Қазақ арманы және мәңгілік ел идеясы

Dalanews 20 нояб. 2017 15:07 1865

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз мемлекет құру мен нарыққа өтуді қатар алып жүрді. Қойнауы қазба байлыққа толы,  ұлан-ғайыр территориясы бар жас Республика әлемнің назарын аударып қана қоймай, әлемдік жаңа тәртіптің орнығуы үшін талай мүдделер мен қайшылықтардың тоғысатын жері болып қалды.

Осы барыста біз Елбасының сарабдал саясаты мен орта техникумнан жоғары білімі бар төзімді де қажырлы, мейірімді халқымыздың арқасында барлық қиыншылықтарды еңсеріп, алға жылжыдық. Жетістігімізге дос сүйінді, дұшпан күйінді.

[caption id="attachment_17120" align="aligncenter" width="1024"] Назарбаев гольф[/caption]

Елбасы биыл жыл басында халыққа жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі басталғанын жариялады. Содан кейін іле-шала «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Әлем бізді қара  алтынмен  немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп атап өтті.

Ойдан ой туады дегендей, біз рухани жаңғырудың қыр-сырына үңіліп, болашаққа бағдар жасағанымызда бұл стратегиялық бағдарламалардың түп қайнары Елбасы 2013 жылы халыққа жолдауында ортаға қойып, 2014 жылы тағы да толықтыра түскен дамыған 30 елдің қатарына қосылу – мәңгілік Қазақстан жобасынан бастау алатынын, сонымен бірге одан бұрынғы басқа да жобалармен үндесіп жататынын байқаймыз.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, әрқандай елдің қиындықтан алып шығып,  биіктерге бастайтын арманы, яғни стратегиялық бағдарламасы болады. Нарыққа өтіп, жекеменшік қалыптасқан, зайырлы мемлекеттің барлық принциптері мен институттары орныға бастаған, байырғы сақ, ғұндар мен көк түркілердің, Алтын Орданың, Ақ Орданың мұрагері, Қазақ хандығымен, Алашорданың рухымен суғарылған біздің жас Республикамыздың арманы – мәңгілік ел.

Мәңгілік ел арманы қу тақырда пайда болған жоқ. Біз ширек ғасыр ішінде өткенге сараптама жасап, төрткүл дүниеге өз көзімізбен қарай бастадық. Қағанаттардың мерейіне шомсақ, тайпалардың берекесіздігін түсіндік, дәстүр мен діннің озығы мен тозығын пайымдадық, отарлық таңбаның еттен өтіп, сүйекке таяғанын сезіндік, қырғи қабақ соғыс аяқталып, идеологиялық қайшылық бәсеңдегенімен, дін мен дін, мәдениет пен мәдениет, өркениет пен өркениет арасындағы жаңа текетірестердің басталғанына, ғылым мен техниканың қарыштап дамуы жаһандық глобализацияның жаңа бір өрлеуін дүниеге әкелгеніне куә болдық.

Біз ғибрат алатын, үлгі тұтатын әлемдік тәжірибелер де жоқ емес. Дүниежүзілік бірінші соғыстан кейін әлемдік дағдарыс басталып, бүкіл Еуропа, Америка қиындық қыспағында қалғанда америкалық жазушы Джеймс Труслоу Адамс «Америка арманы» деген роман жазып, «Америка арманы» деген ұғымды халық санасына сіңірді. Міне, бұл қазірге дейін дүниежүзіне ерекше ықпал еткен, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-ты әлемдік екі үлкен державаның біріне айналдырған ұлы арман еді. Кітаптың өзекті идеясы мынадай: «Барлық жіктегі азаматтарды бұдан да бақытты, баянды өмірге бастап баратын арман бар, ол – Америка арманы. Міне, бұл әлімсақтан бері адамзаттың ақыл-ой қамбасы мен заттық қажетіне қосқан ұлы үлесіміз». Бұл арман қырық темірдің құрауынан құралған барлық ұлыстар мен ұлттарды бір таудың астына жиыстырып, кісілік құқық, демократия салтанат құрған, жеке тұлғаның жарқырап көрінуіне барлық жағдай жасалған алып мемлекетті дүниеге әкелді. Әлемде жаңа тәртіп орнады. Мемлекеттер арасында «жұмсақ күштің» рөлі немесе мәдениеттің ықпалы басым орынға шықты. Американың мәдениет саласына бөлген қаржысы әскери өнеркәсіптен кейін екінші орынға шығып, ел бюджетінің 25 пайызын құрады. Бұл күнде «Сорос» қоры, «Карнег» қоры, Америка Мәдениет алмасу қоғамы дүниенің барлық жерінде жемісті жұмыс жасаса, «фаст фуд», «кока кола» деген ұғымдар бүкіл жастардың санасын жаулап алды. Голливуд  кино өндірісі әлемдік киноның алты да жеті пайызын ұстаса, қойылым және сатылым жағынан киноиндустриясынан түсер пайданың тең жартысын ұстайды.

