Қаржы пирамидаларының қақпанына түсіп қалмаудың қандай амалдары бар?

Dalanews 30 мая 2023 12:13 1462

Қазақстанда жыл сайын бірнеше мың адам пирамидалық схемалардың құрбанына айналады. Олар жылжымайтын мүлкін, соның ішінде пәтерлерін, жерін, көліктерін амалсыз сатуда. Қазақстандықтар «инвестициялық компанияға» инвестиция салу арқылы табыс табуға болатынына шынымен сеніп, түскен қаражатты кепілге қояды. Алайда, біраз уақыттан кейін олар ақшаны да, уәде етілген дивидендтерді де алмағандарын, керісінше, жинағандарын жоғалтқандарын, ештеңе қалмағанын түсінеді. Осы орайда, біз алаяқтардың арбауына түспес үшін қаржылық пирамиданы қалай тануға болатынын зерделеп көрдік.

Алдымен қаржы пирамидасы дегеннің анықтамасын жасап көрсек, барлық қаржылық пирамидалар қауіпті, өйткені белгілі бір уақытта мұндай «инвестициялық компаниялар» күйреуге бейім келеді. Әдетте, кез келген қаржылық пирамиданың схемасын ұйымдастырушылар жоғары пайыздар мен дивидендтерге уәде ете отырып, инвесторлардан ақша алады. Жинақталған қаражат белгілі бір мөлшерге жеткенде төлемдер тоқтатылады, содан кейін, әдетте, ұйымдастырушылар салымшылардың ақшасымен бірге іздерін суытады. Әрине, қаржы пирамидасы құлдырай бастағанға дейін салымшының ақшасын алу мүмкіндігі бар, алайда мұндай ықтималдық аз екенін мойындау керек. Тәжірибеге сүйене отырып, адам тез баюға үміттеніп, пирамидаға қайта-қайта ақша салады және бір сәтте барлық жинақтарынан айырылады деп қорытынды жасауға болады.

Қаржы пирамидаларына қатысты атышулы қылмыстық істерді еске түсіріп көрсек, 2020 жылы пандемия кезінде еліміздің бірнеше облыстарынан, соның ішінде Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан қазақстандықтар Lombard 24 компаниясының алаяқтық әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына жаппай арыз жаза бастады. Инвестицияланған соманың кірісінің 40 пайызына дейін халыққа ай сайын төлеуге уәде берілді. Бұл жағдайдан зардап шеккендер Ақтауда да тіркелген.


Өткен жылдың басында Ақтауда тағы бір «Капитал плюс» қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша екі айыпталушыға үкім шықты. Іс материалдарында «Капитал плюс» ЖШС қызметінен келтірілген шығынның жалпы сомасы үш миллиард теңгеден астам екені анықталған. Екі адам кінәлі деп танылды, олардың әрқайсысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар 35 пайыздық пайдамен ақша және мүлік салуды ұсынған. 600-ден астам адам зардап шеккен деп танылды. Сотталғандар барлық салымшыларға өтемақы төлеуге міндеттелді. Іске қатысы бар тағы бір адам – қаржы пирамидасын құрушы және осы ұйымның штаттан тыс басшысы – халықаралық іздеуде. Тергеу амалдары жалғасуда.

Талдықорғанда Qnet қаржылық пирамидасын құрылып, оны басқарған күдікті де қамауға алынды. Бұл бойынша нақты шығындар әзірге белгісіз. Тергеу амалдарына байланысты әлі жариялана қойған жоқ. Десе де, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың жалғыз басты мақсаты – олар салымшылардың ақшасын алаяқтық жолмен алуды көздейді. Олар эмоциялармен ойнай алады, манипуляция жасай алады, ақыры жеңеді. Олар болашақ құрбандарына не және қалай айту керектігін біледі. Халықтың сенімін арттыру үшін инвесторлармен кездесулер өткізеді. Ойын өзгертіп, әсер ету үшін олар алғашқы айлардағы міндеттемелерін жүйелі түрде орындайды, келісілген уәде етілген пайыздарды, бонустарды төлейді. Бұл ұйымның төлем қабілеттілігін дәлелдеу үшін ғана жасалады. Сондай-ақ олар тек ЖШС ғана емес, салымшылардың өздері үшін де табыс өсуі үшін туыстарын, достарын, таныстарын шақыруға ықпал етеді.

Азаматтарымызды қорғау мақсатында өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық (инвестициялық) пирамидалық схемаларды жарнамалағаны үшін екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу түріндегі жазаны қарастыратын заңға қол қойған болатын.


Ал инвестиция салуды жоспарлап отырған азаматтар не нәрсеге назар аударуы керек? Біріншіден, халық «жеңіл әрі жылдам ақша» деп уәде етілген қылмыстық маркетинг деп аталатын жолға түсіп қалмауы тиіс. Әдетте, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар инвестициядан немесе пассивті кірістен жоғары табысқа «кепілдік береді». Мысалы, олар екінші деңгейлі банктердегі пайыздық мөлшерлемені салыстырып, 35-40 пайыз сыйақыға уәде беріп, өз шарттарын ұсынады. Егер сізге қолайлы болып көрінетін осындай шарттар ұсынылса, бұл мұндай инвестициялардың орындылығына күмәндануға негіз болады.

Тағы бір назар аударатын жайт, азаматтарды еш ойланбастан жылдам инвестициялауға шақырады. Бұл адамдарды ескертуі керек, өйткені біз агрессивті жарнама туралы айтып отырмыз, азаматтарға ойлануға, барлық мәліметтерді нақтылауға уақыт берілмейді. Қаржы пирамидасының тағы бір белгісі - туыстарын, достарын және таныстарын әкелгені үшін бонустар уәде ету, яғни адамдарға клиенттерді тарту және сол арқылы ақша табу жүйесін құру.

Қаржы пирамидасының құрбаны болмай тұрып, қалай қорғану жолдары да қарапайым. Азаматтарды өз жинақтарын инвестициялауға ынталандыратын инвестициялық компанияның беделімен танысып алған жөн. Депозиттерді қабылдауға уәкілетті органның лицензиясын көрсетуді сұрап көріңіз. Бұл жерде айта кететін жайт, егер лицензия болмаса, онда бұл пирамидалық схема болу ықтималдығы жоғары және көпшілік білетіндей, мұндай ұйымдардың тиісті лицензиясыз қызметі заңсыз болып саналады.

Сондай-ақ, ешқандай жағдайда ақшаны несиелік келісімге отырған компанияларға салу ұсынылмайды. Ең соңында компанияның салымшылардың ақшасын қалай қабылдайтынына назар аудару керек. Егер қолма-қол ақша болса, бұл сақ болуға үлкен себеп. Егер ақша әлдеқашан салынған болса және сіз қаржылық пирамидамен айналыстым деп ойласаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуыңыз керек.

Құзырлы орган мамандарының айтуынша, қылмыстық істің ең қиыны – қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдікке ілінгендерді ұстау. Әсіресе, қылмыстық іс бойынша айыпталушылар елден кетіп қалып жатса, тіпті қиын. Сол кезде күдіктілерді экстрадициялау мәселесі туындайды. Жедел бөлімшелер күдіктілерді іздестіруге кіріседі, тергеу кезеңі үзіліп қалады. Экстрадициялау процесі біраз уақыт алуы мүмкін. Күдіктілерді беру туралы келіссөздерді мемлекеттердің уәкілетті органдары жүргізеді.

Ал зардап шеккен салымшыларға келтірілген шығынды өтеуге келсек, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары жәбірленушілерге қылмыстық іс бойынша сотталушыларға, егер олардың кінәсі сотпен дәлелденсе, келтірілген зиян сомасын өндіріп алуға талап қою құқығын береді. Талап-арыз қылмыстық істі қарау барысында немесе сот үкімі шыққаннан кейін берілуі мүмкін. Өндіріп алу мәселесі азаматтық іс жүргізу тәртібімен шешіледі.


Қаржы пирамидасын бір адам басқара алмайтыны анық. Сондықтан, әдетте, қаржылық пирамидаларды жасаушылардың сыбайластары, агенттері, орындаушылары болады, тиісінше «адамдар тобының қылмыс жасауы» бойынша үш жылдан жетіге дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. Егер іс материалдарында қылмыстық топтың болғаны анықталса және аса ірі көлемде зиян келтірілген болса, мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады. Осы жерде айта кететін жайт, төтенше шара – 10 жыл бас бостандығынан айыру – 12 жылға дейін ұлғайтылды.

Жоғарыда атап өткенімдей, соңғы кездері алаяқтықтың жиі кездесетін жағдайлары – онлайн сауда, атап айтқанда, әлеуметтік желілер арқылы, мысалы, Instagram арқылы алдайтындар жиілеген. Таңғажайып арзан заттар мен жарты бағадағы тартымды мәмілелер бейтаныс онлайн сатып алушыларды қызықтыруға арналған. Сонымен қатар, сенгіш азаматтар жазылушылар санын, өнімнің әдемі фотолары мен бейнелерін басшылыққа алады, содан кейін тапсырыс береді, бірақ өнім жоқ. Кейінірек белгілі болғандай, бұл жалған аккаунттың иелері профильдің атын жай ғана өзгертіп, енді шартты түрде көзілдіріктің орнына әйелдер сөмкелерін сатады екен. Бұл әртүрлі интернет сайттарына да қатысты. Сондықтан азаматтарды ықтимал келеңсіздіктерден қорғау үшін сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Мысалы, тауарларға тек сенімді жеткізушілерден тапсырыс беру, олардан нақты тұтынушылардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, толық ақпаратты сұрау аса маңызды.

Көптеген тұрғындар «Зардап шеккен сатып алушы мен жалған сатушы арасындағы ақшаның аударылғанын растайтын үзінді көшірме және хат-хабар полицияға жүгінген кезде заттай дәлел бола алады ма?» деп сұрап жатады. Банк арқылы ақша аударылғаны, әлеуметтік желілердегі жеке хат-хабарлары туралы мәліметтерге – арызданушы ұсынған барлық материалдар қылмыстық іс материалдарына қоса тіркеліп, дәлел ретінде қызмет етуі тиіс. Жоғалған ақшаны қайтару үшін дереу арыз жазу арқылы полицияға хабарласу маңызды. Өтініш берушінің жедел әрекет етуі полицияға алаяқтыққа күдік туғызғандарды іздеу бойынша жедел іс-шараларды бастауға мүмкіндік береді.

Жалпы, еліміздегі алаяқтық фактілерін барынша азайтуға қатысты қосымша шаралар аз қолданылып жатқан жоқ. Адал азаматтардың ақшасын заңсыз алу үшін алдау әдістерінің жылдан-жылға өнертапқыштыққа айналып бара жатқанын да мойындаған жөн. Адамдардың қаржылық сауаттылығы төмен болғандықтан, көліктерін, пәтерлерін «инвестициялық компанияларда» ломбардқа қояды. Төмен қаржылық сауаттылық пен оңай және жылдам пайдаға ұмтылу - бұл адамдарға қылмыстық контингент құрылымдарына жол ашатын комбинация. Сондықтан мектептерде қаржылық сауаттылыққа үйрететін пән болғаны жөн.

Осылайша, балаларға мектеп партасынан экономиканың қалай жұмыс істейтінін білуге ғана емес, оның болашақ күнделікті өміріне қажет негізгі нәрселерге бағытталған білім беріледі. Бәлкім, осы тағылымдардың арқасында өскелең ұрпақ тегін ірімшік тек тышқанның торында болатынын түсінетін шығар.

 

Рекомендовать
Последние новости