Қазақ театрын биік белеске шығарған Әзекең

Dalanews 30 мар. 2022 06:47 1393

Әзірбайжан Мәмбетов – 90 жыл


 

Сахна өнерiнiң қазақи қасиетiн калыптастырған әрi оны жаңа деңгейге көтерген кесек тұлғалардың бірі һәм бірегейi Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов десек артық айтқандық болмас. Еліміздегі театр өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалы азаматтың биыл 90 жылдық мерейтойын ел болып атап өтудеміз. Мерейтой қарсаңында Әзекеңнің шығармашылығына қатысты кітаптар, түрлі қойылымдар қойылатыны анық. Осы ретте Әзекеңнің әруағы риза ету ниетімін ол кісінің қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегін ой сарабынан өткізіп көруді жөн санадық.

Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, көзi тiрiсiнде елiнiң сый құрметіне бөленген Әзекең қазақ театр режиссурасының теңдессiз шыңы болатын.

Қазақ театр өнерінің эталонына айналған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өз басынан төрт кезеңдi өткердi. Екiншi кезеңнiң соңын ала 1957-60-шы жылдары театр өмiрiнде ерекше өзгерiстер орын ала бастады. Бұл кезде театрдын бұғанасы бекiп, қабырғасы қатайып үлгерген болатын. Ал Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантурин, Камал Қармысов, Зәмзәгүл Шәріпова, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Бикен Римова, Сәбира Майқанова, Рақия Қойшыбаева театрдың тiрегiне, сахнаның саңлақтарына айналып үлгерген кез. Жоғары кәсіби білім алған әлемдiк театр тарихынан мол хабары бар, жаңа көзқарас иесi, жас та болса бойынан қабiлет қарымы сезiлiп тұрған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың үлкен сахнаға келуi драма өнерiн құрметтейтiн қауымды елең еткiзбей қоймады.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының актерлік бөлiмi мен театр жанындағы студияны тамамдаган Ф.Шәріпова, Н.Мышбаева, С.Оразбаев, Р.Сейітметов, Ә.Молдабеков, Е.Жайсанбаев, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сынды үркердей талантты жастардың келуiмен тұспа-тұс келдi. Әзекеңнiң жастар мен жұмыс iстеуi, режиссерлық өнер толғауы, жаңашылдығы ә дегеннен-ақ көрiнiс бере бастағанын байқамай қалған жан болмады» дейді театрдың көнекөз қарттары. Ол бірден құдiреттi ұжымның жаңа тынысын ашуға ден қойды.

Осылай істеуге ол кезде театр актерлерiнiң қабiлетi де, біліктілігі де, бiлiмi де, тәжiрибесi де кең, молынан жететінін түсінген Әзекең ендігі жерде құлашты кеңге сермейді. Алғашқы жылдары жас актерлермен бел шешiп, бiлек түре жұмыс істеген режиссер өзiнiң қарымды iскерлiгiмен қомақты нәтижелерге қолжеткiзедi. Осы жылдары бiраз жаңа қойылымдар дүниеге келiптi. Мысалы, «Ана – Жер – Ана», «Абай», «Қобыланды», «Дон Жуанның думаны», «Адасқан ұл», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Вьетнам жұлдызы». Әрине, кезiнде бұлардың бәрі де көрерменнен, театр мамандарынан өзiнiң лайықты бағасын алған дүниелер болатын. Шын мәнінде елiмiз өмiрiндегi рухани құбылысқа айналған қазақ театр тарихында алтын әріптермен жазылған қойылымдар.


Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұхтар Әуезов театрының дәуiрлеу кезеңі болғанын театр тарихының өткен өмiрiнен көресіз. Ол жасампаз, ізденгіш іскер режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен тығыз байланысты десек, қателеспеймiз. Өйткені, театр болмысында табиғи қазақы тұрмыстық көрiнiстер немесе сол сарында қойылып келген дүниелердiң орнын ендiгi жерде әлемдiк деңгейдегi классикалық драмаларға ерекше көңiл аударыла бастағанын байқау, сол дәуiрдiң көрермендерiне қиын емес еді. Бұл уақыт талабы әрi театрдың сол жылдардағы көтерілген биiгi осыны қажет ете бастаған-ды. Күш-қуаты мол, бiлiмi жеткілікті, тәжірибе қоржыны молыққан Әзекең, монументалдық, эпикалық ауқымдағы сүбелі де сүйекті, салмақты туындыларды сахналауға бiлек түрiп, бел буып кіріседі.

Оның бағытты дұрыс таңдағанын, қателеспегенін уақыт көрсетті. «Қан мен тер», «Көктөбедегі кездесу», «Қаракөз», «Юлий Цезарь», «Кариолан» сынды ондаған қойылымдар Әзекең режиссурасының қабiлет-қарымын, мүмкiндiгiнiң ұшан-теңiз екенін барша жұртқа көрсетіп берді. Өзінің осындай батыл бастамаларымен, соны сүрлеуімен жұртты елең еткізген Әзекең кейбіреулердiң айтқан анау-мынау пiкiрлерiне мән беріп жатпастан өзі бастаған өнердiң қиялы соқпағымен әлі қол жетпеген шыңдарды бағындыруға бет алып бара жатты.

Сол жылдарды Қазақстанның халық артисі, бүгiнде театр ақсақалдарының бiрiне айналған Сәбит Оразбайдың айтуынша, қазақ театрының елге, әлемге танылуы 60-жылдардан басталған көрінеді. Ол режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың еңбегіне тікелей байланысты.

Кәсiби бiлiмдi Мәскеуден алған Әзекең елге келгеннен кейiн республиканың облыс орталықтарында керекті спектакльдер қойып, тәжірибе жинақтайды.

– «Әзекеңнің өзiне дейiнгi және өз кезiндегi режиссерлерден артықшылығы неде?» деген сұрақ туа қалса, мен еш ойланбастан әрi қорынбастан «Мәмбетов мизансценаның машығы еді» деп жауап берген болар едім, – дейді театр ардагері Сәбең.

Әзекеңнiң көзiн көргендердiң бәрi де оның осы қасиетін ерекше назарға алып жоғары бағалағаны театр тарихынан белгілі. Иә, шын мәнiсiнде солай болғанын бүгiнде театр әлемі де мойындап отыр. Оған күмән жоқ. Актердiң өресiн, қабiлетiн деп басып танитын режиссер қай рөлге қандай актер лайықты екенін дәл тауып, таңдайтын, еш жаңылысқан емес деп еске алады аға буын актерлер. Өйткені, кез келген спектакльді сахналамас бұрын оның мазмұнына терең бойлауды, жан-жақты зерттеуді, асықпай аптықпай өзiндiк зерде елегінен өткізіп барып, «нартауекел» деп қолға алуды Әзекең оқып жүрген кездің өзінде әдетке айналдырғанын аңғарасыз. Себебі, ол спектакльдің басты мақсатын, кейiпкердiң айтпақ ойын жете түсінетін. Сол өзі көздеген биiкке жетуге барын салатын. «Кiмнiң қолынан не келедi? Қарым-қабілеті қандай? Осының бәрін Мәмбетов бес саусағындай бiлетiн» деп еске түсіреді Сәбең. Демек, ол актер жанын, болмысын айтқызбай-ақ ұққан, түсінген үлкен жүректі адам.

Әзекең жайлы әңгiме бола қалса, режиссердiң қара шаңырақ – академ театрда қойған алғашқы спектаклі – «Беу, қыздар-ай!» еске оралады. Ол пьесаны Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев бірлесіп жазған екен. Қай жылдары екенi әрине, есiмде калмапты, бiрақ, басты кейіпкер Айсұлуды суреттеп айтқан ақын жiгiттiң: «Айдай сұлу Айсұлу Асанова, Ай астында сенен қыз асады ма? Түбiнде осы болар мықты қатын, Баланы қос-қосынан ытқытатын» деп үздiккен өлең жолдары калыпты.


Аталған қойылымды көзімен көрген, бүгiнде жас буынның бағбанына айналған тәлімгер Сәбит Оразбай ақсақал сол күндерге бiр сәт оралғаны бар-ды. «Ақын ретiнде – Райымбек Сейітметов, доцентті – Қабдош Сүлейменов, суретшiнi мен ойнадым» дейді Сәбең. Иә, сол кездегi театрдың жас тұлпарлары мен қас сұлулары – Фарида, Зәмзәгүл, Нүкетай, Салиха да комедиялық қойылымға тартылып, бiр-бiр ролді ойнап шыққан. Жалындап тұрған актерлер мен актрисалар спектакльдi өте керемет деңгейде көрермен назарына ұсына алды. Халық көп жиналды. Оған сол кезде басылымдарда жарияланған пікірлер мен риза көңiлдер куә. «Осы спектакльмен бүкiл Қазақстанды аралап шықтық. Бiздiң танылуымызға «Беу, қыздарайдың» әсер-ықпалы мол болды. Әсіресе, Әзекеңнің мәртебесі өсіп, мерейі артты. Ең бастысы, әр актердiң өз рөлін табуы еді. Көрермен менi суретші деп, Райымбектi ақын деп, Қабдошты доцент деп атап кетті. Сол сияқты Фарида, Нүкетай, Зәмзәгүлді де көрермен Айсұлу, Күнсұлу, Нұрсұлу деп атап жүрдi. Мұның бәрі Әзекеңнiң мизансценаны жете меңгергендiгi едi»  деп еске алады режиссердiн осы шеберлігін жоғары бағалаған Сәбең.

– Ұлттық театр өнерi тарихында өзiм ерекше бағалаған, ұстаз тұтқан режиссердiң бiрi, жаңашыл, КСРО Халық артисі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов. Әрине, Әзекеңмен бiрге ұзақ жылдар қоян-қолтық жұмыс істедім. Қаншама қойылымдарыма көмегі тиді, ағалық ақыл-кеңесiне құлақ астым. Оның жұмыс тәсiлдерiнен алғаным ұшан-теңіз, – дейді режиссер Әубәкір Рахимов.

Әзекең Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен терiн» сахналау барысында автордың сенiмсiздiк танытқанына қарамастан басты рөлдердiң бiрi – Сүйеу қартты сомдауды Сәбитке тапсыруы актерлер арасында күтпеген оқиға болғаны сол кездегiлерге мәлiм.

Себебі, Сүйеудің бейнесін сомдаушы Қазақстанның халық артисі Елубай Өмірзақов болса керек. Елекең науқастанып қалады. Жас актерге егде кейiпкердiң мiнез құлқын, түр-әлпетін, болмысын, жүріс-тұрысын жасау оңай емес екенi түсiнiктi. Бiрақ, актердiң бойындағы қабiлет-қарымын iшкi сезiм түйсігімен ұға білген Әзекең жас актерлерге сенiм артып, осындай кесек тұлғалы кейіпкерлердiң бейнесiн жасауға тәрбиеледі.

Мiне, осылай Мәмбетов, Шолпан Жандарбекованың да, Хадиша Бөкееваның да, Сәбира мен Бикеннің де, Ыдырыстың да және бүгiнде қазақ театр тарихында есiмдерi мәңгiлiкке алтын әріппен жазылған елге танылған актерлердің бағын ашты.

Академ театрмен бiрге оның бас режиссерi әрi көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовтің де атақ-даңқы асқақтады десем, қателеспеспін. Одақты қойып, әлемді елең еткiзген лауреат қойылымдардың саны жыл санап емес, ай санап арта берді. Театр әртiстерiнiң бiр топ шоғыры Әзекең тұсында мемлекет тарапынан әр түрлі атақ-даңққа ие болды.

Қазақстанды былай қойғанда Кеңес одағы iшiндегi гастрольдiк сапарлар жиiледi. Мәскеу, Уфа, Қазан, Нөкіс, Бішкек шаһарларының көрермендерiн қазақ драма өнерімен таңдай қақтырған Әзекең «Ендiгi жерде ұлттық аяда қалып қоймай әлемнің алдыңғы қатарлы сахналарына шығуымыз керек» деп әріптестерін қанаттандырып әлем көкжиегіне көз тікті. Оған мүмкіндік те, шеберлік те, қабiлет те жеткiлiктi едi.

Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын Әзекең Мұхтардың «Абай», Шыңғыстың «Ғасырдан да ұзақ күн», Әбдіжәмiлдiң «Қан мен тер» драмаларын Иран, Түркия, Мысыр, Сирия, Франция, Қытай, Чех елдерiне апарып, қазақ театр өнерiнiң шоқтығы қандай биiк екенiн көрсетті.

