Қазақ пен қырғыздың тарихы: шежіре не дейді?

Dalanews 27 окт. 2017 06:43 3554

 

Бұл мақалада XVIII ғасырда қазақ жерін жаулап алуды көздеген дұшпанмен соғысқан батырлар туралы шежірелік тарихи деректер салыстырмалы талдауға алынған. Мақалада Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік өлкелерінде 1760-1780 жылдардағы әскери-саяси оқиғалар қарастырылады.

Кілт сөздер: қазақ, тарих, батырлар, шежіре, хан Абылай, Жетісу өлкесі

Қазақстанның бүгінгі дамуындағы оқиғалар жаңғыру үдерісімен байланысты. Әлемнің жаһандану құбылыстары ұлт пен ұлыстардың жинақы, ынтымақты, ұйымшыл болуды талап етеді. Жарыққа шыққан Елбасы Н.Ә.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламлық мақаласы еліміздің алдағы даму қадамдарын айқындап берді. Елбасы: еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты, күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде деген пайым жасап, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау қажет, қоғамдық сана жаңғыруының негізгі қағидаларын қалыптастыру керек, соның міндетін атқаратын мемлекет жүргізетін шаралар – Қазақстанның үшінші жаңғыруы, - деп, өзінің кешенді ой-пікірлерін бұл мақалада айқын білдірді, болашақта нәтижелі, қарқынды даму үшін бағдар берді [1].

Келелі ойлар айтылған сол мақалада, экономикалық жаңғыру мен саяси реформаларды жалғастыратын рухани жаңғыру болмақ, ол тек бүгін ғана басталған жұмыс емес, 1998 жылды «Ұлт тарихы мен бірлік» жылы етіп жариялау, 2004 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асыруымен жалғасып келетінін атап өтті. Ұлт ретінде жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Ұлттық салт-дәстүр, жоралғыларымыз, тіліміз бен музыка, тарих және әдебиет, бір сөзбен айтқанда ұлттық рух бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды, өйткені, кез келген халық әншейін біріге салған қауым емес, шын мәнінде ұлт ететін мәдени-генетикалық код негізінде ел болып тұтасқан туралы маңызды тұжырым сол мақалада айталды. Ұлттық код дегеніміз – ұлттың мәдени симолдарының жиынтығы деп түсінуміз керек.

Мемлекет тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіс, - деп міндет қойған Елбасы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: біз тарихтың ащы да тұщы сабағын өзіміз айқын түсінуіміз керек, ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды, енді бөтеннің бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға қақысы жоқ, - деген ойларын айта келе, қазақ халқының тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі – төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу, жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу қажет, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен қарау қажет, - деген аса мәнді тұжырымдар жасады. Әрине, енді өз тағдырымыз өз қалымызда, бұл тәуелсіздіктің бізген берге сыйы, өз алдына дербес ел болуымыздың арқасында жүзеге асырылады.
Расында, тарих тағылымы қай заманда болмасын ұлт үшін ерекше маңызды. Қазақ халқының көрген қасіреті, зобалаң, зұлматы ХХ ғасырда адам айтқысыз болды. ХVII-XVIII ғасырларда да қазақ халқының басынан небір қиын, ауыр күндер өткен. Ұдайы жан-жақтан жаугершілікке ұшырап, қырғындалып отырған көшпелі елді көшпелі тұрмысқа мәжбүрлеген бір жағынан

мал шаруашылығының талабы болса, екінші жағынан, ғасырлар бойы әралуан сыртқы жаулардың отырықшылыққа ырық бермеуі де және бар. Отырықшы болып байыз таба алмаған қазақ халқының қазіргі құрамындағы рулар Еуразияның ұланғайыр даласында мол, жинама-жайлы болуына қарай бір өңірді қыстап, қысқы тебіні таусылып, оты азайған соң ерте көктем мен қар суынан бастап көктеуге, одан күн ұзап, күн жылынған сайын қыстаудан таяу көктеуден ұзап арғы жол жайылымын жайлауына жылжып, малын қомдандырып, күз түсе көктемнен бері өткен маусымдық өрістерді қайта басып, күзеуден ықтырмаға, одан қыстауына қар беки ғана келіп оралып отырған.

Тарих дерек көздерінің маңыздысы – халық жадысы. Оны шежіре деп атаймыз. Шежіре қазақтың рухани қазыналарын сақтап жеткізді. Шежірелердің бір қабатын үлкен рухани мұра жиынтығы құрайды. Мұндағы қазақтың дәстүрлі ой-санасы, мінез-құлқының үлгілері билер сөзінде, шешендік сөз бен басқа да халық даналылы нұсқаларында жиналған, қазақтың аңыз-әпсаналарынан құралған. Шежіренің мазмұнындағы осы құрылымдар - басқа қабаттар ішінде - ата жұрт, жер-ана, жер-ұйық сияқты асыл ұғымдарға қатысты қазақтың дәстүрлі тарихи географиясы мен топонимикасы туралы түсінік беретін бір топ төл деректемелік үлгілер. Жер – халықтың басты байлығы, бабалардың мұрасы, аманаты. Жер қорғау жолында талай батырлар жер жастанған. Қазақ халқы тарихта зобалаң, зұлмат, қуғын-

сүргін, қырғын мен ашаршылық көрген болса, соның астарында ұлттың өміршендігі үшін, жері қазыналы, бай болғаны үшін болды. Жерді сақтау амалы қай заманда болмасын, елшілік, мәмілегерлік, оған көнбесе жанкештілік, батырлық, ерлік жолымен іске асқан.

Қазақтың дәстүрлі соғыс өнері елді қорғау мақсатында жасақ құрып, әскери құрылым ұйымдастыру, қарулану, қару түрлерін игеру, семсерлесу, найзаласу, жорыққа шығу, шеп құру, соғыс салу, шақайсқа түсу әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы ретінде ежелдегі сақа, ғұн, түрік дәуірінен жалғасын тапқан. Кешегі Абылайдың заманында да солай болған. XVIII ғасырдағы жаугершілік заманда қазақта ержүрек небір мықты ерлер болса, соның ішінде Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, жәдiк Жантай, көкжарлыдан көкжал Барақ, мұрынтайдан би Боранбай, шаншықұлдан Бердiқожа, байғанадан батыр Шөрек, Ер Қасабай, тоғас Қосай, Ер Дәулетбай, Қаз дауысты Қазыбек, үйсiннен Райымбек, қаптағайдан қара Шоқай, Көкжал барақ, Шынқожа, Бердіқожа, және тағы басқа көптеген батырлар бар еді. Бұлардың ішінде Бердіқожа батыр қазақ-жоңғар арасындағы соғыстың шешуші кезеңіне айналған 1750-1760-шы жылдардағы шайқастарда батырлығымен ерекше танылып, әсіресе Абылай ханның 1765-1779 жылдардағы қазақтың қалмақтан босатып алған жерін иеленіп алуды мұрат қылған қырғыздарға қарсы жорықтарда маңызды рөл атқарған [2]. Бұл батырлар туралы тарихи мәліметтер келтірген тарихшылар – Ш. Уәлиханов [3], М.-

Ж. Көпейұлы [4], Қ. Халид [5], орыс зерттеушілері, соның ішінде капитан И.Г. Андреев (1744-1824) жазбалары негізгі тарихи дерек көздерінің бірі болып табылады [6]. Ш.Ш. Уәлиханов жазып қалдырған, "Қазақ шежіресі", "Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі", "Абылай", "Қырғыз рулары", "Ұлы жүз туралы", "Оңтүстік Сібірдегі тайпалар", "Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары", "XVIII ғ. батырлар жыры", "Шона батыр туралы аңыз" атты әйгілі еңбектері бар.

