Путиннің келесі жоспары: Украинадан тыс аймақтарда шиеленіс қаупі қайта күшейе ме?

Ришат Асқарбекұлы 04 нояб. 2025 16:00

Соңғы апталарда Ресейдің әскери белсенділігі Еуропада ғана емес, Орталық Азия мен Кавказ өңірінде де күшейіп келеді. Сарапшылар Мәскеудің Украинадағы соғыстан кейінгі жаңа стратегиясы — “жасырын ықпал мен ақпараттық соғыс” кезеңіне өткенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz "Washington Post"-қа сілтеме жасап.

НАТО кеңістігіндегі провокациялар

Соңғы уақытта Ресейдің әскери ұшақтары НАТО мен Еуропалық одақ елдерінің әуе кеңістігіне жиі кіріп, Брюссель бұл әрекеттерді “отпен ойнау” деп бағалады.

Бұл жағдай Украина шекарасынан тыс аймақтарда жаңа геосаяси шиеленіс ошақтарының пайда болу қаупін күшейтіп отыр.

Назар негізінен Балтық елдеріне ауып жатқанда, Мәскеу өз шекарасына жақын өңірлерде, мысалы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда ақпараттық соғыстарды жандандырып жатыр.

Украинадан кейінгі жаңа тактика

2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің беделі айтарлықтай төмендеді.

Финляндия НАТО-ға қосылды, Молдова гибридтік шабуылдарға дайындала бастады, ал Польша шығыс шекарасын нығайтты деуге болады.

Бірақ жаулап алынған аумақтарды ұстап тұру Мәскеуге тым қымбатқа түсіп отыр. Сондықтан Кремль енді тікелей соғыс емес, “жасырын ықпал ету, дезинформация тарату және тұрақсыздық тудыру” тактикасына қайта оралды, дейді сарапшылар.

Молдова — Ресейдің жаңа «сынақ алаңы»

Молдова президенті Майя Санду Мәскеуді елдің ішкі саясатына араласуға жүздеген миллион еуро жұмсады деп айыптады.

Сол сияқты Ресейдің Чехия мен Румыниядағы сайлау процестеріне де ықпал етуге тырысқаны айтылып жүр. Қазір осындай гибридтік ықпал белгілері Қазақстан мен Арменияда байқала бастаған деген болжамдар айтыла бастады.

Мәскеудің уайымы - Орталық Азия мен Кавказ

Бұл екі аймақ бұрыннан Ресейдің ықпалындағы кеңістік саналғанымен, Украинадағы соғыс басталғалы Қазақстан мен Армения Мәскеуден біртіндеп алыстай бастады. Айталық, 2024 жылы премьер-министр Михаил Мишустин ұсынған құпия баяндамада “Ресейдің Орталық Азия мен Кавказдағы позициясы әлсіреп барады” деген қорытынды жасалған.

Бұл Кремль үшін әлбетте дабыл қағуға негіз болатыны сөзсіз.

Геосаяси мүдде мен ресурстық есептер

АҚШ үшін де бұл аймақтың маңызы артып келеді. Сирек кездесетін металдардың әлемдік қорының елеулі бөлігі Қазақстан мен Орталық Азияда шоғырланған. Бүгінде АҚШ импортының 70%-ы Қытайға тәуелді, ал Қазақстан — әлем бойынша сирек металдар қоры жөнінен үшінші орында деген ақпарат айтылады. Сонымен қатар, аймақ Азия мен Еуропаны байланыстыратын “дәліздің” негізгі бөлігі, ол Ресей мен Иранды айналып өтетін маңызды көлік-логистикалық бағыт екені де рас.

Тұрақсыздық тудыратын әрекеттер қандай?

Соңғы уақытта Мәскеудің осы өңірлерде деструктивті белсенділігі жиілеген. Қазақстанда ресейлік агенттер елдің солтүстігінде (орыс тілді өңірлерде) тәртіпсіздік ұйымдастыруға тырысқаны туралы хабар тарады, деп жазады батыстық БАҚ. Ал Арменияда билік Кремльге жақын кәсіпкерді мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген күдікпен ұстады.

Армян шіркеуіне Ресей барлау қызметімен байланысы бар деген айыптаулар айтылып қалды. Бұл Украинадағы сценарийдің айна-қатесіз қайталануына негіз бола ма? Ал орыс тілді аймақтардағы наразылықты қоздыру, Кремльге адал тұлғаларды қаржыландыру, дін институттарын пайдалану деректері ше?

Қазақстан — басты назарда

Қазақстан — Ресеймен ең ұзын құрлықтық шекарасы бар ел және мұнда ең ірі орыс диаспорасы тұрады. Кей ресейлік саясаткерлер мен БАҚ Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіруді бұрыннан айтып жүр. Путиннің әлгі бір айтқан сөзін де ұмытуға болмайды. Ол “Қазақстанда ешқашан мемлекеттік болмаған”,- деді емес пе? Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық билікті жиі русофобия үшін айыптап, этникалық орыстарды “қорғау” қажеттігін алға тартады. Бұл — Мәскеудің Қырым мен Донбаста қолданған сылтауының тура көшірмесі деуге де келеді.

Қорыта айтқанда кейбір саясаттанушылар Ресей Украинадағы сәтсіздігін Орталық Азия мен Кавказда ақпараттық және саяси ықпалмен өтеуге тырысып отыр.Бұл өңірлерде тұрақтылықтың шайқалуы келесі жылдары жаңа геосаяси текетірестің негізгі алаңына айналуы мүмкін, дейді. Бұл пікірлерді басылымға АҚШ әскери-теңіз күштері министрінің экс-орынбасары Сет Кропси мен Turan зерттеу орталығының директоры Жөзеф Епштейн айтып берген.


Рекомендовать
Последние новости