Біз жоғарыдағы ойдан-ақ  Елбасының не үшін ғылым мен мәдениетке айрықша көңіл бөліп отырғанын түсінеміз. Ашып айтсақ, Америка арманы халықтың дінге деген сенімін, заттық мәдениетке деген қажетін толықтай қанағаттандырып, жеке тұлғаның әрқандай объектив себептің кедергісіне ұшырамай, мақсат-мұратын іске асыруына жол ашты.

Америкадан кейін алдына үлкен мақсат қойып, стратегиялық бағдарлама белгілеген ел шығыстағы алып көршіміз – Қытай Халық Республикасы. Бұл елдің соңғы 30 жылда қол жеткізген экономикалық табысына бүкіл ел таңдай қағып отыр. Басқасын айтпағанда, Қытайдың алғашқы айрықша экономикалық аймағы болған, теңізге тиіп тұрған өлкесі  Гуандунның жалпы ішкі өнімі Ресейдің бүкіл ішкі өніміне пара-пар болған. Қытай біздің құдайы көршіміз әрі стратегиялық әріптесіміз, тауларымыз тұтасып, шекарамыз қиылысып қана жатқан жоқ, тағдырымыз бен мүддеміз де тұтасып жатыр. Еліміздің мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті. Арамызды екі теміржол линиясы жалғаса, Батыс Қытай-Батыс Еуропаны тұтастыратын автожол салынуда. Бұдан сырт тау-кен, байланыс, ауылшаруашылығы, құрылыс саласында қытай инвесторлары көптеп келуде. Мойнақ су электрстанциясын салуға, Шымкент, Ақтөбе мұнай өңдеу зауыттарын қайтадан жаңалауға қытайлықтар қатынасты. Сонымен бірге, Қытайда 2 миллионға таяу қандастарымыз тұрады, олардың тағдыры бізді бей-жай қалдыра алмайды. Осы алып елдің әрбір қимылы бізді ғана емес, бүкіл әлемді ойландырып отыр. «Қытай арманы» ұғымы Қытайдың 5-ші ұрпақ басшысы билікке келген соң,  көтерілді. Нақтылап айтсақ, «Қытай арманы» Қытай баспасөзінде 2012 жылы 29 қарашада ресми айналысқа түсіп, 2013 жылы 18 партия құрылтайында бас секретар болып сайланған Ци Цзин Пиннің аузымен әлемге жария етілді. Екі ғасырлық нысана, яғни, Қытай Коммунистік партиясының жүз жылдық мерейтойы мен (1927-2027) Қытай Халық Республикасының құрылғанына 100 жыл толатын мерейтойы (1949-2049) – осы екі арнаулы дата аралығында Қытай ұлтын тұлға еткен көпұлтты Жунхуа ұлттарының қайта көркеюіне қол жеткізу. Бұл мақсаттың басты бейнесі мемлекеттің күшеюі, ұлттың өркендеуі, халықтың бай-бақытты болуы жағынан көрініс табады. «Қытай арманы» дінге емес, тарихи жетістіктерге арқа сүйеп, содан қуат алады әрі жекенің емес, көптің күшіне, береке-бірлігіне мән береді.

Қытай идеологтарының пайымдауынша, жоғары биліктің1-ші буыны Мао Цзэдун алғашқы 30 жылда Қытай Халық Республикасын құрып, аяғынан тұрғызды, 2-ші буын Дэн Сяопин 30 жыл реформа, ашық есік саясатын қолданып, Қытай елін байытты. Енді, міне, 5-ші буын Ци Цзин Пин 30 жыл мерзімде немесе 2050 жылға дейін Қытайды құдіретті елге айналдырады.

Әлемдік тәртіпті қадағалап отырған екі елдің мақсат-мұраты мен мүдделері кей жерде түйіссе, кей жерде алшақтап кетеді. Соның кесірінен отқа оранып, тыныштығы кеткен елдер қаншама?