М.-Ж. Көпейұлы «Қазақ шежіресі» еңбегінде Бердіқожа батырдың қазасы туралы бірқатар деректер келтірілген. Дұшпан қолында қалып, өзін жау өлтірерін білген соң, жолдасына: «Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерге көміңдер де, соған там салып, “Бердіқожа тамы” атаңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер», – депті. Содан бұл тамды жұрт бірде «Бердіқожа тамы», бірде «Бармақ бейіт» деп атайтын көрінеді. Қазақ тарихынан көптеген тарихи деректерді жинап, хатқа түсірген тарихшы М.-Ж.Көпейұлы жазбаларында: «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар – қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы Көкжал Барақ, шанышқылы Бердіқожа, сырым Малайсары, он сан Орта жүзге ұран болған Ер Олжабай, балтакерей Тұрсынбай, тарақты Байғозы, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты бөрібас Орманшы, Ақсары, Шотана, қозған

Бекше мерген, қарауылшысы әлтеке Жидебай, уақ Баян батыр. Бұл айтылған батырлардың бәрі де бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар. Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді», – деп шежіреге жазған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болған» деп сипаттайтын Бердіқожа сол соғыста ойраттардың бірнеше батырын жекпе-жекте жер жастандырып, әскерін шабуылға шебер ұйымдастыра білгендігі халықтың жыр-дастандарында айтылады. «Абылайхан Бердіқожа батырсыз кеңес өткізбеген, жорыққа да шықпаған» – деп, дерек көздері сыр шертеді. Ұлы жүзде оны Төле биден кейінгі ірі саясаткер, даңқты қолбасшы, шебер дипломат ретінде ұлықтаған. Көкбай ақын Жанатайұлы (1861-1925) «Абылай хан» дастанында:

Керейден жолдас қылды Жәнібекті,

Шетінен осалы жоқ бәрі мықты.

Ол қолда күші басым еш адам жоқ,

Тас жүрек ботақара Тыныбектен.

Не қылса тұрады екен ханға қарап,

Аң аулап кетеді екен тарап-тарап.

Шанышқылы Бердіқожа тағы да бар,

Қалмаған хан артынан көкжал Барақ, – деп жырлаған.

Ойшыл тарихшы М.-Ж. Көпейұлы Бердіқожа батырдың жерленген жері туралы: «Дағанделі өзенінің жағасына там салыныпты, шошақ мола бұл күнге дейін құламай тұр. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады», – деп жазған.

1781 жылы Абылай хан қайтыс болады. Хан дүниеден озған соң, қырғыз өш алуға кірісіп, қазақтың малын айдап әкетіп, адамын өлтірген. Іле бойындағы қырғыздар Әділ сұлтанның иелігінде тұрған қазақ жеріне қайтадан көз алартып, жерін, малын тартып алып, халықты қырғынға ұшыратады. Осы кезде Аягөз маңында отырған Бердіқожа батыр қолына қару алып, қайтадан атқа қонады. 1785 жылы Бердіқожа батыр бес жүз жігіт ертіп жорық жасап, қырғызды барып шапқан, көптеген қырғызды тұтқынға түсіреді. Өштескен қырғыздар батырды қолға түсіріп, кегін алуды ойлас-тырып, ақыры дегеніне жетеді. Араға жансыз жіберіп, соның көмегімен шағын қолмен қапысыз жатқан батырды шабады. 1786 жылы қырғыздар Бердіқожа батырдың ауылына тиісіп, өзін қолға түсіріп, қол-аяғын байлап елдеріне алып кеткен. Жол-жөнекей Бердіқожа өзін өңгеріп бара жатқан адамды мерт еткен. Бұл қылығы үшін оның басын, аяқ-қолын кесіп, қарынын қырнап, әлгінің бәрін сонда тыққан, – деп жазушы Ә. Кекілбаев «Талайғы Тараз» кітабында көрсеткен. “Қырғыз шежіресі” атты 2007 жылы жарыққа шыққан кітапта Бердіқожа батырдың Есенқұл бастаған көп қолмен шайқасып, қаза тапқаны жазылған.

Ресей офицері, капитан И.Г. Андреевтің «Орта жүз қазақтарының сипаттамасы» атты еңбегінде Бердіқожа туралы жазуына қарағанда, Бердіқожа бастаған Шанышқылы ауылы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз шаңырақ болыпты. Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға шайқасқа аттанады. Іле өзеніне келіп, қырғызға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жасақты күтіп аттарын отқа жібереді. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен түседі. Бердіқожаның басын шауып, далаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жөнеліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға түсіріп, батырдың сүйегін еліне алып қайтады. Бердіқожа батыр XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы 100-ден астам шайқасқа қол бастап кіріп, жеңіске жеткені айтылады. Соның ішінде 1723-1725 жылдары қазақ жерінің шығыс, оңтүстік-шығыс өлкелерін, Тарбағатай мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді жаудан босатуда, 1726 жылы Шұбар теңізі маңындағы шайқаста, 1729 жылғы мамыр, маусым айларында Аңырақай шайқасында, Бердіқожа бастаған қазақ қолы жауды талқандаған. 1723 жылы қазақ елінің басына күн туған ауыр кезеңде батырлар руластарынан жасақ құрып, ел мен жерді қорғауға аттанады. Сол кезде хан ордасы – Түркістанды қорғауға шыққан Елшібек батыр, мүйізді Өтеген батыр, Тілеуке батыр, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Барақ батыр, Малайсары батыр, Ер Жәнібек батыр, Сәмен батырдың қатарына Ташкенттен Қойгелді мен Бердіқожа батырлар жасақ құрып, қатар соғысады. 1723-1725 жылдар аралығында қазақ жерінің Жетісудан Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерді басып алған жоңғарларға қарсы күресте Бердіқожаның жасақтары ерлігімен көзге түседі. 1726 жылы Ордабасы тауындағы жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би халыққа жауға қарсы ұран салғанда, бас қолбасшы болып Әбілқайыр сұлтан сайланып, шайқаста Қойгелді, Бердіқожа батырлар өз жасақтарымен Шұбар теңізі маңында қалмақтармен шайқасып, жеңіске жетеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Тауының Арқар деген аты Құлжа,

Жігіттер, атқа түйе тегін олжа

Хан Абылай аттанды дегенді естіп,

Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа! –деген.

