Қапшағай жағасында зоопарк салынуы тиіс болған жер жекеменшікте қалды

Көркем Алдабергенова 31 июл. 2025 15:45

Алматы облыстық соты Қонаев қаласының соты шығарған шешімді жойып, Қапшағай су қоймасы жағасындағы 150 гектар жер телімін бұрынғыдай жекеменшік қолда қалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған жер учаскесі 18 жыл бұрын жекеге өткен. Бастапқыда бұл аумақта зоопарк пен тұрғын үй кешені салынуы тиіс болған. Кейін бұл аумақ бірнеше рет бөлініп, әртүрлі меншік иелеріне өтіп кеткен.

Orda.kz мәліметінше, 2024 жылғы 28 мамырда Қонаев қалалық соты жер теліміне қатысты сатып алу-сату және сыйға тарту келісімдерін жарамсыз деп таныған болатын. Алайда бұл шешімге апелляциялық шағым дайындалған.

31 шілдеде Алматы облыстық сотында апелляциялық отырыс өтті. Жауапкерлердің бірінің айтуынша, облыстық сот қалалық соттың шешімін толығымен жойған. Сондай-ақ «Орда» дереккөздерінің хабарлауынша, сот бірінші инстанцияда процестік нормалардың бұзылғанын атап көрсеткен.

Айта кетейік, осы зоопарк салынуы тиіс болған аумақтың бір бөлігінде қазіргі таңда балалар орталығы орналасқан. Онда Бағанашылдағы балалар үйінен тәрбиеленушілерді көшіру жоспарланған еді.


Рекомендовать
Последние новости