Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ісі бойынша тәркіленген бағалы бұйымдар электронды сауда алаңында сатылымға қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Активтерді қайтару басқармасы ұйымдастырған онлайн-аукционда көздің жауын алатын асыл заттар бар: інжу-маржанды білезіктер мен моншақтар, қымбат бижутерия, былғары белбеулер мен эксклюзивті қаламдар, сондай-ақ, коллекциялық монеталар мен суық қару түрлері, қылыштар, қанжарлар, балталар мен пышақтар.
Саудаға шығарылған бұйымдардың бағасы да сан түрлі.
Мысалы, Montegrappa Italia маркалы қаламның бастапқы құны 628 мың теңге болса, мүйізден жасалған сабы бар қылыш 582 мың теңгеден сатылып жатыр.
Кавказ қанжарының бағасы 198 мың, басы қолтырауын бейнесінде жасалған дамаск болатынан соғылған пышақ 95 мың теңгеге бағаланған.
Аукциондағы ең қымбат бұйым номиналы 200 долларлық, Елизавета II бейнеленген сувенирлік монета. Оның сатылымдағы құны 3,1 млн теңге.
Бұл заттардың барлығы Мәсімовтің ісі бойынша Астанадағы вилладан тәркіленген мүлік тізіміне сай келеді. Бұған дейін бұл жер телімі кәсіпкер Кеңес Рақышевтің жеке меншігінде болғаны айтылған еді.
Еске салайық, бұған дейін Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі үшінші рет саудаға қойылған болатын.
Аукцион 13 мамыр күні өтуі керек болған.
Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания Нұра ауданы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан еңселі зәулім үйді сатуға қойылған болатын.
Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы – 118 млн теңге.
Қызығы, дәл осы үйдің суреттерін 2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-төраға Кәрім Мәсімов қамауға алынған кезде жариялаған еді. Тергеу барысында оның заңсыз иемденген бірнеше нысаны анықталған, солардың бірі - еңселі коттедж.
Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Кейін оған «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға әрекеттенді» деген ауыр айыптар тағылып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Ол үкімге аппеляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімді өзгертпеді. Былтыр жазда «рақымшылыққа ілігемін бе» деген үміті де ақталмай, Тоқаев «мұрттының» өтінішін мақұл көрмеді.