Ташкент қаласының тұрғыны Б. Тұрдыбекқызы аталарынан естіген ескілікті әңгімелерінен айтқан дерегі бойынша, Бердіқожа батыр хан Абылайдың шақыртуымен жауға қарсы майданға аттанғанда, елімен қоштасып, бес ту бие сойып аруақтарға ас берген екен. Шамамен, бұл мың-мың жарым адам шақырып берілген асқа ұқсайды. Бердіқожа батырдың Абылайдың туы астынан табылуы – ХVIII ғасырдың 50-жылдары деп шамалауға болады. Абылай ханның епті саясаты мен 

көрегендігі, ең бастысы, жеңісті жорықтар нәтижесінде дүрбіт-ойрат біржола талқандалды. Ізінше, Қазақ ордасы абыроймен аяқтаған шүршіт-қазақ соғысы басталды. Бердіқожа батырдың бұл ұрыстарға да қатысқан болуы тиіс. Әсіресе, хан Абылайдың 1766-1768 жылдардағы Қоқанға қарсы жүргізген, Ташкентті қайтарып алатын жорықтарында жүргені анық.

1750 жылдары қазақ батырлары жерін басып алған қалмаққа қарсы азат ету соғысына кіріседі. Қангелді батыр бастаған жасақтар қалмақты Іледен бастап Шелек пен Шарын өзендерінің арғы бетіне қуып шығады. Ал, шапырашты Наурызбай батыр бастаған жасақ, ішінде мүйізді Өтеген, шанышқылы Бердіқожа батырлар, Үшалматы, Үшқоңыр және Қордайдан арғы жерлерді азат етуге күш салады. Батырлар жауға қарсы қай кезде де тастүйін болып, жұмыла бірігіп қимылдағанда, албан Райымбек батыр бастаған қол жоңғарды Кеген, Нарынқол, Сүмбеге дейін ығыстырған. Бұл туралы, «Қабанбай – халық батыры» жырында:

Қабанбай, ер Бөгенбай батыста еді,

Олар да қалмақпенен атыста еді.

Шайқасып Жетісуда жатыр еді,

Айқасы барлығының қатысты еді.

Қазыбек, Бердіқожа, Райымбек,

Осылардың барлығы әр тұста еді, – деген толғау батырлардың жанкештілігін суреттейді. 1752 жылы Орта жүздің және Ұлы жүздің батырлары бірігіп, Шымкент, Сайрам және Сыр бойындағы басқа да қалаларды

жаудан тазартып, Ташкентке Төле бидің билік басына келуіне көмектеседі. Осы ұрыста да Бердіқожа ерекше көзге түседі. Бердіқожа батырдың жаудың зұлымдығы өткен 1750-1752 жылдарда кескілескен ұрыстарда да жан аямай шайқасқаны туралы нақты деректері бар. Цинь империясы 1755-1758 жылдары қалған жоңғарды жойып жібергеннен кейін, қазақ даласында аздап тыныштық орнайды, бірақ іргедегі қазақ ауылдарына қырғыздардың шапқыншылығы күшейе түседі. Зерттеуші Ү. Бүркітбаева бұның себебін былай түсіндіреді: «қазақ жері қалмақтан босаған соң, сол жерге қырғыздармен жер дауы басталады, қырғыздар қалмақтар қазақ тарапынан сүрілген cоң, Іленің басын, Үшаралды бер дегеніне қазақ көнбеген, қазақ: «ол біздің көнеден келе жатқан Үйсін жері», - деп келіспеген [2]. Содан кейін қа-зақпен соғысуға Қапқа деген жерде қол жинаған. Садыр сол жерде қазақты шауып, Шымкентке ығыстырады. Іленің басындағы қазаққа да тиісе бастайды. Шу мен Талас, Қаратау мен Жетісудің көп бөлігін қырғыз шауып, халыққа ойсырата қырғын әкеледі» деп жазған.

ХVIII ғасырдағы қазақ пен қырғыз арасындағы осы қақтығыстар қалай туындап, қалай аяқталғаны туралы ізденіс жасаған М. Әбдікімұлы тарихтан біраз тың деректер келтірген [7]. 1749 жылың көктемінде Бердіқожа батыр әскер бастап, Шымкент, Сайрам жақтағы қалмақты қууға аттанады. Осыны пайдаланған адығын-тағайлар Шатқалдағы дулат, сіргелі, қаңлы-шанышқылы ауылдарын шабады. Қырғыздың сарыбағыш, солты, саяқ, бұғы сияқты рулары Ыстықкөл жағасындағы ағайындарымен сөз байласып, Жетісу, Таластағы қалмақпен тіл табысып, Алатаудың қазаққа қараған бетін, Шудың орта тұсын, Әулиеата, Үшалматы, Үшарал жерін, Іленің сол жағалауындағы Сарытауқұм жайлауына орнығып алмақшы болады. Қырғыздың Арон батыры Шудың төменгі тұсына, ал Қошойұлы Жамансарт Шудың жоғарғы тұсына жайғасып, Сусамыр мен Талас бойындағы Үлкен Қақпа өлкесін саяқ руының басшысы арзымат Садыр өзінше еншілеп, бұғы Тынай би, Садық би, саяқ Қашыке, Атаке, Бердіке батырлар Торайғыр асуы етегіне орналасады. Құсшы, сары, қытай рулары – Таластың орта тұсына, шығысы – Меркеден Үш Алматы, Ыстық Атаға, солтүстігі Сарытауқұмға дейін орын тебеді. Бірер ай өткеннен кейін Қастек, Самсы, Әулиеата, Түймекент, Құрағаты, Шоқпар, Құлан төңірегін басып алады. Қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғысында, Алматы облысының батыс аудандарын, Жамбыл облысының Байзақ, Құлан, Меркі, Шу, Қордай аудандарының шығыс, оңтүстік жағына тұтастай иемдене бастайды.
Бұндай басқыншылық әрекеттер қырғыз билері мен батырларының өзара келісуімен іске асады. Қазақ жеріне баса-көктеп кіруіне байланысты қазақтың мал жайылатын өрісі азаяды. Қалмақтан әзер құтылып, соғыстан шығын көрген қазақ, бірден бас көтере қоймайды. Солты, сарыбағыш, саяқ, сарының басбұзарлары қазақтың малын айдап әкетіп, елді

мекенінен қуып, тыныштық бермеген. «Бұларың қалай?» – деген қазаққа, олар: «Сендер Ілені, Үшаралды босатып, Арқаға көшіңдер! Таластан Шымкентке дейінгі арадан өзің кетпесең, күшпен кетіреміз» - деп қоқан-лоққы жасайды. Қазақтар: «бұл өлке ежелден бері үйсін жері, осы өңірді кеше қалмақ басып алғанда үнің шықпаған еді, сонда неге аттандамадың?» – дейді. Содан екі жақ сойылдасып, адам шығыны болады. Қазақтың көнбейтінін ұққан Садыр мен Есенқұл, қырғыздың батырларын жинап алып, қазақты Шымкенттен асырмақшы болады. Көп қолмен жорыққа аттанып, жолда бәрін жапырып-қырып, дегеніне жеткендей болады. Қаратаудың Шаянға асатын белі үстінен шекара белгісі ретінде қорған салдырып, «Қырғыз Садыр қамалы» деп атайды. Қазаққа «енді Жетісудан Қаратаудың осы шегіне дейін, және Шымкентке дейінгі жерден дәмеленбе!» - дейді. Садыр өзін «қырғыздың ханымын» деп жар салады. Бұл оқиға қазақтың қалмақты Жетісу, Аякөзден қуып жатқан 1749 жылдың жазында болған екен.