Біздің арманымыз – мәңгілік ел. Арманның үлкен-кішісі, ерте-кеші болмайтын шығар. Тарихи шарт жағдай пісіп-жетілгенде, өмірлік сұранысы артқанда ғана дүниеге келіп, өз арнасына түсіп, ағысымен ағады.

Біз осы жылдар ішінде ішкі саясатта әрі-сәрі болмастан нарық жолына түсіп, халықтың әл-ауқатын жақсарттық. Тарихи себептерге байланысты көпұлтты елге айналған еліміздегі барлық ұлттардың ортақ мүддесін сақтап, береке-бірлігін арттырдық. Көптеген ұлттар өз ана тілінде білім алып, дәстүрін сақтап, төл мәдениетін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Қазақстан Халықтар Ассамблеясы адамзаттың саяси өміріне алып келген біздің елдің ең үлкен жасампаздығы десек те болады. Тәуелсіздік жылдары 14 миллионға құлдырап кеткен жан санымыз қайтадан 18 миллионға жетті. Унитарлы мемлекетті құраушы басты ұлттың жан саны 42 пайыздан 70 пайызға көтерілді. Әлемде шашырап жүрген миллионға таяу қандастарымыз атамекенге оралып, ірге теуіп, бизнес пен ғылымның көрігін қыздыра түсті. Оралған бауырларымыздың еңбекке қабілеттілігі 70 пайыздан асса, еліміздің орташа жасы 25 жас болып, болашағы нұрлы елдердің қатарына өттік.

Шыт жаңа Астана салынды. Алматы Орта Азиядағы ең үлкен қаржы, бизнес орталығына айналды. Елбасының бастамасымен екі рет өткізілген қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру, екі реткі бизнесті қорғауға арналған мораторий елімізде шағын, орта кәсіптің тынысын ашып, адымын жеделдетті. Осының нәтижесінде мұнай-газы, қазба байлығы жоқ Алматы қаласының ішкі өнімі Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 5 есесіне пара-пар болды.

Сыртқы саясатта шекарамыз қиылысатын барлық көршілерімізбен қызыл сызықты айқындап алдық. Еуропа Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етіп, Ислам Конференциясына қатынасып, Шанхай Ынтымақтастық ұйымын құрушылардың бірі болдық. Әлемдік діндер съезін, медиафорумдар өткізіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшесі болып сайландық. Қысқы Азиада, әлемдік Универсиада және ЭКСПО-ны абыроймен өткізіп, экономикалық, спорттық күш-қуатымызды әйгіледік.

Еліміз Халықаралық жағдайда көпвекторлы саясат жүргізіп қана қоймай, өңірлік саясатта түбі бір туысқан түркі елдерімен қатынасқа басым бағыттар берілді. Ататүрік пен Мағжандар армандаған, Мұстафа Шоқай бар ғұмырын арнаған сара жол – ол түрік халықтарының бірігуі, күшеюі еді. Жан саны 200 миллионға таяйтын дәстүрі, тілі, діні, ділі бір туысқан халықтар қаншама ғасыр бөліп алып билеудің құрбаны болып, тілі шұбарланып, жазуы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Елбасымыз осы бағыт жолында еліміз құрыла сала армай-талмай, айғай-аттанға ермей, сабырлы, салиқалы жұмыс жасап келеді. Қасиетті қаламыз Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Астанадағы Түрік Академиясы, Алматыдағы С.Демирель атындағы Университет, міне, осының дәлелі. Жалпыхалықтық талқылаудан кейін Елбасы латын әліпбиіне көшудің екінші жобасын бекітті, енді ашылған арамыз жақындай түседі. Түркі жұртын біріктіретін болашақтың керуені мақсатына қарай бет түзеді. Оның игілігін көрер күндер әлі алда деген сөз.

Елбасы биылғы қаңтарда мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу міндетін күн тәртібіне шығарды.Үкімет пен Парламенттің өкілеттілігін кеңейтіп, жауапкершілігін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару ісін уақыт талабына сай жетілдіруге бағытталған бұл реформаны халық қызу қолдады. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың жұмысы қанат жайып, азаматтық қоғамның дамыған елдер қолданған принциптері өмірімізге ене бастады, көппартиялы сайлаудың қыр-сырын халқымыз ептеп сезінуде, жекеменшік қалыптасып, ұлттық буржуазия өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Қазба байлықтың пайдасын әрбір қазақстандық сезіну үшін қаржы көзін жоғары технология мен туризмді дамытуға бұру, қызмет өтеу саласындағы «бір терезе» түзімін барынша жалпыластыру, кеден, салық жүйесіне заман талабына сай жалғасты реформа жасау басты бағытымыз болмақ.
 Біздің арман – ұйыған берекеміз бұзылмай, халқымыздың әл-ауқатының артуы, замана көшінен қалмай мәдени құндылықтар жарату, тарыдай шашыраған алаштың бір шаңырақ астында бас қосуы, керегесі ағаш, туырлығы киіз түбі  бір түріктің емен-жарқын қол ұстасып, әлемдік өркениеттің биігінен өз орнын табуы.

Саралап көрсек, мәңгілік елге бастар жолдың тағаны қаланып, бес қаруы сайланып келеді екен. Біздің мұрат-әлемге әмір жүргізіп, өз тәртібімізді орнату емес, жоғымызды түгендеп, барымызды марқайту екен. Оның айқын дәлелі – ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартуымыз. Біздің арман – ұйыған берекеміз бұзылмай, халқымыздың әл-ауқатының артуы, замана көшінен қалмай мәдени құндылықтар жарату, тарыдай шашыраған алаштың бір шаңырақ астында бас қосуы, керегесі ағаш, туырлығы киіз түбі бір түріктің емен-жарқын қол ұстасып, әлемдік өркениеттің биігінен өз орнын табуы.

Тағы да тарихқа жүгінсек, 1644 жылы манчжурлардың сайлауыт атты әскерлері әйгілі Қытай Ұлы қорғанының шығыс қақпасын бұзып кіріп, 3 ғасырға таяған көшпелілердің алып мемлекетін құрды әрі Қытайдың қазіргі территориясының негізін қалады. Қытайдың пәлен ғасырға қалыптасқан дәстүрі бойынша соғыс өрті сөнген соң, императорлар соғыста бүлінген Ұлы қорғанды қайтадан жөндеп, қалпына келтіретін. Император Цяньлунға уәзірлері және қолбасшылары жағынан көптеп ұсыныс хаттар түседі. Астанада тұрып мазасы кеткен император орталықтан 200 шақырым қашықтықтағы патшаның демалыс аймағына барып, ұзақ ойларға шомады. «Осы Ұлы қорған салынғалы қаншама хандық ауысып, қаншама қағандар тарих сахнасына шықты. Соның қаншасына пана болды? Кеше ғана аталарымыздың атты әскері бұзып өтті емес пе? Ұлы қорғанды шекараға, өткел, асуларға емес, халықтың жүрегіне салу керек, сонда ғана ешбір жау ала алмайды. Оның жолы – алман-салықты азайтып, халықтың жағдайын жақсарту, ел бастаған серкелердің ықыласына бөлену». Сонымен алман-салық азаяды,  жер иесін табады. Конфуцийдің ілімі дәріптеліп, елдің бірден-бір идеологиясына айналады. Соғыста қаза болған Мин патшалығының қолбасылары мен уәзірлеріне ескерткіш орнатылып, опалылар кітабына енгізіледі. 12 жастан жоғарғы Манчжур әулетінің еркек кіндіктілері жыл сайын бес қаруын асынып, 2-3 айға созылған аң аулау маусымына қатысады. Бұл жорықтарды император өзі бастап, ешбір әйел затын қастарына ертпейді. Осындай қадамдарға барған сұңғыла император халық жүрегіне мызғымас ұлы қорған орнатып, ішкі-сыртқы жауларын тәубесіне түсірді.
«Түрксойдың» жұмысы әлі де жандануы керек. Түрік Академиясы, Ясауи атындағы университетке, С.Демирель атындағы университетке мемлекеттік грантты көбейтіп, барлық елдердегі түрік халықтарының жастарын, әсіресе, татар, башқұрт жастарын көптен тартуымыз керек. Олар үшін оқу, қызмет істеу, некеге тұру, азаматтық алуы жеңілдетілген тәртіппен жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жоғарыда біз саралап өткен жағдайлар Елбасының ел жүрегіне орнатқан ұлы қорғаны деп білеміз. Ендігі мақсатымыз – ұзаққа көз салғанда сыртқы саясатта қазіргі қалыптасқан тепе-теңдікті сақтай отырып, Еуропа Одағына қарай жылжу. Жалпы Батыстың озық техникасы, сыннан өткен ел басқару үрдісін елімізге жалпыластыру басты бағыт болмақ. Әрине, ішек-қарнымыз араласып кеткен Ресеймен барынша жақын қарым-қатынас жасау, олардың қорғаныстағы әлеуетін өз мүддемізге пайдалану біз үшін әлі де маңызды орында тұрады. Грузияның, Украинаның қателігін қайталамау үшін бізге қаншалық сабыр мен шеберлік керек екенін түсінгеніміз абзал.

Ресей есімізге ауық-ауық салып тұратын «Қытай қаупі» бұл күнде Парламенттен бастап, базарда заты өтпей, іші пысып отырған әйелдерге дейін күніне бірнеше рет қайталайтын жарапазанға айналып кетті. Кезінде Напалеон Бонопарт ұйқысынан оянбасын деп тілеген «арыстан» бұл күнде қол-аяғын жазып, сілкінуде. Энергетикалық ресурсқа, экологиялық таза азық-түлікке ықыласы, сұранысы күн санап артуда. Біз өз заңдарымызды, әсіресе миграция туралы заңдарымызды кемелдендіріп, ішкі береке, бірлігімізді күшейтсек, экспортты көбейтіп, ұлттық ішкі өнімді еселеп арттыратын тамаша орай алдымыздан күтіп тұр. Ол жақта жасап жатқан 2 миллионға таяу қандастарымыз екі елдің арасына алтын көпір рөлін атқарары сөзсіз.

Ресей өндірісте, техника жаңалауда кенжелеп отыр. Халықты жайлаған маскүнемдік, нашақорлық, жоғарғы билік эшолонын кемірген коррупция, шешен, татар, башқұрт сияқты халықтардың тәуелсіздік алуға талпынысы, Қырым оқиғасынан кейінгі Батыстың қатаң санкциясы – осы қиындықтар қабаттасып келгенде байтал түгіл, бас қайғы заман болып, Орта Азия елдері еркін тыныстап қалады.

Ал Қытайдың да ішкі-сыртқы қиыншылығы жетіп артылады. Теңізбен шекараласқан елдермен күннен-күнге күшейген шекара дауы Қытайдың көптен бергі бас ауруы, әсіресе, ежелгі дұшпандары Жапония, Вьетнам, Үндістан  – бұл үш ел де қалпақпен ұрып алатын ел емес. Азуын айға білеген әрқандай астам елдің қолын матап, аяғын тұсайды. Ішкі жақта Тибет, Ұйғыр, жалпы мұсылмандар мәселесі, байлықтың әділетсіз бөлініп, өңірлік, әлеуметтік парықтың ұлғаюы, бай мен кедейдің арасында жіктің ашылуы, партия беделінің құлдырап, коррупцияға қарсы күрес кландар арасындағы есеп айырысуға айналып кетуі, міне, мұның бәрі де жуықта шешіле қоймас күрмеуі қиын түйіншекке айналып барады. Оның үстіне Қытай жан санының өсуі саябырлап, тоқтау алдында тұр. Сарапшылардың межесіне қарағанда 2100 жылдары  Қытай жан саны 600 миллионға түсіп қалуы мүмкін.

Айналаға қазақтың көзімен қарап үйренсек біраз нәрсеге қанығамыз.

«Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» дегендей, туысқан түркі халықтарының өзара саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын жақсарту – мәңгілік елдің келешегін көркейтіп, болашағын нұрландыратын бірден бір төте жол. Латын жазуы арамызды жақындатып, рухани әлемімізді жаңғыртса, болашақ экономикалық одақ күшімізді еселейді. «Түрксойдың» жұмысы әлі де жандануы керек. Түрік Академиясы, Ясауи атындағы университетке, С.Демирель атындағы университетке мемлекеттік грантты көбейтіп, барлық елдердегі түрік халықтарының жастарын, әсіресе, татар, башқұрт жастарын көптеп тартуымыз керек. Олар үшін оқу, қызмет істеу, некеге тұру, азаматтық алуы жеңілдетілген тәртіппен жүргізілсе,  нұр үстіне нұр болар еді.

Міне, бұл – ғұндардың қайқы қылышымен әлемді жалт қаратқан, түріктер мәңгілік балбал тастарға ойып аманаттаған, Шыңғысханның Жасақ заңында көрініс тапқан, Алтын Орданың тұлпарының тұяғында үміт болып жанған, Есім ханның Ескі жолы, Қасым ханның Қасқа жолында арман болып қалған мәңгілік елдің мәңгілік мұраты. Бұл арман елес болып Тұран даласын кезіп жүр. Үкілеген үмітіміз, асқақ арманымыз бәрі-бәрі де осының аясына сыйып кетеді.

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ


 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости