Қаржы пирамидалары құрыққа көптеп ілінсе де, айылын жияр емес...

Dalanews 26 мая 2023 02:47 1107

Қазақстанның аумағында қаржы пирамидалары әлі де болса айылдарын жияр емес. Құқық қорғау органдары тарапынан алаяқтармен күрес аяусыз жүргізіліп жатыр. Десе де, қалың бұқараны қан қақсатқандардың қатары сиреген жоқ. Осы орайда, біз соңғы айларда ғана құрықталған қаржы пирамидалары туралы аз-кем айта кеткенді жөн көрдік...

Маусымның ортасында ғана Ақтөбеде қаржы пирамидасы ісі бойынша 30-дан астам сотталушы аштық жариялады. Бұл іс бойынша барлығы 48 адам сотталған болатын. Олар 7 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Алайда, сотталғандар бұл үкімді тым ауыр деп санайды. Сондықтан да Ақтөбедегі «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасының ісі бойынша тергеу изоляторында отырғандар сот үкімімен келіспегендерін білдіріп, аштық жариялады.

Сотталғандар бірнеше күн бойы тамақтан бас тартты. Тергеу изоляторына жиналған олардың туыстары бұл қадамға сот шешімін тым қатал деп санап, наразылық ретінде барғандарын жеткізді.

«Менің күйеуім Нұржан Елеуов 11 жылға сотталды, оның кінәсі дәлелденбеді, кінәлі болса аштан жарияламас еді, олар бізді арсыздықпен ақша жинады деп айыптап отыр. Бірақ біз ақша алған жоқпыз. Біз жалдамалы жұмысшылар едік, ал құрылтайшылар қазір Кипрде, тайраңдап жүр, олар ұсталған жоқ», – дейді сотталушылардың бірінің әйелі Дина Елеуова.


Тергеу изоляторы 33 сотталушының аштық жариялағанын мәлімдеген еді.

«Бүгін олардың төртеуі тамақтануды жалғастырды, қалған 29 сотталушы медицина қызметкерлерінің бақылауында, ал әкімшіліктің ұстау жағдайына шағымдары жоқ. Менің ойымша, бүгін немесе ертең қалғандары тамақтануды жалғастырады, мәселе. шешіледі», - деп түсіндірді Ақтөбе облысы бойынша түзеу мекемесінің №70 мекемесінің басшысы Аман Құлмұхамбетов.

Ақтөбеде қаржылық пирамидаларға қатысты атышулы іс бойыншак келтірілген шығынның жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асып жығылады. Одан еліміздің 13 облыс орталығы мен екі қаласынан 17 мыңнан астам адам зардап шеккен деп танылды.

Мамырдың соңын ала Жетісу өңірі тұрғындарыың әйгілі Q-net қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға 220 миллион теңгеден астам қаражат беріп қойғаны әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері қаржы пирамидасын басқарған күдіктіні ұстады. Бүгінде құзырлы орган Талдықорғанда Q-net қаржы пирамидасын құру ісіне қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

2018-2020 жылдар аралығында бұл қаржы пирамидасының қызметі дүркіреп тұрғаны есімізден шыға қойған жоқ. Тіпті, біздің әріптестеріміздің – журналистердің біразы осы ұйымның құрығына ілініп үлгерген. Қазіргі кезде пирамидаға 231 азамат алданды деген дерек бар. Қалалықтар пирамидаға жалпы сомасы 220 миллион теңгеден астам жеке қаражаттарын салып үлгерген.


Сот қаржылық пирамиданы басқарған күдіктіні уақытша қамауға алды. Біздің білуімізше, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі жарияламады.

Өткен айдың соңында ғой, Алматыда Hit beat music қаржы пирамидасын ұйымдастырушының таныстырылымы кезінде полиция салтанатты шараның «шырқын» бұзғаны. Бұл ұйым азаматтарды «канадалық музыкалық жобаларға инвестициялауға» шақырған. Алматыда полицейлер Hit beat music қаржылық пирамидасын ұйымдастырып, оның жарнамалық таныстырылымын жасамақ болғандарды ұстады.

«Hit Beat Music (HBM Group) инвестиция саласындағы ақпараттық-аналитикалық компания ретінде жасырынып, заңсыз әрекеттермен айналысқан. Азаматтарға тұрақты сыйақыға «кепілдікпен» канадалық музыкалық жобаларға инвестиция салу ұсынған. Сонымен бірге, компания Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген, өкілдігі, филиалы және ашық банк шоты да жоқ болып шықты», - деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

2300-ден астам салымшы инвестицияны чексіз қолма-қол табыстап үлгеріпті алаяқтарға. Ал күдікті екі айға қамауға алынды. Hit beat music қызметіне тап болғандардан Қаржы мониторингі агенттігінің 1458, +7 (771) 44-44-570 байланыс орталығына хабарласуын сұрайды. Бұл іс бойынша тексеру шаралары әлі жалғасып жатыр.