1752 жылы Төле би Балқаш жақтан Бердіқожа батырды алдыртып, Таластан арыз айтып келген келген қазақтарды ертіп алып, Қаратауда отырған Абылай ханға барады. Абылай бұл кезде Орта жүзге хан, бірақ сөзі бүтін Алашқа жүріп тұрған кезі. Бұлардың арызын тыңдап, хан Абылай: «Қалмақтан жаңа құтылып отырғанда, қырғызға қарсы соғысайық деп отырсыңдар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің бірі алда-жалда бізге қол салса, бұрыннан бір тұқымды боз үйлінің баласы едік, бір көмегі тиер еді»,– дейді. Төле би Абылай ханның бұл сөзіне көнеді. Бердіқожа батыр Жәпек батырмен бірге Көкжал Барақ сұлтанға барып, Барақ батыр Бердіқожа батырға арғын мен найманнан қатарында төрт мың сарбазы бар қол береді. Абылайдың бұл сөзін қырғыз шежіресі сөйлетіп тұр, шындығын бір Алла біледі.

1754 жылы Бердіқожа батыр мен Жәпек батыр қарамағындағы мың қаралы қолды оларға қосып, Есенқұлға қарсы аттанады. Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп отырған қырғыздың бас биі Есенқұл Қашыке, Кебек, Бөлекбай билерді шақырып, қазақтардың қол құрып жатқанын айтады. Көкжал Барақ пен Бердіқожа бастаған қол сол кезде Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылын шабады. Солты мен сарыбағыш атқа қонып, қарсы атой салады. Шу бойынан көп әскермен көмекке келген Садыр Есенқұлға қосылады. Күндізгі соғыста екі тарап та жеңіске жете алмайды. Бірақ тың күшпен толыққан Есенқұлдың қолы қазақты қапыда шабады. Шайқаста Барақ, Жәпек, Қаумен, Жайсаң батырлар шейіт болады. Қырылған қазақтың басын кесіп алып, Садыр кәлламұнара тұрғызады, «көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым» деп мақтанады. Қарақ деп Қабанбайдың інісі Қарақұрсақты айтқан екен. Бір жылдан кейін Садыр Созақ пен Шолаққорғандағы қазақ ауылдарын шапқан, Келес, Қазығұрттағы елді шапқан, тұтқын алып, мал айдап кетеді. Садыр бұл аймақтарды шауып жатқанда Бердіқожа батырдың қолынан ажал тапқан баяғы Шонық батырдың баласы Ережеп Шымған тауынан алты жүздей аламанымен түсіп, Шыршық пен Қаржантау бөктеріндегі жұртты шапқан. Есенқұл Іле бойындағы қазақты қуып, өзеннің оң жағына асырып жібереді екен.

1759 жылы Ханбаба мен Әбілпейіз Шатқал мен Ферғана шегіндегі қырғызды шабады. Қазақ пен қырғыз арасындағы осы шиеленіске 1760 жылы Қытай үкіметі араласып, «тату тұрыңдар» деп елші жібереді. 1764 жылға қарай Қытаймен шекаралас өңірді жайлаған найман мен үйсін ауылдары үш рет қырғыздың шабуылына ұшыраған. Әбілмәмбет ханның ұйғарымымен Абылай хан тойтарыс беру үшін жорыкқа дайындалады. Қырғыздар Цин үкіметінен Абылай ханның шабуылынан құтқаруды өтінеді. Қытай Абылайға елші жіберіп, кешіруді өтініп, бұдан былай қырғыз қатыгездікке бармайтындарына сендіріп, шабысты тоқтатады.

1765 жылы қырғыздар Қоқанның билеушісі Елдана бимен бірігіп, Төле бидің кенже ұлы Қожамжар басқарып тұрған Ташкентті қазақтардан тартып алмақ болады. Мұны естіген Абылай хан Түркістанның бегі Балдыбек төреге Қожамжарға әскери көмек беруіне бұйрық береді. Балдыбек Абылай ханның хатын жыртып, Түркістан қазақ билеушілеріне бағынбайтын дербес уалаят екенін мәлімдейді. Абылай хан Түркістанға аттанып, Балдыбекті тәубесіне келтіреді [7]. 1766 жылы Абылай хан Ташкент айналасындағы Елдана бек пен қырғыздар қолын шабуға шеру тартады. Мұнда қоқан мен қырғыз бірігіп, Ташкент түбіндегі Піскент қорғанына әскерін тыққан екен. Абылай қорғаннан жан баласын шығармай, бір жарым айға қорғанды қоршайды. Мүшкіл хәлге түскен қоқан-қырғыздар Абылай ханмен келісімге келіп, Ферғанаға шегінеді. Абылай хан осы кезде Әбілпейіз сұлтанды Таластағы Қаработа бидің қол астындағы қырғыздың қытай руын шауып келуге жұмсайды. Қоқан-қырғыз қолы Піскенттен кеткен соң, Абылай Шымғандағы қырғыздарды жуасытып, Қаработа биді тұтқынға алып отырған Әбілпейізге келеді. Абылай хан «бұдан былай тату болайық» деп келісім жасап, Қаработа биді босатады, оның бір ұлын тоғыз адаммен қоса аманатқа алып, кері қайтады [2].

1771 жылы Еділдегі торғауыттар қытайдың қырғынынан бос қалған ойрат жұртына оралып қайта қоныстану үшін шығысқа бет алып, қазақ жерін кесіп өтпекші болады. «Шаңды жорыққа» шыққан Еділ қалмақтары қазақ жерімен тыныш өтпей, жолда кездескен елді жапырып жүреді. Кіріптар күйде келе жатса да, жол-жөнекей соғыс салып, қырғын ұйымдастырып жылжыған. Қалмақтың бұл қылығын естіген қазақ батырлары дереу Балқаш бойына жиналып, жауды қарсы алады. Мұнда да үлкен ұрыс болып, ол бірнеше айға созылады. Қазақ сарбаздары осы соғыста жүргенде, қырғыздар оңтүстіктің біраз жеріне тағы ылаң салады. Есенқұл батыр Арқарлыдағы ботпай руының ауылдарын талқандап, жылқыларын айдап бара жатқанда, мал мен жан үшін арпалысып, шайқасқа түскен Сәмен батырдың ұлы Ергеніш пен қызы Мақпалды және бірнеше адамды өлтіріп кетеді.

