Экс-сенатор, бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың жақын адамы Талғат Татубаев ұсталғаны туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz Elmedia-ға сілтеп.
Ақпарат көзіне сенсек, 49 жастағы Талғат Татубаев бейсенбі күні ұсталып, Алматы қаласына жеткізілген. Ол ұзақ жыл бойы Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде (қаржы полициясы) қызмет атқарған. Әсіресе, Қожамжаровтың тұсында оның мансабы өрлеп, жемқорлықпен күрес агенттігінде департамент басшысы болған. Кейін Президент әкімшілігінде құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі орынбасары қызметін атқарып, 2016-2019 жылдары Ұлттық бюро басшысы лауазымын иеленген.
Қожамжаров бас прокурор болып тұрған тұста Татубаев Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы болып қызмет атқарған. Кейін Әділет министрінің кеңесшісі қызметін 2022 жылдың наурызына дейін жалғастырған.
Elmedia басылымының дереккөзіне сүйенсек, Талғат Татубаевқа "БТА банк" қызметкерлеріне қатысты азаптау тәсілдерін қолданды деген ауыр айып тағылып отыр. Бұл дерек бұрыннан бері құқық қорғаушылар мен адвокаттар тарапынан көтеріліп келе жатқан, банк активтері үшін болған қақтығыс кезеңіндегі ірі істің жалғасы болуы мүмкін. Татубаев осы іс аясында азаптау әрекеттерін ұйымдастырушы немесе қатысушы ретінде тергеліп жатқаны айтылған.
Бұл іс Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық тергеу тобының бақылауында. Сондай-ақ, дереккөздің хабарлауынша, прокуратура мен құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын Қожамжаровтың басқа да жақын серіктері Татубаевты қамаудан босатып алуға әрекеттеніп жатқан көрінеді.
Әзірге Бас прокуратура бұл іске қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Ведомство ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.