Жуық арада криптовалюта пирамидасын жасаушылар Жезқазған тұрғындарынан 124 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырып кеткені белгілі болды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 600-ден астам адам инвестор атанған.

«Жоба MetaGo деп аталады, инвесторларға криптовалютаға инвестиция салу ұсынылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұйымдастырушылар 124 миллион теңгеден астам қаражат жинаған», - деп жазды құзырлы органнан.

Пирамиданы жасаған деп Жезқазған, Алматы және Астана қалаларының төрт тұрғыны күдікке ілінген. Бүгінде тергеу жүріп жатыр.

Ал қазақстандықтар Hermes қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға 120 миллион теңгеден астам ақша беріпті. Күдікті қамауға алынды. Батыс Қазақстан облысында «Life is good» және «Гермес» жобалары үшін қаржылық пирамиданы ұйымдастырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаржылық мониторинг агенттігі аумақтық департаментінің мәліметінше, «Hermes management LTD» ЖШС Life is good холдингінің құрамына кіреді.


«Ұйымдастырушылар алданған азаматтарға 24 пайыздан 54 пайызға дейін пайда табуға уәде берген. Қазақстандықтар алаяқтардың қолына 120 млн теңгеден астам ақша ұстатқан», - деп атап өтті ҚМА өкілдері.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, екі айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Міне, осы секілді жыл басынан бері Қазақстанда 22 қаржы пирамидасы әшкере болыпты. Қаржылық мониторинг агенттігі сот шешімімен дәлелденген және мойындалған пирамидалық схемалардың жаңартылған тізімін жариялады.

Сотқа дейінгі тергеудегі қаржылық пирамида жобаларының тізімі мынадай: Квазар, Чиа Тай Тиахинг, Chia Tai Tianqinq фармацевтикалық тобы, Qnet, Инкруиз, QazHome, Life is good LTD холдингінің құрамына кіретін Hermes management LTD, ПК «Best way».

Ал қаржы пирамидасы ретінде танылып, тыйым салынған ұйымдар қатары төмендегідей: LCD Otau Kz, Салтанат, World Business Consulting, «Upgrade-AS» ЖШС, ДК «UBW.kz», «Antares Trade», «Antares Limited», Innova Gold, «IG Group KZ» ЖШС, Ұлы мұнара, B2B Jewerty, «Отбасылық капитал» ЖШС, Үздік жол инвестициясы, TheFiniko, «Финстатус» ЖШС, «ProfitGroup» ЖШС, «АЙБА-Жаня» ЖШС.

Тергеу аяқталған болжамды қаржылық пирамидалар (сот қарауында): World Business Consulting, ДК «UBW.kz», «Антарес Лимитед», «Антерес Трейд», Innova Gold, LCD-Otau Kz.

Сот үкімі шыққан пирамидалық жүйелердің тізімі: Бірегей қаржы, B2B зергерлік, Каспий кокк, World Business Consulting, Финико, Инвестициялық консалтингтік агенттік, Eden life, MMK Investment, «Шаңырақ+» («Best Road Investment» ЖШС), River Coins Limited, «Ақша ағыны», «Ұлы болашақ», «Нұр-Жиһаз», «Көшбасшы капитал 168», «Нарымбетова», «Ата-мекен 2021» ДК, «Айналым 30%», «3 күнде 30%», «Асыл инвест», GAP ДК, «Табыс», «Қазандық», «Раушан кассасы», «4 kn 70%, 5 kn 70%», «Bay Life», «Брондау», «Bay Life checks», «Айналым», «Vip чат», Qnet, Hermes management LTD

Жауапты мекеменің мәліметінше, жыл басынан бері 52 000 әлеуметтік желі қолданушысы қаржылық пирамидаларға қатысты мазмұнға жазылудан бас тартқан.

«Биылдыққа 22 қаржылық пирамида анықталды, киберқадағалау жүйесінде 4000-ға жуық сайттар мен аккаунттар бұғатталды. Осы бағыттағы шаруалар бұдан былай да жалғаса беретін болады. Азаматтардан күмәнді қаржы көздеріне ақша аударуда сақ болуды сұраймыз», - деп жазды Қаржылық мониторинг агенттігінен.

 

Рекомендовать
Последние новости