Қырғыздың қазаққа жасаған шабуылдары бірнеше рет қайталанған, Қабанбай батырдың туысының ауылын да талқандаған. Бұл туралы мынадай дерек бар: «ұзақ жылдық жоңғарға қарсы соғыс өртi бәсеңдеп, ел iшiнде бiр мезгiл тыныштық орнаған күндердiң бiрiнде Қабанбайдың аталас туысы Қарақұрсақ ауылы қырғыздар жағынан қатты қырғынға ұшырайды. Содан Қабанбай әлгi ауылға келсе, бүкiл ел түгел қырғынға ұшыраған болып тек бiр ғана баланың қара ошақтың астында аман қалғандығын тауып алады. Үстi-басы қап-қара баланың түрiне қарап, қайран арысым-ай, сенен де бiр тұқым қалған екен ғой деп байбiшесiне табыс етiп бағып өсiредi. Кейiн осы ауылды қара құрсақтың ауылы деп атап кеткен екен. Қабанбай мұндай жан түршiгерлiк жағдайға қатты ашуланып, «бұл қырғыздың бiзге не қылғаны, өрiсте малымыз, төскейде басымыз қосылып жүрген халық едік, Қабанбай қартайды деп бiздi басынғаны ма? Мен бұл қырғыздан кек алмай қоймаймын», - деп қатты назаланып қарсы жорыққа шығады. Қабанбайдың мұндай күйде болғанын қазақ батырлары тұтас естiп, түгелі қасына жиналады. Абылайдың өзi де келiп Қабанбайдың қайғысына ортақтасып жалпы қимылға жетекшiлiк етедi. Сондағы жиналған батырларды былай деп айтады: Қанжығалы

Бөгенбай, Ер Жәнібек, жәдiк Жантай, көкжарлыдан көкжал Барақ, мұрынтайдан би Боранбай, шаншықұлдан Бердiқожа, байғанадан батыр Шөрек, Ер Қасабай, тоғас Қосай, Ер Дәулетбай, Қаз дауысты Қазыбек, үйсiннен Райымбек, қаптағайдан қара Шоқай, тентек матай, терiстаңбалыдан жалғыз Қарақ, және басқа да көптеген батырлар болған. Демек сол дәуiрдегi қазақ батырлары негiзiнен тұтас жиналған екен. Сонымен олар түгел бас қосып дайындықтарын көрiп жолға шығып бүгiнгi Тарбағатайдың Барлық, Қызылтұз өңiрлерiн басып өтiп Іленiң Текестегi Аттың тауы деген жерге келiп тоқтайды (қазақ шежіре деректері).

1773 жылы Абылай қырғызға екiншi жорығын бастайды. Бұл жолы да Шу-Талас бойындағы қырғыздарды шауып, тыныштандырып қайтады. Бірақ екi ел арасындағы ескi дау басылмай, бес-алты жыл ішінде барымта мен кезек-кезек шабуыл үдей түседi. Қазақ жағынан Бердiқожа бастаған батырлар ретi келсе қырғыз айылдарының топалаңын шығарады [7]. Қырғыз жақтан Садыр, Үсен, Теке тәрiздi қол бастаған батырлар Қаратау, Шымкент, Билiкөл, Үшалматы өңiрiндегi Ұлы жүз бен Орта жүз руларын қан қақсатады. Әсiресе, Садыр бiр шапқан ауыл-шаһарларды үш-төрт мәрте шауып, Шымкент, Созақ, Шолаққорған қалаларын қиратады. Бұл туралы қырғыздардың «Алымбек шежіресінде» жазылған. Садырдың: «Көкжарлы Барақты алдым, жалғыз көзді қарақты алдым», деп мақтанған сөзін шежіреде айтып кеткен. Бұл оқиғалар қырғыздың

«Алымбек шежіресінде» айтылған болса, қазақта «Жалаңаш баба» әңгімесінде баяндалады. Қазақ хандығы дәуірінде, хан Абылайдың тұсында өмір сүрген тарихи тұлғаның бірі – Жалаңаш баба есімді әулие. Жалаңаш баба туралы алғашқы деректердің бірін қалдырған қазақтың қаламгері Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қазақ» газетінде жарияланған «Жалаңаш баба» мақаласында қазақ-қырғыз арасында болған қанды шайқас оқиғаларын баяндаған [8].

Сол заманда екі елдің бір-біріне жаулығы асқынып тұрған. Қазақтың батырлары қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шанышқылы Бердіқожа, тұма Шынқожа, көкжал Барақ сынды ердің асылдары болған. Бір жолы Көкжал Барақ пен тұма Шынқожа екеуі мың әскермен барып, Алатаудағы қырғызды шабады: құл алып, күң алып, мол олжамен қайтады. Бірақ осы кезде қырғыз да Ақсу, Шымкент маңайындағы қоңыратты шабуға дайындалып жатқан екен. Олар Алатауды қазақ әскері шапты дегенді естіп, артынан қуады. Ақыры, Шу өзені бойында қуып жетіп, қазақ әскерін түгел қырып, басын алыпты. Сонда қолбасы Көкжал Барақ пен тұма Шынқожа батырлар жау қолынан қаза табады. Сонда, қырғыздың Нәдір бала мен Садыр бала деген батырлары: «Көкжарлы Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым» - деп мақтанып, қазақ әскерін талқан қылғанымен қоймай, Ақсу, Шымкенттегі қоңыратты шауыпты. Кетерінде қырғыздар Шу өзені жағасына бір бас, бір шымнан қалап, өліктен мұнара тұрғызып кетіпті. Қазақ батырлары зығырданы қайнап, Абылайға ұрыс бастау үшін келісім беруін өтінеді. Қора-лас Жауғаш батырды басшы етіп ханға жібереді. Көкжал Барақ, шапырашты Қаумен, Жәпек, ботбай Жайсан ба-тырлардың қырғыз қолынан өлгенін айтып, атыс-шабысты тоқтатуын сұрайды. Ел арасындағы дау мен барымтаға араласқысы келмей хан көнбей отырып алады. Рубасылар ақылдасып, ақыры Бұқар жырауды ортаға салады. Бұқар жыраудың айтқаны:

Ей, Абылай ханым,

Қырғыз көкжарлы Барақты алды,

Сарт пек қазақты алды,

Шолаққорған, Созақты алды,

Сені алмағына аз-ақ қалды», – деп салмақ сала, жан батыра жыр төгеді [2].

Әсіресе, шәйіттерді қорлап, өлген адамның басын жинап, кәлләмұнара тұрғызғаны туралы хабар Абылайға жеткен соң хан қаһарына мініп, қырғыздан өш алуға аттанбақ болады. Абылайдың үш әулиесінің бірі Жалаңаш баба екен, жұрт оны Жалаңаш әулие, немесе Жалаңаяқ әздер деп те атаған. Жалаңаш әулиенің азан шақырып қойған аты – Қойлыбай. Сыр бойында дүниеге келген. Он үш жасынан бастап әулие атанған. Ұрыста жаралы болған Абылай ханның әскерлерін емдеп-жазатын болған. Өзі үш ағайынды болған, бірінші ағасы Түгел, екінші ағасы Күшмән батыр екен. Қобыз тартып, халық емшісі болған кісілерге ақылын айтып, ұғындырып жүрген. 71 жасында дүниеден өтіпті. Көріпкел ретінде Абылайға қызмет еткен, жоңғармен жаугершілікте алдағы күнді болжап, жауға шабар сәтті дәл белгілей білген деген деректер бар. Абылай хан осы әулиенің батасын алмай жорыққа аттанбайды екен. Бұл жолы да жорыққа шығар алдында хан батагөй дананы іздетеді. Бірақ ол қашып кеткен болып шығады. Ақыры ол Ертістің жағасында бір жалғыз ағаш түбінде отырған жерінен табылады. Оның қашып кетуінің сырын сұрағанда: «Кәпірге атар жалғыз оғым бар еді, мұсылманға атпайын деп едім» деп жауап беріпті. Оның бұл сөзін естіген Абылай: «Мұсылман мұсылманның етін итке жегізіп, басынан келте мұнара тұрғызып, осынша қорлай ма екен? Жүрмесең Құдай алдында достық хақымды кешпеймін», - деп, жорыққа бірге баруға көндіріпті. Осылай «сүмбіле туып сұмпиып, ат семіріп күмпиген» шақта (яғни, тамыз айында) Алатаудың басындағы жайлауынан қырғыздардың түсіп келе жатқан сәтін аңдып, Абылай бастаған батырлар манағы мұнараның басына келіп тоқтапты. Абылай хан адам басынан тұрғызылған мұнараны көріп, қайғыдан көкірегі қарс айырылып, мойнына кісесін салып, аза тұтыпты. Астындағы боз жорғасын бауыздатып, етін таратыпты.

