Прокуратура Шешенстанда өміріне қауіп төніп тұрған белсендіге қатысты түсініктеме берді

Көркем Алдабергенова 04 июл. 2025 10:01

Қазақстанның Бас прокуратурасы Шешенстандық белсенді Мансур Мовлаевқа қатысты жағдайға түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Ресей азаматы Мансур Мовлаев 2025 жылғы 13 мамырда Алматыда ұсталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"М. Мовлаев РФ Шешенстан Республикасы Шалин ауданы полициясы жариялаған халықаралық іздеу негізінде ұсталды. Оған РФ Қылмыстық кодексінің 163-бабының 1-бөлігі және 163-баптың 2-бөлігі "г" тармағы бойынша (екі эпизод бойынша бопсалау) қылмыс жасады деген айып тағылған", – деп хабарлады Бас прокуратура Tengrinews.kz-ке берген жауабында.

16 мамырда Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты Мовлаевқа қатысты 40 тәулікке уақытша қамауға алу санкциясын шығарған.

Мансур Мовлаев Қазақстан билігінен баспана сұраған. Бас прокуратураның мәліметінше, оның өтініші қаралып жатқан кезде экстрадиция жасалмайды.

"Босқындар туралы" ҚР Заңына сәйкес, баспана іздеуші тұлғалар босқын мәртебесін беру туралы өтініш қарау рәсімі аяқталғанға дейін, сондай-ақ шағымдану мерзімі ішінде Қазақстан аумағында болуға құқылы. Мовлаев М. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына босқын мәртебесін беру туралы өтініш білдірді. Осы орган 2025 жылғы 21 мамырда оған баспана іздеуші тұлға куәлігін берген. Сондықтан экстрадиция мәселесі бұл өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін ғана қаралуы мүмкін", – деді қадағалаушы орган.

Мансур Мовлаев 1995 жылғы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Белгілі болғандай, ол өз елінде оппозициялық қозғалысқа қатысып, Шешенстандағы қуғын-сүргін мен із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметтер жинаған. Бұған дейін Мовлаев есірткіге байланысты қолдан жасалған іс бойынша екі жыл түрмеде отырғанын мәлімдеген. Кейін ол Қырғызстанға қашып, содан кейін Қазақстанға өткен.

Адвокаттарының айтуынша, Мовлаев Шешенстан түрмесінде азаптауға ұшыраған. Осыны анықтау үшін олар Стамбұл хаттамасына сәйкес, психолог маманды тартқан.

"2022 жылы қорғауымыздағы азаматқа азаптау қолданылған. Әрине, бізде бұл жағдайдың болғанын растайтын нақты дәлелдер жоқ. Мансур солай дейді – біз, адвокаттар, оған сенеміз. Бірақ лицензияланған психолог маман оны қарап, бұл жағдайдың шын болған-болмағанын анықтап көрсе дейміз. Бұл азаптауға қатысты әдеттегі жұмыс. Мұндай дәлелдерге бағаны сот береді. Біздің мақсат – осы зерттеуді алу. Себебі бұл материалды Мовлаевқа босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылданатын комиссияда және халықаралық органдарға жүгінуде пайдаланғымыз келеді", – деді адвокат Рена Керимова.

Алайда маманға Алматы уақытша ұстау изоляторында Мовлаевпен кездесу мүмкіндігі берілмеген.


Рекомендовать
Последние новости