“Қазақ туристері өз абыройын өздері түсіріп жүр”. Журналист шетелдегі даулы оқиғаларға пікір білдірді

Қаракөз Амантай 23 июл. 2025 15:43

Кейінгі уақытта шетелде жүрген қазақстандықтардың әрекеті қоғамның қызу талқысына түсіп, ел имиджіне кері әсер етіп жатқаны байқалады. Жақында ғана Аружан есімді блогер Қытайда пранк жасаймын деп жұрттың наразылығына ұшыраса, араға ұзақ уақыт салмай, Вьетнамда отандасымыздың қатысуымен жаппай төбелес орын алды. Журналист Артұр Нығметов бұл жайттарға алаңдаушылық білдіріп, еліміздің халықаралық беделіне көлеңке түсіп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытайда пранкпен басталған дау

Бұған дейін Қытайдың Гуанчжоу қаласында қазақстандық блогер қоғамдық орында шетел азаматтарына пранк жасап, қызу сынға қалған еді. Бойжеткен метрода бейтаныс ер адамдардың тізесі мен қолынан ұстап, олардың  реакциясын видеоға түсірген. Тағы бір бейнежазбада ол серіктесінің қалтасынан ұялы телефонды жасырын алып шығып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға ұстатып жібереді. Кейін телефоны жоғалды деп, серіктесіне әлгі адамды нұсқайды.

Қазақстан азаматының бұл әрекеті Қытайда қызу талқыланып, әлеуметтік желіде наразылық тудырған. Қытайдағы бірнеше басылым полиция бойжеткенді бақылауына алғанын жазған. Қазақстанға оралған соң, блогер Аружан жасаған ісіне өкінетінін айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.

“Менің видеом біреуді ренжіту мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Видеом біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контентті жариялау мәселесіне мұқият қараймын”, — деді ол Қазақстанға оралып.

Полиция бойжеткенге профилактикалық әңгіме жүргізіп, контент жариялау кезінде мұқият болуды ескерткен. Сонымен қатар сыртқа шыққанда өзге елдің заңын сақтауға шақырды.

Вьетнамдағы төбелес

Қытайдағы оқиғаның ізі суымай жатып, Вьетнамда тағы бір келеңсіз жағдай тіркелді.

Дананг қаласындағы көңіл көтеру орнында қазақстандық азаматтың қатысуымен жаппай төбелес болды. Оқиғаға Вьетнам тұрғындарымен қатар өзге елдердің азаматтары да араласқан. Видеодағы басты кейіпкер – Темірлан есімді азамат болуы мүмкін. Белгілі мәліметтерге қарағанда, ол туристік фирманың иесі.

Видеодағы қазақстандық азаматтың үстінде “Спарта Қазақстан” қауымдастығының логотипі бар ақ жейде болғаны байқалады. Бұл ұйым мотивациялық тренингтерден өткен азаматтарды біріктіретін қауымдастық ретінде танымал.

Оқиғаға қатысты әзірге Вьетнам немесе Қазақстан тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Журналист қандай пікір білдірді?

Артұр Нығметов мұндай оғаш әрекеттер елдің сыртқы беделіне нұқсан келтіріп, дипломаттардың ұзақ жылдар бойғы еңбегін зая кетіріп жатқанын айтты.

“Әрине, бұлар тек БАҚ бетіне шығып үлгергені ғана. Біз білмейтін, ақпарат құралдарына жетпеген мұндай жағдайлар қаншама? Өкінішке қарай, қазақстандықтардың шетелдегі оғаш әрекеті салдарынан көптеген елдер азаматтарымыз үшін визасыз тәртіпті қайта қарастырып жатыр. Кейбірі визасыз режимнен бас тартса, енді бірі елде болу уақытын қысқартуда”, – дейді журналист.

Нығметов қазақстандық туристердің бұл әрекеті дипломаттардың көп жылғы еңбегін жоққа шығарып отырғанын атап өтті.

“Дипломатиялық қызмет ондаған жылдар бойы әрең дегенде қол жеткізген келісімдер мен рейстерді, жинаған абырой мен сенімді осындай бірнеше жауапсыз адам әп-сәтте тас-талқан етуде. Қазақ паспорты, қазақ аты мен беделі осылайша құнсызданып барады. Шетелде “қазақ” деген сөзден үркитін жағдайға жетті. Мұны еш әсірелеусіз айтып отырмын. Бұл – ақиқат. Бұл – ұят”, – деп қынжылады журналист.

Артұр Нығметов шетелге шыққан әр қазақ Қазақстанның келбеті екенін ұмытпаса дейді.

“Шетелде сіз – өз еліңіздің өкілісіз. Қандай әрекет етсеңіз, тұтас ел туралы да сондай ой қалыптасады. Өз абыройымызды өзіміз түсірмейік. Бәлкім, осыны түсінетін кез жеткен шығар”, – деп түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости