Қазақстанның қаржы нарығының өкілдері теңге бағамы бойынша болжамдарын күрт нашарлату тұрғысында қайта қарады. Сарапшылар қыркүйек айының басында 1 АҚШ долларының бағамы 541,7 теңге, ал бір жылдан кейін 573 теңге болады деп есептейді. Ал алдыңғы болжамдан күзде америкалық валюта бағамы 523,4 теңге, 2026 жылы 548,5 теңге болады делінген еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының 2025 жылы тамызда қаржы нарығы өкілдері арасында жүргізген сауалнама нәтижесі осындай болжамды ұсынады.
"Болжам валюта нарығының іргелі факторларға негізделмеген қатты құбылмалылығы, сауда балансының профицитінің төмендеу ықтималдылығы, шетел валютасына деген ішкі сұраныстың өсімі және шикізат нарықтарындағы тұрақсыз баға динамикасы аясында нашарлады", делінген қауымдастық хабарламасында.
Жаңа болжамға сәйкес, сарапшылар тауарлар мен қызметтер бағасы бір жылда 11,3% өсімді көрсетеді деп күтеді. Шілде айында жылдық инфляциялық болжам 10,4%-ды құрады.
"Баға өсімінің жеделдеу қаупі салық жүктемесінің ұлғаюы, бизнес (көлік, логистика, шикізат) шығындарының түпкілікті тұтынушыларға түсуі және теңгенің әлсіреуі нәтижесінде импорттық тауарлардың қымбаттауы аясында орын алады", – дейді ҚҚҚ сарапшылары.
Қауымдастық жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылардың көпшілігі жуырда елімізде базалық мөлшерлеме көтерілмейді және бір жылдан кейін ол 15,25% -ды құрауы мүмкін деген пікірде. Сондай-ақ бір жылдан кейін қазір 67 доллар тұратын Brent мұнайының бір баррелінің құны 66,5 доллар болады деп санайды.
"ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтуымен бір мезгілде АҚШ-тың сауда саясатында орын алған дүдамал жағдай "қара алтын" бағасына түсетін қысымды босатпай ұстап тұр. Украинадағы соғысты реттеу бойынша АҚШ пен Ресей арасындағы диалог прогресі аясында Ресей Федерациясы мұнай тасымалына қатысты алаңдаушылықты төмендетіп, қосымша фактор рөлін атқаруда", делінген хабарламада.
Бұған дейін сайтымызда "AERC сарапшылары теңге бағамына қатысты болжамды нашарлату тұрғысында қайта қарады" деген мақала жарияланған болатын.