Әрине, Әзекеңнің алдынан даңғыл жол ашылып жатпағаны да белгілі. Ол уақытта да көре алмаған күншiлдер аз болмағаны шындық. Олар етектен тартып, тобықтан қақты, бiрақ, сағын сындыра алмады. Мысалы, Мәскеуге Әзірбайжан Мәдиұлы Айтматовтың «Боранды бекетін» қоюға апарған кезде үлкен дау туса керек.

Орталық комитеттен келген Ульянов және басқалар спектакльдегі ата-бабаның бейітіне баратын жерді Әзекеңнің қарсылығына қарамастан алып тастайды. «Ең керектi жерi сол еді» деп режиссер сан соғып қалады. Бұл көрiнiстiң әсерi кейiпкерлер сахнаға шығып, қозғалғанда ерекше сезiледi екен. Шыңғыс Айтматовтың өзі «Әсері мұншалықты болатынын ойламап едiм» дептi.

Жаңа ғасырдың алғашқы жылдары Елордада екi бiрдей театр бой көтергенін білеміз. Оның бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театр. Аталған театрдың тізгіні Әзекеңе сеніп тапсырылады. 2001 жылы мамыр айында Оңтүстік астанаға келген гастрольдік сапарында Әзағаңмен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Ол кез өздерiңiзге белгiлi елiмiз бастан өтпелі кезеңдi өткерiп жатқан болатын. Сол жылдардың куәсі болған Әзағаңның ойы да сол дәуірмен астасып, сабақтасып жатуы да заңдылық.

– Менен журналистер «Драматургтерiмiз қазiргi уақыт немесе заман кұбылысын, бүгiнгi болмыстың көрiнiсiн жасауға неге құлықсыз? – деп жиi сұрайды» деп бастағанды Әзекең сонда өз ойын. – Оның да жөнi бар. Бір кездегi қаламдары жүйрiк Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ақтанов, Шахмардан Құсайынов сынды аға буын классик драматургтерiмiз өмiрден өтті. Қазір орта буындар, кейiнгi толқын жас қаламгерлер жазады. Бірақ, тақырыптары өте жеңіл. «Қысылғаннан қыз болдық», «Ең әдемі келіншек» тағы сол сияқты комедиялар.


Сахнаға бұл да керек. Оның да өзіндік заңы, өзiндiк әдемi мүмкiншiлiгi, көркемдiк кескін-келбеті бар, тұрлаулы жанрлардың бiрi. Драмамен, трагедиямен қоса олардың да сахнада өмiр сүруге қақы бар. Міне, осы салада қалам тартып, жаңағы журналистер сұрай беретін бүгінгі күннің көкейтесті мәселесiн жылы жауып үндемей отыр.

Мен ойлаймын, қазiр мүмкiн бұл бiр демалыс, әлде ойлану, толғану, ой қорыту кезеңi ме? Жоқ, әлде қаламгерлерiмiз үлкен бiр шығармашылық думпудiң алдында үнсiздігі ме? Иә, бұл жай тiптi ұзаққа созылып кеткені белгілі. Қазір адамның өзi аң-таң. Оның үстіне көбiне халқымыздың өткеніне, тарихи жағдайға кетіп қаламыз. Абылайлардың хан сияқты ел басқарған баба заманына саяхат жасап жатырмыз. Шындығында, бiз тарихымызды қазабалап кетіп, бүгінгі тыныс-тіршілігіміз көркем сахнадан көрінбей қалды» деп өз ойын ортаға салған еді.

Иә, Әзекең өнермен өмір сүрді. Осының арқасында қазақ театр өрге сүйреді. Бүгінгі қазақ театрының қандайда бір жетістігі болса, ол Әзекең салып кеткен сүрлеу-соқпақтың жемісі деуге болады. Көзі тірісінде қазақ театырын жоғары деңгейге көтеріп кеткен Әзекеңнің 90 жылдық торқалы мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, қазақ театр өнерінің жеткен жетістігі мен шыққан бигіне ой жүгіртуміз артықты етпейді. Өйткені заманына өте туған дарабоздың өмір жолы өнер саласында жүрген талантты ұл-қыздарға үлгі-өнеге болары хақ.

Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ, артжурналист.   

Рекомендовать
Последние новости