Қазақтың тарихи деректері мен қырғыз шежіресінің мәліметтері арасында осы уақытта болған тарихи оқиғалар туралы айтуында айырмашылық бар. Қырғыз шежіресінің дерегі бойынша, Абылай хан үш жүздiң игi жақсыларының алдына шығып: «Рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлiк салған. Бiздiң батырлардiкi де айып – жортуыл жасап, өздерi барған. Мен «қой» дегенiммен, бәрiбiр қоймайсыңдар. Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанамын! Аттанғанда үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адам бір биенің сүтін ішсін. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар», – дейдi екен.

1779 жылы қырғыздың Есенқұл би, Жайыл, Кебек, Садыр қатарлы батырлармен келiсе отырып, Жамансарттың сөз бiлетiн жиырма бiр жасар ұлы Тiлеубердiнi бас қылып, Ташкентке қырық елшi жiбередi. Елшiлердiң бiр тобы Абылай ханға: “Садыр менi “хан” деп танысын деп айтты”, – дейдi. Абылай үндемей қояды. Содан екi жақтың сөз ұстағандары “шатақтың басы сендерден басталған” деп бiр-бiрiн айыптап ұзақ сөйлейдi. Бiр кезде үндемей тұрған Тiлеубердi сөйлейдi. Ол шатақтың басы неден басталғанын айтып, содан қазақ пен қырғыз ежелден дос, бауырлас халық екенiн айта келiп: «Құдайдың жерiне таласып, бiр-бiрiмiздi қыра беремiз бе?!» – дейдi. Оның сөзi ойынан шыққанына разы болған Абылай хан: “Сендер Садырға айтыңдар. Бұдан былай елдi шаппасын. Өзiнiң жерiне кетсiн де, тынышталсын”, – дейдi [16]. Бұл Тілеуберді қырғыз қазаққа ақ үйліге кісі бергенде, хан Абылайдың қолында біраз жыл аманатта болған. Тілеуберді еліне оралғанда, қасындағы біршама қырғыздар біз енді қазаққа бауыр басып қалдық деп өз еркімен қазақ ішінде қалып қойған.

Қырғыз елшiлерi осы сөздi құп көрiп, өздерiнiң бас билері Есенқұл мен Жайылға Абылай ханның сәлемiн жеткiзедi. Есенқұл “ендiгәрi қазаққа тиiспесiн” деп Кебектi Садырға жұмсайды. Садыр өзiн ханмын деп кекiрейiп тұрған кезi екен, жаңағы сөздi естiгенде: “Менi хан деп танымаған Абылайға көресiнi көрсетем”, – деп шаптығады. Содан Абылай қырғыздарға қарай амалсыздан аттанады. Сол жорықта Абылай хан тарақты Байғозы батыр, шанышқылы Бердiқожа батыр, қоралас Жауғаш батыр, түйте Жарылқап батыр сияқты батырлар бастаған бес-алты мың қолды бастап, Сарысу бойымен келедi де, Ташкент, Түркістан, Шымкент жақтағы қазақтың жерін басқыншы қырғыздан босатады. Созақ, Шолаққорған, Сайрам, Шымкент, Келес төңірегіндегі кейбір жерлердi иемденген қырғызды қуып, Ташкентке жетедi. Ташкентте жатып, арадағы шатақты бейбiт жолмен шешудi ойлап, Шу, Талас, Ақсу, Қорағаты басындағы қырғызға елшi жiбередi. Тарақты Байғозы батыр Әулиеата жерін жаудан босатады.

Абылай хан қырғыз шебіне келгенде арадағы шатақты тағы да бейбіт жолмен шешуді ойлап: «Әлі де болса жауласпайық, елдесейік!» деп, Садырды келісімге шақырып, межелі уақытқа дейін амалдап, тыныстай тұру үшін қоралас Ер Жауғашты елшілікке жұмсайды. Қырғыздар жағы хан Абылайдың: «елдесейік, Шу-Таласты бірге жайлайық» деген сөзіне бітімге келмейді, Садыр келіссөзге көнбейді. Абылай оған екінші мәрте елші жұмсайды. Садыр бұл жолы да қисық сөйлеп,

Абылайдың намысына тиетін сөздер айтады. Бірақ, Ер Жауғаш кеткен соң қырғыздың төресі Әтеке: «бітімге келсек келейік, сүйенген пірі күшті екен» десе де, батыр Нәдір бала болмапты. Оған Әтеке өкпелеп, екі мың әскерімен бөлініп, еліне қайтып кетіпті. Осы кезде сәске де болыпты. Жалаңаш баба бір уыс топырақты жауға қарай шашып жіберіп, «ал енді шабыңдар» депті. Ақыры бұл шайқаста қырғыз әскері ойсырай жеңіліп, қырғынға ұшырапты.

