Шерзат Болат ісі бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан сотта сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазанның үшінен төртіне қараған түні Талғар қаласында орналасқан Эйфория кафесінде өзімнің таныстарым Ілияс, Нұрқияс, Шынасыл, Абзал, Равил, Шыңғыс және өзімнің бауырым Тоқтаубаев Азамат және өзіммен бірге ертіп алған Думан Ысқақ отырдық. Сонымен қатар бұрын-соңды көрмеген таныс емес екі қыз отырды. Сол уақытта, яғни 23:30-да менің телефоныма Дархан Әскентай атты танысым телефон шалып, Талғар қаласы Менделеев көшесінде орналасқан "Қамажай" дүкеніне келуімді өтінді. Мен өзім бір бөтелке сыра ішіп алғандықтан, Думан Ысқаққа рөлге отыр деп өтініш жасадым. Сөйтіп Қамажай дүкеніне бардық", - деді ол.
Сот оған "не үшін келуін сұрады?" деп сұрақ қойды.
"Мені біреу ұрып кетті деді", - деп жауап қатты сотталушы.
Сот "ал сіз не үшін қажет болдыңыз?" деп сұрады.
"Иә, ұрып кетті. Мені алып кетші деді. Даусы қобалжып шықты. Көмек керек екені сезіліп тұрды. Сөйтіп бардым. Дархан Әскентай дүкеннің сыртында тұрды. Бетінен қан ағып тұрды. Осы сәтте Дарханнан сұрадым "сен не істеп қойдың?" деп. Ол "дүкендегі сатушының баласы ұрып тастады" деп қысқаша жауап берді. Мен мән-жайды толық білу үшін "Қамажай" дүкеніне кіріп, Қаржаубайдың өзінен сұрадым. Сонымен ол әсенің досың шот төлемеді" деді. "Мен ұрдым, сосын балам ұрды" деді. Сосын жарайды шот төлемесе, мен төлейін дедім. "Қанша теңге төлемеді?" деп сұрадым. Ол мың теңге екенін айтты. Мен артығымен 1500 теңге төледім", - деді ол.
Сотталушының қорғаушысы "мына жерде жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов сізге қандай шот төлеу керек екенін айтты ма?" деп сұрады.
"Иә, айтты. Сол жерде каспи голды жазылып тұрды. 1500 теңге төледім. Бірақ менің келгеніме қарсы болды. Пышақ ұстады, бізге атылды. Сонымен мен досым үшін кешірім сұрап, гольф көлігммен Дархан Әскентай, Думан Ысқақ үшеуміз кетіп қалдық. Жолда Дархан Әскентай маған ақталып, өзінің телефонынан түбіртекті көрсетіп, төлегенін айтты. Қағаз ақша мың теңге тағы бердім деді. Мен дүкенге қайтадан айналып баруға шешім қабылдадым. Артық төлеген ақшамды қайтарып алу үшін және Дархан Әскентайдың шотты төлегенін растағым келді. Қайтадан барған кезде Қаржаубай агрессивті түрде пышақ алып оқталды. Біздің айналып келгенімізге қарсы болды. "Менімен шық" деді, "менімен шықпасаң, баламмен шық" деп айтты. Тағы да пышақ тақады. Мен 1996 жылғымын. Бұрын-соңды сотталмағанмын, мәселені ушықтырмай шешіп алып, кету керек едік", - дейді ол.
Тоқтаубаев сол сәтте Нұрғанат Ғайыпбаевтың әлдебіреулерге қоңырау шалып жатқанын көрген.
"Қаржаубай "мен сені өлтіремін" деп пышақпен оқталды, мен абдырап қалдым. Кейін жанымызға 6-7 шақты бойшаң балалар келді. Мен бауырыма хабарласып, кейін төбелес басталып кетті", - дейді ол.