабтардан артық өмір сүрер едік, былай етсек көшбасшы елге айналар едік деген ертегіге сенудің қажеті жоқ. Өйткені қолдан келгенін жасап жатқанын көз көріп отыр.

Жылдан-жылға елдің әлеуметтік жағдайын көтеретін көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Мәселен, зейнетақы қорындағы қаржынының шектік көлемнен асқанын пайдалану бұрын арман болатын. Алайда соңғы жылдары талай қазақстандық осы өзгерістің игілігін көріп, ипотекалық несиесін жауып, медициналық кейбір қызмет түрлерін алып, тісін жөндетіп, ипотекасының алғашқы жарнасы ретінде құйып игіліктеріне пайдаланып жатыр.

Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржылық үлесін алу да бұл бағыттағы оң қадам болды. Қазір талай баланың есепшотында 100 доллар көлеміндегі ел байлығының үлесі жатыр. Осы жылдар ішінде еліміз бермейміз деген жоқ, бірақ мүмкіндігі болмады.

Қазір ел еңсесін тіктеген уақытта болашақ ұрпақ қамын ойлап, есепшоттарына қаржы аударуды жоғары бағалаймын. Талай елде, мына көрші отырған елдерімізде мұндай игілік арман. Мұны атап өтуіміз керек. Ел өмірінің экономикалық-әлеуметтік саласына баса назар аударылып отырғанын осыдан ақ байқауға болады. Талай жылдар инклюзивті қоғам құруға тырысу бар болғанымен, қадамдар әлсіз еді. Қазір инклюзивті білім беру, мамандандыру, барлық ортада оларға қолайлы жағдай жасау анық байқалады. Бұл да болса халық қамын ойлап жатқанымыздың бір көрінісі.

Бұрын, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан аспайтын. Қазір жас аналар баласын күтіп, бағып 1,5 жылға шейін үйде алаңсыз отыра алады. Оларға берілетін жәрдемақы да сол уақытқа дейін тоқтамайды. Бұл да бұрын арман секілді болатын. Қазір игілігін көріп жатырмыз. Мұның барлығы көз алдымызда болып жатқан өзгерістер.

Сондықтан сынай бермей ел ішінде атқарылып жатқан шараларды оң бағалап үйренуіміз керек. Айтпақшы, елдің әлеуметтік жағдайы дегенде денсаулық сақтау саласын дамыту, ана мен балаға қамқорлық жасау, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау арқылы ұзарту секілді өзгерістер де орын алып жатыр.

Халықтың ұсынысын ескеріп, зейнет жасын бірден көтеріп тастамай сатылап, кешенді түрде көтеріп жатыр. Бұл да халық пен биліктің келісе отырып, ортақ шешіп табуы деп ойлаймын. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан бұл шаралардың барлығы елдің әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Жалпы, осы шаралардың барлығының ел дамуына оң ықпалы бар. Рас, бүгінгі күні экономиканың негізгі қозғаушы күші саналып отырған шикізатқа тәуелділік көп айтылып жатыр. Бірақ одан да  біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту арқылы дамыған елдердің қатарына енеміз деген ойым бар. Мемлекетіміздің де басты мақсаты да осы болатын. Ол күн алыс емес. Тек тұрақтылық пен бейбітшілік болса ел экономикасының дамуы жолында осы өзгерістердің барлығы нәтиже берері анық.


Рекомендовать
Последние новости