Келесі бір деректе Әтеке жырықтың опат болу тарихы былай баяндалады: «Бұл жерде бiлiп алуға тиiстi бiр ұғым бұл айтып жүрген қырғыз Әтеке жырық бүгiнгi арамыздағы қырғыз ба? Жоқ, бұрынғы жоңғар iшiнде сiңiстi болып кеткен жоңғар қырғыздары ма? Ол жағы белгiсiз. Бүгiн де қалмақ қырғыз деген қырғыздар бар, Әтеке бәлкiм осы қырғыздардың батыры болуы мүмкiн. Әйтеуiр, Әтеке сол дәуiрдегi айтулы батырлардың бiрi болғандығы шындық. Кезiнде қазақ Кiшi жүзiнiң iшiнде есiмi бүкiл елге жайылған түр тұлғасы өзгеше, дәу денелi, жауырыны жерге тимеген балуан әрi батыр Қоңырбай есiмдi адам өткен екен. Бұл адамның ерлiктерi "Қоңырбай батыр", "Қоңырбай батырдың Әтеке жырықты жеңуi", "Қоңырбай батыр мен Әтеке жырықтың сайысы" деп баяндалады. Бұдан басқа да Әтеке және оның ерлiктерi жайында кезiктiруге болады. Әтеке қол бастап осы араға келген соң, Қабанбайдың жасауылдарына жолығып қазақ батырларымен өзiнiң жекпе-жекке шығатындығын жариялайды. Содан қазақ жасауылдары iшiнен алдымен Дәулетбай батыр, одан Барақ батыр сынды қазақтың танымалы үш батыры жекпе-жекке шығады, бiрақ оның барлығы Әтекеден жеңiлiп қайтады. Намысқа шыдамаған Қабанбай соңында өзi шығып Әтекенi жеңiп, оны өлтiрiп, оның барлық мал-мүлкiн олжалап батырлаға үлестiрiп бередi екен. Сонымен, қырғызбен арада туындаған жанжалды сөзбен шешу мүмкін емесіне көз жеткізген Абылай хан ұрысқа дайындалады. Хан Абылай Шудың бойына түскен ел болса біліп қайт деп жіберген елу кісі шолғыншылары бір тайпа елді шауып, біраз адамды қолға түсіріп әкеледі. Абылай соның ішінен екеуін сол кездегі қырғыздың төресі Әтекеге жіберіп, оларға мына сөзді айтуды тапсырады: «Оның бір жылғы төлін мен алдым, менің бір жылғы төлімді ол алды. Құмар тарқап, кек бітетін болмады. Үш күнге шейін осы Кәллә-мұнараның түбінде тосамын, келіп не менің қаныма біржола ол тойып кетсін, не оның қанына мен тойып кетейін». Үшінші күні Нәдір бала, Садыр бала бастаған Әтекенің қолы келіп жетеді. Келе оқ жаудырып, Абылайдың әскерін шатырларға қуып тығады. Осы кезде хан Жалаңаш бабабан ақыл сұрайды. Жалаңаш әулие: «Сәске көтерілгенше ол атса да сен атпа. Ол шапса да сен шаппа. Сенің оғың оларға сәске көтерілген соң дариды. Осы күнгі сағат оларға ауып тұр. Қырылғаның қырыл да, қалғаның орыныңда тұра бер», - дейді [8].

Садырдың басшылығына сүйенген қырғыздар Жетісуды, Шу мен Таласты және тағы басқа аймақтарды

басып алғанда, хан Абылай қол астындағы алты мың әскерiн үш қанатқа бөліп, Бердiқожа батыр бастаған қолды Садыр отырған Таласқа жiбередi. Екiншi қолды Қорағатының басындағы солтыларға жiбередi. Үшiншi қолды Абылайдың өзi бастап, Жауғаш, Жарылқап батырлармен бiрге Әулиеатаға келедi. Бердiқожа батыр Садырды басып алады. Абылай хан Әулиеатаны бағындырып, солтыға қарай аттанады. Солтылар Қорағатының белiне бекiнiп алып, Момақан, Жайыл, Кебек би, Үсен, Теке, Итеке батырлары қазаққа қатты қарсылық көрсетедi. Абылай хан келгесiн қазақ жеңiп, қарсылас жақтың басты адамдарын тұтқынға алады. Абылай хан төрт-бес мың адам қол жинап ұрысқа кіріскенде, үш қанат әскерді шанышқылы Бердіқожа батыр, тарақты Байғозы батыр, Жарылғап, Жауғаш батырлар басқарады. Сонда қырғыздың көп батырлары мен сарбаздары қолға түсіп, шайқаста шейіт болған қырғыздың сүйектері Жайыл моласына жерленіп, қорым «Жайылым мазары» деп аталған. «Жайыл қырғыны» деп аталған бұл шайқаста Қабанбай батырдың серігі болған Шынқожа батыр Базарқұлұлы (1706-1770) қаза табады.

Қазақ-қырғыз арасында болған бұл шайқаста тұма Шынқожа батыр қоршауда қалып, өзінің бармағын қылышпен шауып орайды да, сау қалған батырларға қазақ жерінде көмуге аманат ретінде тапсырады, өзі шайқаста шейіт болған. Денесі қай жерде жерленгені белгісіз, ал бармағы қазіргі Аягөз ауданындағы Шынқожа есімімен аталған ауылда, Нарын өзенінің бойындағы

төбеге көмілген. Батырлар өз бармағын қылышпен шауып, осылайша аманаттағаны, сол шайқас ауыр болғанын көрсетеді. Бердіқожа батыр қаныпезер Садырды аттан түсіріп, жауласқан қырғыздарды аяусыз қырып-жояды. Онымен қанаттас соғысқан батырлар қырғызды Алатау асырып тастайды. «Жайыл қырғыны» шайқасында қарғыз осылай жеңіліс табады. Соғыстың сұрапыл болғаны сонша, қазақ пен қырғыз арасында «Жайыл қырғыны» деген атпен сақталған. Шайқаста мыңдаған адам өліп, қолға түскен Садыр, Жайыл, Үсен, Теке, және тағы басқа бiрқатар қарғыздың батыры мен билерiн Абылай хан дарға асады. Қырғыздың жасы үлкен көрнектi адамы Жайыл би болған. Оларды жерленген мола «Жайыл мазары» деп аталды. Тұтқынға түскен көп қырғыздарды хан Абылай қазақ руларына сіңістіріп жібереді.

1780 жылы қырғыз-қазақ шайқасы аяқталған соң, екі елдің өзара шекара мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіледі. Екі жақ ортақ келісімге келеді. Абылай ханның қырғыздармен арадағы бітімі бойынша қазақтар – Алатаудан Ілеге дейін, қырғыздар – Ыстықкөлден Шуға дейінгі жерді алатын болады. Осыдан кейін қырғыздар Іле бойын қалдырып, көшіп кетеді. Шынышылы Бердіқожа батыр бастаған бір қауым ел Шыршықтан Жетісуға, Аягөз бойына өтуіне осы жорық себепші болған. Балқаш көлінің шығыс жағын қыстап, жаз айларында Жидесу маңайын жайлаған. Ал кейін, 1911 жылы Лепсі оязының жеріне статистикалық зерттеу

жүргізген орыс офицері әрі ғалымы П. Румянцев келтірген деректе: «Жылды тау (Жыланды тау) жотасының оңтүстік беткейін айналса, «Бердіқожа қонысы» деп аталатын шатқал бар», деп жазылған.

Бердіқожа батыр айтылып отырған сол хан Абылайдың заманында қалмаққа қарсы Аягөз, Бұланты, Білеуті және Сарысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Ембі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыстарында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі, Итішпес көлдері маңында, Аңырақайдағы шайқастарында қазақтың жасақтарына басшылық еткен. Бердіқожа батыр туралы мәлімет «Жалаңаш баба» мақаласында көкжал Барақ пен қаракерейдің тұма атасынан шыққан Шынқожа батырмен қатар аталады. Екі мың қолды бастап, Алатаудағы қырғыз ауылдарын шауып, көп олжаға қарық болған. Бұл шапқыншылық қазақ пен қырғыз арасында үлкен дауға айналған. Сонда хан Абылай: «Қордай, Шу бойы мен Талас аймағын қорғап, тыныштықты орнататын Бердіқожа бар ғой», – деп, оған үлкен сенім артып, қырғыздармен келіссөздерге араласпаған. Осы оқиға Бердіқожаның тек батыр ғана емес, елші де, жаушы да, әрі қолбасшы болғанын көрсетеді. Бердіқожа батырдың айтқан ойлары дұшпанмен ұрыстарда құнды кеңес ретінде бағаланған. Сол батырлардың жеңістерінің сыры әуелі сарбаздар мен қолбасшылардың соғыс тәсілін дұрыс таңдауы, ерекше ерлікпен шайқасуы, сондай-ақ,

шайқас өтетін жерді, оны бастауға уақытты дәл білген абыздың кеңесінде жатыр.

Бердіқожа батырдың сүйегі 2011 жылы қабірден қызып алынып, осы заманғы зертханада бір жыл бойы зерттеліп, антропологиялық реконструкция жүргізген ресейлік ғалым Т.С.Балуева: «Бердіқожа ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған. Зиратта жатқан сүйектің басы, екі қолы, аяғы денесінен бөлінгені анық байқалады. Сүйек өткір қылышпен шабылған [9]. Иығы мен басында ауыр соққының ізі сақталған» - деп сипаттаған. Ғалымдар батырды азаптап, қинап барып өлтірілген деген тұжырым жасайды. Антрополог ғалым Т.С. Балуеваның сипаттауынша Бердіқожа батырдың бойы 177 сантиметр болған және өзі құралыптас замандастарынан денелі келген, кең иықты, жаурынды, денесінде артық еті жоқ, бұлшық еттері шиыршық атқан, жастайынан садақ пен суық қаруды мейлінше шебер меңгерген. Мойыны жуан әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты, көзі өткір, шашы қалың болған екен. Жаулар қылышпен шауып кескілеп өлтірген [10]. Айбынды қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек Бердіқожа атақты Қабанбай батыр қатарлы Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шарға шайқастарында ерлігімен көзге түскен. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, көкжарлы Көкжал Барақ сынды әйгілі батырлар қатарлы қазақтың жерін басып алған қалмаққа, шүршітке бүйідей тиген, қырғызға есе бермеген.

 

Алпысбес Махсат Алпысбесұлы


тарих ғылымдарының докторы, профессор


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (E-mail: alpysbes_ma@enu.kz)


XVIII ғасырда қазақ жері мен елін қорғаған батырлардың


шежірелік тарихынан (қазақ-қырғыз қарым қатынастары)


Әдебиеттер мен дерек көздері:

1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егеменді Қазақстан. - 12 сәуір. – 2017.

2. Шанышқылы Бердіқожа батыр / Құраст. Қасымбеков Б., Қыдырәлі Д. – Астана: Фолиант, 2009. -288б.

3. Валиханов Ч.Ч. Сочинения в 5-ти томах. – Алматы, 1985.

4. Көпеев М.-Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы: Жалын, 1993.

5. Халид Қ. Таруарих хамса шарқи. – Алматы: Қазақстан, 1992.

6. Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков. – Алматы, 1998.

7. Әбдікімұлы М. Айырқалпақтыларды ағайын десек те... // Түркістан. 19 ақпан 2014.

8. Торайғыров С. Жалаңаш баба / Құрбан қажы аузынан оқшау сөз// Қазақ. 1916.

9. Добровольская М.В., Медникова М.Б., Бердыкожа батыр: история жизни и смерти по данным физической антропологии (экспертиза останков Бердыкожи батыра). – В кн: Наследие Л.Н. Гумилева и современная Евразийская интеграция: Труды ІХ Евразийского

научного форума / Под ред. Е.Б. Сыдыкова. – Астана: Издательство ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2012. – 735 с. – С.378-386.

10. Балуева Т.С., Веселовская Е.В. Реконструкция облика национального героя-воина Бердыкожа батыра. – В кн: Наследие Л.Н. Гумилева и современная Евразийская интеграция: Труды ІХ Евразийского научного форума / Под ред. Е.Б. Сыдыкова. – Астана: Издательство ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2012. – 735 с. – С.386-401.

Автор туралы мәлімет:

Алпысбес Махсат Алпысбесұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры (alpysbes_ma@enu.kz)

Сведения об авторе:

Алпысбес Махсат Алпысбесулы, доктор исторических наук, профессор ЕНУ им. Л.Н.Гумилева (alpysbes_ma@enu.kz)

About the author:

Alpysbes Makhsat Alpysbesuly, Doctor of History, Professor of ENU. L.N. Gumiliev (alpysbes_ma@enu.kz)

М.А.Алпысбес

Шежире казахов о батырах –

защитниках казахской земли и государства в XVIII веке

В данной статье представлен анализ и свод источниковых данных об исторической роли батыров в освобождении казахских земель от оккупации и борьбы против попыток захвата казахских земель. В статье рассматривается военно-политические события 1760-80-х гг. в восточных, юго-восточных и южных пределах границ Казахстана.

Ключевые слова: казах, батыры, военная история, шежире, Жетысу

M.A.Alpysbes

The Kazakz’s Shezhyre about batyrs –

the defenders of the Land and the State of Kazakh in the XVIII century

This article presents an analysis of and a set of source data on the historical rule of the batyrs for the liberation of the Kazakh lands from occupation and against attempts to capture the Kazakh lands. The article deals with the military and political events of 1760-80-ies. in the eastern, southeastern and southern limits of the borders of Kazakhstan.

Keywords: Kazakh, batyr, military history, shezhire, Zhetysu

References

1. Berdìķoža // Ķazaķ u̇lttyķ ènciklopediâsy. – Almaty, 1999. – 2Т. -286б.

2. Šanyšķyly Berdìķoža batyr / Ķu̇rast. Ķasymbekov B., Ķydyra`lì D. – Astana: Foliant, 2009. -288б.

3. Valihanov Č.Č. Sočineniâ v 5-ти tomah. – Almaty, 1985.

4. Kôpeev M.-Ж. Ķazaķ šežìresì. – Almaty: Žalyn, 1993.

5. Halid Ķ. Taruarih hamsa šarķi. – Almaty: Ķazaķstan, 1992.

6. Andreev I.G. Opisanie Srednej Ordy kirgiz-кaisakov. – Almaty, 1998.

7. А`bdìkìmu̇ly M. Ajyrķalpaķtylardy aġajyn desek te... // Tùrkìstan. 19 aķpan 2014.

8. Torajġyrov S. Žalaņaš baba / Ķu̇rban ķažy auzynan oķšau sôz// Ķazaķ. 1916.

9. Dobrovolʹskaâ M.V., Mednikova M.B., Berdykoža batyr: istoriâ žizni i smerti po dannym fizičeskoj antropologii (èkspertiza ostankov Berdykoži batyra). – V kn: Nasledie L.N. Gumileva i sovremennaâ Evrazijskaâ integraciâ: Trudy ÌH Evrazijskogo naučnogo foruma / Red. E.B. Sydykova. – Astana: Izdatelʹstvo ENU im. L.N. Gumileva, 2012. – 735 s. – S.378-386.

10. Balueva T.S., Veselovskaâ E.V. Rekonstrukciâ oblika nacionalʹnogo geroâ-воина Berdykoža batyra. – V kn: Nasledie L.N. Gumileva i sovremennaâ Evrazijskaâ integraciâ: Trudy ÌH Evrazijskogo naučnogo foruma / Pod red. E.B. Sydykova. – Astana: Izdatelʹstvo ENU im. L.N. Gumileva, 2012. – 735 s. – S.386-401.

Рекомендовать
Последние новости